Басты жаңалықтар

Қолы қысқа демейді, қолтығынан демейді…

«Қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын көріп отырмыз. Қызметкерлердің волонтерлік жұмысын еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Қазіргі таңда бұл жақсы нәтиже деп есептеймін. Баршаңыздың бұған елеулі үлес қосқандарыңыз сөзсіз».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ

30 қыркүйекте қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен онлайн форматтағы кездесуінде сөйлеген сөзінен.

Жыл басталғалы волонтерлер, олардың ұйымдары туралы сериялық материалдар легін ұсынып келе жатқан «Ақтөбе» газеті бұл жолы да мейірімді жастарға тоқталғалы отыр. Игі істің жолындағы еріктілердің арасында жүріп-тұруы қиын, сөйте тұра байрақты бәсекелерде еліміздің намысын қорғап жүрген (!) қайсар жандардың көмекшілеріне айналғаны аз емес. Атаулы жылда дәйім жақсылыққа ұмтылатын өңірдегі топтардың саны да едәуір артқаны көп нәрсені аңғартса керек…

Көмек тек қаржылай болмайды…

Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың бастамасымен ашылған «Д.А.Р.» еріктілер клубын білмейтін ақтөбеліктер кемде-кем. 2007 жылдан бері әдемі ұғымдар — достық, адалдық, рақымшылықты ту етіп келе жатқан белсенділерді сөз еткенде, соңғы жылдары «Спортики» тобы еріксіз ауызға ілігеді. Өйткені соңғысы — «Д.А.Р.» еріктілер клубының жанынан құрылған. Бір ғана бағытты қамтитын ұйым спортпен кәсіби түрде айналысатын мүгедек жандардың жүріп-тұруына, жаттығу жасауына, өзге де қажетті амал-әрекетіне көмекке келеді. Яғни мұндағы волонтерлер, негізінен, ірілі-ұсақты жарыстарға жұмылдырылады.

— Паралимпиадалық ойындарға, өзге де арнаулы сайыстарға бізге көмекшілер қажет-ақ. Сол мақсатта өткен жылдың күз мезгілінде бір топ жасты арнайы оқытып, бұның барлық жай-жапсарын үйреттік. Қазіргі таңда клубымызда 35 ерікті бар. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін жарыстарға қолғабыс танытып та үлгерді, — дейді «Спортики» еріктілер клубының үйлестірушісі Гүлмирам Сражова.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Дүниежүзінде волон­тер­лікпен айналысу үрдісі кеңнен тара­лып, әлемдік қозғалысқа айнал­ғаны белгілі. Мәселен, әлем­дік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы — еріктілер еңбегінің нәтижесі. Ал жер бетіндегі 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады екен.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 200-ден астам еріктілер ұйымы бар. Оған 50 мыңнан аса адам мүше.

Өңірде аталған топтағы адамдар арасында спортпен кәсіби түрде шұғылданатындардың саны 60-тан асады. Соларға және Ақтөбеде ұйымдастырылған жарыстарға қатысуға келген өзге азаматтарға қолғанат болатындардың бірі, жоғарыда аталған клубтың мүшесі — Жігер Кенжеғалиев. 25 жастағы жігіт 5 жылдан бері волонтер екен.

— «Д.А.Р.», «Жеңіс» еріктілер тобында болдым. Былтырдан бері «Спортики» клубының мүшесімін. Мамандығым — дизайнер. Жұмыстан тыс уақытта осындай сауапты іспен айналысқанды жөн көремін. Өткен жылы облыста «Үздік волонтер» атандым. Жақсылық жасау әр адамның парызы деп білемін. Қолдан келсе, неге көмектеспеске?! Жанасыл Хамидулла, Дамир Бижанов, Дәурен Сәдуақас, Мерей Смадияров сынды жігіттермен әлеуметтік жобаларға да қатыстық. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі адамдардың халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстарға дайындалуына көмектесеміз. Бірге еріп барамыз. Волонтерліктің бұл түрі шетелде өте жақсы дамыған. Бізде де біртіндеп қарқын алып келеді, — дейді Жігер.

Кейде сөз жәрдемінің өзі үлкен рөл атқаратынын айтқан әңгімелесушіміз өзге тұстастарының осындай игі іске жақын болғанын, елімізде еріктілер қызметінің одан сайын жандана түскенін тілейді

СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?

«Ерікті», яки «волонтёр» сөзінің өзі бізге латын тілінен енген. Қазақ тіліне тәржімалағанда, мағынасы «өзі тіленіп жұмыс істеуші» дегенге саяды.

