Басты жаңалықтарЭкономика

Мәртөкте мақтанатын іс көп!

Өткен сенбіде облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарыман Мәртөк ауданына барды. Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен  танысып, індеттің алдын алуға бағытталған жұмыстарды бақылады. 

Сарыжарда өрт сөндіру бекеті ашылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің ауданға жасаған сапары Сарыжар ауылынан басталды. Аймақ басшысы мұнда  жаңа типтегі өрт сөндіру бекетінің ашылу рәсіміне қатысты. Азаматтық қорғау органдарының  25 жылдығына арналған шараға  облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов,  облыстық төтенше жағдайлар департаментінің  бастығы,  азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов, сондай-ақ  құтқару қызметінің өкілдері де қатысты. Іргетасы 1987 жылы салынған нысан биыл күрделі жөндеуден өтіп, өрт сөндіру бекеті ретінде пайдалануға беріліп отыр. Облыс әкімі авариялық-құтқару техникаларымен танысып, бекет ғимаратын аралады.

Жанкешті еңбектеріңіз бен борышқа адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіремін. Азаматтық қорғау органдары шешетін міндеттердің маңыздылығына ешкім шек келтіре алмайды. Ауа райының қандай жағдайы болмасын,  аптап ыстық пен қытымыр аязда, өрттен де, судан да, табиғи апат немесе адам қолымен жасалған тілсіз жаулардан арашалауға  біздің құтқарушылар әрқашан дайын.  Биыл облыста 2900-ге жуық авариялық-құтқару жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 2000-ға жуық адам құтқарылған, 100-ден аса адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген, — деген Оңдасын Оразалин құттықтау сөзінде өрт сөндіру бекеттерінің маңыздылығына тоқтала келе, жергілікті атқарушы органдардың алдағы уақытта да Ақтөбе құтқарушылар гарнизонының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсететінін айтты.

Салтанатты шарада құтқару  қызметі саласындағы 7 азамат облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алды. Сондай-ақ төтенше жағдайға қарсы бірқатар құрылымдар үшін  техникалық автокөліктердің кілттері табысталды.

Жаңа өрт сөндіру бекетінің жеке құрамы 23 адамнан тұрады. Бекет 4 автокөлік, 6 қосалқы техникамен  жабдықталған.

Жаңа типтегі өрт сөндіру бекеті 5 мыңнан астам халқы бар Сарыжар ауылдық округін және оған жақын орналасқан елді мекендерді өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, жаңа бекет өрт сөндіру бөлімшелерінің жеделдігі мен ұтқырлығын арттыруға және материалдық залал мен адам шығынын қысқартуға айтарлықтай мүмкіндік береді.

Биыл Ақтөбе қаласында 3 модульдік өрт сөндіру депосының, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 4 техникаға арналған өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталды. Сол сияқты ағымдағы жылы  Қобда, Мұғалжар аудандарында екі техникаға арналған өрт сөндіру деполарының құрылысы басталып, келер жылы аяқталмақ. Биыл өрт сөндіру қызметі 5 тонналық 3 және 8 тонналық 2 арнайы техникамен толықты. Мұның барлығы — облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан шаруалар. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 32 метрлік баспалдақ пен автобус сияқты өзге де техникалар сатып алынды, — деді департамент басшысы.

«Eco Oil» — халықаралық стандарттағы сервистік кешен

Содан соң  облыс әкімі Сарыжар ауылы маңындағы «Eco Oil» сервистік кешенінің жұмысымен танысты. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойында орналасқан бұл жобаның жалпы құны — 400 млн теңге. Биыл қазанда іске қосылған сервистік кешен жеке кәсіпкердің қаражатына салынған.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында «Eco Oil» брендтік атауымен үшінші сервистік кешен бой көтерді. Олардың барлығы халықаралық маңыздағы тасжолдардың бойында орналасқан.

«СтройРеалИнвест» ЖШС директоры Азамат Кубиевтің айтуынша, «Eco Oil» жанар-жағармай құю бекетінің құрылысы биыл наурызда басталған.

Өздеріңіз білесіздер, сол тұста әлемді жайлаған індетке байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланып, бизнес субъектілері өз жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Әрине, осындай қиын-қыстау кезеңде біз штатты қысқартпастан, жанар-жағармай құю бекетінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі күні біз жол бойындағы сервистік кешеннің алғашқы кезеңіндегі құрылыс жұмыстарын аяқтадық. Жанар-жағармай құю бекетінде 6 колонка бар. Оның үшеуі жүк көліктеріне арналған. Сол сияқты көліктерге газ толтыратын бір бөшке орнатылды. Стансаның  өткізу қабілеті жоғары, яғни бір колонкада минутына 80 литр жағармай құйылады. Кешеннің екінші кезеңінде жүк көліктері үшін автотұрақ салынбақ. Ал үшінші кезеңде 60 орындық қонақүй құрылысы басталады. Біз бұл сервистік кешенді халықаралық талапқа сай,  «А» стандарты негізінде салуды жоспарладық, — деді ол.

