Жаңалықтар

Сая болар жаныңа емен, терек…

Қобда ауылында биыл ғана жөндеуден өткен Ы.Алтынсарин көшесі 80-нен астам көк терекпен толықты. Ал аптаның соңында алма, шие ағаштарын егу жоспарланып отыр.

Ағаш егу акциясына аудан әкімі Болат Құлов бастаған мемлекеттік қызметшілер қатысты. Ауыл ақсақалдары да бұл күні  қолдарына күрек алып, туған өлкенің жасыл желекке орануына өз үлестерін қосты.

Тал егу ауылдағы әрбір тұрғынның ортақ міндеті деп білемін. Егер осы елде тұратын әрбір тұрғын, әсіресе, жастар табиғат аясын қоқыстан тазартып, ағаш отырғызу жұмыстарына белсене қатысатын болса, тек ауыл ғана емес бүкіл еліміз де көркейе түседі.  Қобда — ортақ үйіміз, оның көркеюі мен жасыл желекке айналуы ел мерейі, — дейді ауыл ардагері Абуталип Утешев.

Айта кетейік, биыл қобдалықтар өңірін жасыл желекке айналдыру бағытында бірқатар нақты жұмыстарды атқарды. Мәселен, сәуір айының соңғы күндері аудан аумағында 1000-нан астам алма, шие, алмұрт ағаштары егілді. Сондай-ақ аудан орталығының көшелері қарағай, терек, көктерек секілді жас көшеттермен толықты. Бұдан өзге, Қобда ауданынан Ақтөбе қаласына қарай шығаберісте аудан әкімінің бастамасымен 150 түп жеміс ағашы егілсе, Егіндібұлақ ауылындағы «Бақыт ана» мешітінің ауласына кәсіпкер Жәнібек Анишев 30 түп алма, шие, алмұрт ағашын отырғызыпты. Ал аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батыры Михаил Колесников атындағы көше 70 түп жеміс ағашымен толыққан. Сондай-ақ ауданның ауылдық округтері жалпы саны 700-ден асатын алма ағашын егіпті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button