«Бізде волонтерлерге деген көзқарасты әлі де жетілдіру керек

 I топтағы мүгедек болғанына қарамастан, кәсібін дөңгелентіп, үлкен спортпен де айналысып жүрген Шахан Жолдасбаевтың еріктілерге деген құрметі алабөтен. Осы саладағы бірталай жақсы жігіттер мен қыздармен араласатын ол еліміздегі волонтерлер қозғалысына қамқорлықтың әлі кемшін екенін айтады.

— 2011 жылдан бері ақтөбелік еріктілермен тығыз байланыстамын десем болады. Олар тағдырластарыма рухани, кейде материалдық қана емес, физикалық та қолдау көрсетеді. Мысалы, паралимпиадалық ойындарға қатысушылардың жанында еріп жүруінің өзі — үлкен демеу. Қол жалғап, қоларбасын көтеріп, өзге де күші жетпей жатқандағы көмегін айтып отырмын. Өз басым дәл мұндай санаттағы еріктілердің көмегіне аса көп жүгінбеймін. Себебі інім әрдайым қасымда жүреді. Бірақ мен араласатын ортада олардың орны бөлек екенін білемін. Және Ақтөбеде осы мақсаттағы «Спортики» еріктілер клубының жұмыс істеп жатқанына қуаныштымын.

Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін еріктілерді ерігіп жүрген жастар ретінде қабылдайтындар көп. Олардың пікірінше, қайырымды іспен тек қолы бос жеткіншектер айналысады. Бұл — қате түсінік. Иә, Қазақстанда волонтерлердің дені — жастар, бірақ олардың арасында шынымен ізгі істерге ұмтылғаны аз емес. Басқа ойды көздеген, әншейін жүргендер де бар. Бір анығы, бізде шетелдегідей еріктілерге қолдау атымен жоқ. Айталық, жұмысқа тұрарда оның қоғамдық қызметі, ақысыз көмекке үлесі ескерілмейді. Біз бұл жағынан АҚШ, Германиядағы деңгейге жете қоймадық.

Бүгінге дейін волонтерлермен көптеген жобаларды іске асырдық. Халықаралық жарыстарға қатысарда аударма ісіне көмектескендері де болды. Келіншегім де кезінде белсенді еріктілердің бірі болған. Жалпы, бұл қатардағы достарым баршылық. Сондықтан оларға сөз жүзінде ғана емес, іспен қолдау көрсетілгеніне тілектеспін. Оқу ақысына жеңілдік жасалып, оларды өзге замандастарына үлгі етсе, арасында атқарушы билік еңбегін елесе, артық болмайды, — дейді Шахан.

90 топ. 2 мың адам

Ал облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Сәбит Мұқановтың айтуынша, жыл басында өңірдегі волонтерлік топтардың саны 35 болса, қазір олар 90-ға жеткен. Бұл ұйымдардың құрамында 2 мыңнан астам ақтөбелік бар.

— Облыс бойынша волонтерлер базасы жасақталып жатыр. Санаттарына қарай айтсақ, 45 пайызы жұмысшы жастар болса, қалғанын студенттер мен оқушылар құрайды. Бізге тіркелген еріктінің ең үлкені 41 жаста, ал кішісі — 2006 жылы туған жасөспірім.

Волонтерлер жылының «Біргеміз» тұжырымдамасы негізінде 7 бағытта жалпы ұлттық жобалар жүзеге асырылып жатыр, олар — «Білім», «Сабақтастық», «Саулық», «Таза Қазақстан», «Асыл Мұра», «Қамқор» және «Үміт». Әрқайсысының бағыты әрқилы. Мысалы, экологияны жақсарту мақсатында еріктілер жыл басынан бері 138 тазалық акциясын өткізді. Ал «Асыл мұра» жобасы бойынша Ойыл, Шалқар, Мұғалжар, Қобда, Алға аудандарына экспедиция ұйымдастырылды. Шараға 40-қа жуық волонтер тартылып, туған өлкенің тарихи жерлерімен танысуға мүмкіндік алды. Мұндай жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады, — дейді ол.

Сонымен қатар ақтөбелік еріктілер «Жақыныңа жанашыр бол» акциясы аясында қоғамдық орындарда 2 мыңға жуық медициналық масканы үлестіріп, карантин кезінде қолдан келгенше қолдау көрсеткен. Олардың риясыз көңілі елеусіз қалмаған. 40 волонтер Елбасының, ҚР Президентінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталыпты.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button