Сол сияқты сервистік кешенде шағын маркет пен екі жуыну кабинасы, жолаушылардың тамақтануы үшін 30 адамға арналған кафе қарастырылған.

Бүгінгі күні мұнда 23 адам жұмыс жасайды. Оның 99 пайызы — Мәртөк ауданының, әсіресе, Сарыжар ауылының тұрғындары.

Оңдасын Оразалин сервистік кешеннің жұмысымен танысқаннан соң:

Ақтөбе өңірінің транзиттік әлеуеті өте жоғары. Өзіміздің отандық болмаса шетелдік тасымалдаушыларға сапалы қызмет көрсету — сіздердің басты міндеттеріңіз. Бизнесті жүргізіп, табыс табумен қатар, мұнда жергілікті тұрғындар үшін  жаңа жұмыс орындары ашылды. Жергілікті атқарушы орган бизнесті қолдауға міндетті. Заманауи талапқа сай әрі сапалы қызмет көрсететін мұндай орталықтар көбейген сайын бәсекелестік те артады, — деп, жаңа кешеннің жұмысына сәттілік тіледі.

Мәртөктің арзан қияры

Сапар барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Сарыжар ауылдық округінде  қияр, қызанақ  егумен айналысатын жылыжай кешенінің жұмысымен де танысты. «Анесов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы алғашында бақша өнімдерін ашық алаңға еккен. Кәсіпкер  биыл маусымда  1 гектар  аумақты қоршап, жылыжай кешенін салыпты. Жоба құны — 40 млн теңге. Алғашқы көшеттер тамызда егілген.  Жылыжай өнімдері тамшылатып суару әдісімен өсіріледі.  Қазір мұнда күнара 1,5 тонна өнім жиналып, Ақтөбе қаласындағы сауда орындарына жеткізілуде. Кешенде 10 адам тұрақты жұмыс жасайды. Олар — Сарыжар ауылының тұрғындары. Кәсіпкер алдағы уақытта егістік көлемін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін  әр ауданда жылыжай кешені мен ет, сүт өңдейтін орталықтар ашу туралы тапсырма берілген болатын. Қазір халық жергілікті тауарды тұтынып, сапалы әрі арзан өнімге қол жеткізіп отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халық еңбек етіп жатыр. Бұл орайда Мәртөк ауданы берілген тапсырманы орындады деп есептейік. Жалпы Ақтөбе қаласының айналасында және аудан орталықтарында осындай жылыжайлардың көп болғаны өзімізге тиімді. Бұл — азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін өте керек нәрсе. Егер жергілікті жерлерде осындай кешендерді көбейтсек, өнімді көршілес облыстарға өткізудің мүмкіндігі де болады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, әрмен қарай жалғастыруымыз керек. Осы мәселені қарастырғандарың жөн, — деді облыс әкімі өзінің орынбасары Аманғали Бердалинге.

Сарыжар ауылында Оңдасын Оразалин «Жұмыспен қамту жол картасы»  бағдарламасы аясында жүзеге асырылған ауылішілік  Әйтеке би, Жаңақоныс көшелеріне жүргізілген  орташа жөндеу жұмыстарын  да бақылады. Жоба  құны  — 113,4  млн теңге.  Жол құрылысы жұмыстары биыл сәуір айында басталып,  тамызда аяқталыпты. Келер жылы Сарыжарда ауылішілік 8 көшені жөндеу жоспарда тұр.

Сарыжар сияқты болашағы бар әрі жол бойында орналасқан осындай ауылдардың инфрақұрылымын қалаға сәйкес етіп жасауымыз керек. Ең бастысы, жол сапасына ерекше мән берілуі керек. Жол сапасына баға беретін — халық. Байқауымша, ауыл едәуір өскен. Біз бұған қуануымыз керек, екінші жағынан, дайын болуымыз қажет. Өйткені ауылдың көлемі ұлғайғасын, бала саны да өседі. Сол себепті Сарыжарға екі-үш жылдан кейін жаңа мектеп салуға тура келеді. Сондықтан мектепті жобалау жұмыстарын бастай беріңдер, — деп, Оңдасын Оразалин Мәртөк ауданының әкімі Ермек Кенжеханұлына тапсырма берді.

Шекара: жолаушылардың 60 пайызында анықтама болады

Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімі «Жайсаң» шекара бекетінде болды. Ол мұнда коронавирус инфекциясының алдын алу әрі індеттің таралуын болдырмау мақсатында азаматтарды шекарадан өткізу кезіндегі санитарлық талаптардың сақталуы бойынша қабылданған шараларды бақылады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің  бастығы, полковник Әлімжан Бакиев облыс әкіміне жағдайдың тұрақтылығын  баяндады. Бекетте 5 бөлмелі арнайы изолятор ашылған. Онда шекарадан өткен азаматтар тексеріледі. Бүгінгі күні медицина, полиция қызметкерлері үздіксіз қызмет атқаруда. Айта кетсек, елімізде 6 қазаннан бастап шекарадан қолдарында ПТР (полимеразды тізбекті реакция)  тест қорытындысының анықтамасы бар  азаматтардың  өтуіне ғана рұқсат етілді. «Егер шекарадан өтетін азаматтардың қолында мұндай анықтама болмаса, онда қолхат арқылы сауалнама толтырылып, олар  карантиндік орталыққа жіберіледі. Бұл орайда жолаушылар күндіз Аққағаз Досжанова атындағы жатақханаға, ал түнде Жайсаң елді мекеніндегі колледж  жатақханасында ұйымдастырылған карантиндік орталыққа жайғастырылады. Алайда қазір жолаушылардың көпшілігі бұл жайдан хабардар», — деді облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева.

