Жаңалықтар

Көкөніс көп, ет арзан болды

Жәрмеңке

17-18 қазан күндері Ақтөбе қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті.

«Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арнайы алаң дайындап, сауда орындарын берді. Жәрмеңкеге 30-дан астам жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтарының ет, сүт, ұн өнімдері, көкөністер, тағы басқа күнделікті тұтынатын азық-түліктер әкелінді. Бұған аудандар да қатысты. Жәрмеңкенің ең өтімді тауары ет болды. Әсіресе, Ойыл ауданынан келген 2 ірі қараның  еті лезде өтіп кетті. Себебі ет тұтынушыларға 1600 теңгеден ұсынылды. Ойылдықтар бұл жәрмеңкеге ауылшаруашылық өнімдерінің 14 түрін әкелген. Қала жұрты табиғи құнарлы тағамдарды алып қалуға тырысты. Көкөністерді сатып алған көпшіліктің қарасы көп болды. Өйткені жәрмеңке нарық бағасынан 15-20 теңгеге арзан сатылды. Базарлар мен дүкендерде 1 келі картоптың бағасы 120 теңге болса, жәрмеңкеде 105 теңгеден қойылды. Пияз бен қырыққабаттың бағасы — 65 теңге. «СХФ Пригородный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әкелген 5 тонна картоп, 2 тонна пияз, 700 келі қырыққабат пен 300 келі қызылшасының өтімділігі сондай — сатып алушылар кезекке тұрды.

Мен Әйтеке би ауданының өнімдерін сатып алдым. Таза, қолдан жасалған тағамдары ұнады әрі бағасы да қымбат емес. Бұл жер Орталық базарға жақын болғандықтан, келушілерге де ыңғайлы. Азық-түліктің барлық түрі бар. Асықпай таңдап, қалағаныңды сатып аласың. Тұрғындардың да қарасы көп. Жәрмеңкеде барлық тауардың бағасы сәл арзандау екені байқалды, — дейді қала тұрғыны Мария Тұяқова.

Жәрмеңкеге Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров та қатысып, сауда орындарын аралап, тауарлардың бағасымен танысты. Оның айтуынша, жәрмеңке бағаны тұрақтандырып, әр тауар өндірушілер сапалы өнімдерін тұрғындарға тікелей сатады.

Жәрмеңке қыста да жалғасын табады. Ашық алаңдарда кейде ауа райы қолайсыз болуы мүмкін. Сондықтан жабық базарлар мен ірі дүкендерде жәрмеңке ұйымдастыру жұмыстарын жүргіземіз. Өзімізден шығарылатын өнімдер алдымен халыққа тиімді әрі қолжетімді бағамен жетуі керек, — дейді қала әкімі.

Жәрмеңкеде 2500 тонна сиыр еті мен 1 тоннадай жылқы еті сатылды. Одан басқа тауық, қаз, үйрек, балық түрлері сөрелердің сәнін келтіріп, жәрмеңкенің саудасын қыздырды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button