Спорт

Екінші айналым жеңіспен басталды 

Бірінші лига

Жұма күні, 16 қазанда бірінші лиганың екінші айналымдағы ойындары басталып, ІХ тур кездесулері өткізілді.

Бірінші конференцияда ойнап жүрген жерлестеріміз бұл турда «Мақтаарал» командасымен кездесті.

Ақтөбелік футболшылар бұл ойында да қай кездегідей бастан-аяқ сабырлы да қисынды қимылдады. Бірақ шабуылдары саябырсыған жоқ, қорғаныста да сауаттылық көрсетті. Бұған біздің футболшылардың ереже бұзбай, ал мақтааралдық ойыншыларға 4 ескерту қағазы көрсетілуі дәлел болса керек.

Алғашқы гол 19-минутта соғылды. Алаңның өзіміз жақтағы бөлігінен суырыла шыққан Максим Самородов допты қарсыластар қақпасының сол жағына қарай оза ойысқан Әлішер Әжімовке тастады да, ол допты еш ойланбастан айып алаңына әуелете асырды. Осы маңайда жүрген Рифат Нурмугамет суырыла қимылдап, допты баспен соқты да, мақтааралдық қақпашы ауа қармап қалды — 1:0.

Ақтөбеліктердің айқын басымдылығымен өткен бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда да жерлестеріміз тізгінді қолдан шығармай, қарсыластарын тықсырумен болды. Сондай сәттердің бірінде мақтааралдық футболшы біздің шабуылшы Рифат Нурмугаметті дәл айып алаңына жақын тұста шалып құлатты. Әрине, айып добы белгіленді. Эдуард Сухановтың жиырма шақты метр жерден жер бауырлата жасаған соққысы «Мақтаарал» қақпашысы Жандар Жанғалиевті екінші рет қапы қалдырды, қақпашы тіпті қозғалып үлгермеді — 2:0.

Осылайша жерлестеріміз тағы да үш ұпай олжалады.

«Ақтөбе» — «Мақтаарал» — 2:0.

Гол авторлары: Рифат Нурмугамет, 19-минут (1:0); Эдуард Суханов, 62-минут (2:0).

«Ақтөбе» мына құрамда ойнады: Жасур Нарзикулов, Бобан Джорджевич (Тәуіпбек Орналин, 53-минут), Әлішер Әжімов, Әділхан Таңжарықов, Рустам Темірхан, Виталий Волков (капитан), Максим Самородов (Ардақ Сәулет, 53-минут), Рифат Нурмугамет (Никола Цуцкич, 75-минут), Георгий Бурнаш, Эдуард Суханов (Антон Шурыгин, 75-минут), Олег Чернышов (Рустам Сахибов, 65-минут).

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Куасси Куаджа, Есен Жасанов, Жамбыл Көкеев, Демият Сламбеков, Владислав Прокопенко, Андрей Часовских.

2020 жыл 16 қазанда сағат 14.00-де. Павлодар, «Жұлдыз» стадионы. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Екібастұз» — «Қыран» — 0:1

Гол авторы: Бақдәулет Зульфикаров, 88-минут (0:1).

2020 жыл 16 қазанда сағат 11.00-де. Павлодар қаласы, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

«Арыс» — «Байқоңыр» — 2:1

Гол авторлары: Роман Павинич, 60-минут (1:0); Өркен Махан, 74-минут (1:1); Роман Павинич, 90+6 минут (2:1)

2020 жыл 16 қазанда сағат 17.00-де. Павлодар қаласы, Орталық стадион. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Қазір бірінші орында «Ақтөбе» командасы келеді — 17 ұпай. Жерлестеріміз 7 кездесуде 5 рет жеңіп, 2 рет тең ойнады. Доп айырмашылығы — 15:2.

2-орындағы «Қыранның» (Түркістан) 16 ұпайы бар. Бұлар 5 рет жеңіске жетсе, 1 рет тең ойнап, 2 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 11:5.

3-орында 14 ұпайы бар «Арыс» (Арыс) тұр.

4-5 орындарды 10 ұпайы бар «Мақтаарал» (Атакент) мен 7 ұпайы бар «Байқоңыр» (Қызылорда) бөлісіп тұр.

6-орынға 6 ұпаймен «Алтай» (Семей) жайғасса, көш соңында қалған, 7-орындағы «Екібастұздың» (Екібастұз) 5 ұпайы бар.

Тоғыз тур ойындарында «Ақтөбе» мен «Алтай» 7 кездесуден, ал қалған командалардың барлығы 8 кездесуден өткізді.

Х тур ойындары 19 қазан, дүйсенбі күнге белгіленді:

«Мақтаарал» — «Алтай»

«Қыран» — «Арыс»

«Байқоңыр» — «Ақтөбе»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button