Мамандардың айтуынша, «Жайсаң» шекара бекетінен күніне шамамен 40 адам карантиндік орталыққа жіберіледі.  Ал Ресей азаматтарының қолында ПТР-тест қорытындысы болмаса, олар кері қайтарылады. «Қаулыға сәйкес транзиттік тасымалдаушылардың қолында анықтамасы болмаса да шекарадан өткізіледі. Алайда оларды белгілеп, ПТР-тест алынады. Егер тест қорытындысы оң мәнді болса, елдеріне хабар беріліп, науқас стационарлық ем қабылдайды», — деді санитар мамандар.

Бүгінгі күні «Жайсаң» шекара бекетінде санитарлық карантиндік пункт жасақталған. «Қазіргі күні біздің мамандар шекара бекетінде жерлестерімізді тексеріп жатыр. Олардан сауалнама алынып, қолдарына нұсқама беріледі. Егер Ресейден Қазақстан аумағына өткен жерлестеріміздің қолында ПТР-тест қорытындысы туралы анықтама болмаса, олар екі тәулікке карантиндік орталыққа жатқызылады», — деген Нұрсұлу Беркімбаева бүгінгі таңда шекарадан өтіп жатқан жолаушылардың 60 пайызының қолында тест қорытындысы туралы анықтама болатынын айтты.  Белгілі болғандай, бүгінгі күні тәулігіне 8 мың адамға дейін және 2 мыңға жуық  автомобиль «Жайсаң» шекара бекетінен өтеді.

Сапар аясында Оңдасын Оразалин Жайсаң ауылындағы  көпсалалы колледж жатақханасында жасалған індетке қарсы 100 орындық стационарлық карантин орталығының ішін аралап көріп, ауылдағы дәрігерлік амбулатория құрылысымен, сондай-ақ Жайсаң арнайы білім беру мекемесінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. 150 балаға арналған білім ордасында  күрделі жөндеу жұмыстары биыл мамырда басталған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша  бұл жұмыстарға 120  млн теңге  қарастырылған. Аймақ басшысы ғимарат ішін аралап, құрылыс сапасын жоғары бағалады. Қазіргі таңда мұнда 93 бала тәрбиеленуде. Жергілікті 30 азамат жұмыспен қамтылған. Биыл бұл мекемеге «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бір маман жұмысқа орналасыпты.

«Мейірімді жүрек» — дәрігерлерге құрмет

Мәртөк ауданы орталығында дәрігерлерге арналған «Мейірімді жүрек»  құрмет тақтайшасы ашылды. Бұл жоба белгілі кәсіпкер, Мәртөк ауданының құрметтік азаматы Зұлқожа Қожаевтың демеушілігімен іске асырылған. Оңдасын Оразалин  ескерткіш орнатылған аллеяда аудан дәрігерлерімен кездесіп, сын сағатта жан аямай еңбек еткендері үшін  оларға алғыс білдірді. Содан соң облыс әкімі бастаған топ демалыс алаңында шырша екті.

Аймақ басшысы  Мәртөк ауылындағы «Достық», «Жастық» саябақтарының, «Арбат» кешенінің абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында  құны 166,8 млн теңгеге бағаланған Мәртөк аудандық Мәдениет үйіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын көрді.

Сапарының соңында облыс әкімі Қаратоғай ауылдық округі маңындағы

Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк автомобиль жолының 68-93 шақырымдық учаскесінің орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба құны — 168,2 млн теңге. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары келер жылы аяқталмақ. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашовтың айтуынша, жоба толық жүзеге асырылған кезде  Ақтөбе-Мәртөк бағытындағы жол бойында  автокөлік ағыны азайып,  транзиттік дәлізге артық күш түспейтін болады. — Биыл Ақтөбе-Родниковка-Қаратоғай-Мәртөк бағытында  орташа жол жөндеу жұмыстары басталды. Жолдың ұзындығы — 93 шақырым. Бүгінгі күні Қаратоғай-Мәртөк учаскесінің  25 шақырымы жөнделді. Енді Родниковка-Қаратоғай учаскесін  жөндеу үшін арнайы материалдар дайындалып жатыр.  Келер жылы біз Ақтөбе-Родниковка аралығындағы 42 шақырымдық жолды жөндеуді бастаймыз. Бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда, нәтижесінде  Шәмші Қалдаяқов (Петропавловск)-Хазрет-Родниковка бағытындағы жолдарды біріктіреді, — деді М.Ибрашов.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан басшысы Ермек Кенжеханұлына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің  көлемін арттыруды, сондай-ақ жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button