Басты жаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Жоспарланған жобалар сапалы, уақтылы іске асырылуы  қажет

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Қарғалы ауданында болып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысты.

Ауданға жасаған сапары кезінде аймақ басшысы Бадамша ауылындағы жол жөндеу жұмыстарын қарады. Биыл ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  бағдарламасы  бойынша 10 жоба  іске асырылады. Аудан орталығында   9 көшеге асфальт төселіп, 7 көше жарықтандырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жолдарға бейнебақылау орнатылды. Көп қабатты  тұрғын үйлердің 6 ауласына жөндеу жүргізіліп, ойын алаңдары пайда болды. Келер жылы Қарғалы ауданында қосымша 8 ауланы жөндеу жоспарланып отыр.

Сапар барысында облыс әкімі ауданда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан 70 орындық интернатпен қоса, 300 балаға арналған  мектептің құрылысымен де танысты. Оңдасын Оразалин  аталған құрылыстың сапасын бақылай отырып, жобаны жыл соңында аяқтауды тапсырды. Содан соң өңір басшысы  Қосестек ауылында болды. Мұнда ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы  бойынша жалпы сомасы 57 млн теңгеге  күрделі жөндеуден өткен балабақшаның жағдайымен танысты. Іргетасының қаланғанына 30 жылдан астам уақыт болған   мектепке  дейінгі мекеме заман талабына сай жабдықталып, қажетті материалдармен қамтылған.

Биыл Қосестек  ауылдық әкімдігі мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерген жаңа ғимаратқа көшірілді. Мұнда әкімдік қызметкерлерінен бөлек учаскелік полиция бөлімі мен ветеринария мамандары да орналасатын болады. Нысанды салуға 35 млн теңге қарастырылды. Өткен жылы  «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ауылдық  клуб пайдалануға берілсе, биыл  тұрғындардың демалуына арналған саябақ салынды.  Ауылдық округтегі 4 көше жөнделіп,  жарықтандырылды. Көшелерді  қалыпқа келтіру жұмыстары одан әрі жалғасып, ауылға кіреберістегі  жол  құрылысы қарқын алды. Аталған   бағдарлама аясында Қарғалы ауданында 200-ге жуық азамат уақытша мерзімді жұмыспен қамтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы іске асырылып жатыр.  Бұл бағдарлама  халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу әрі қосымша жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуді көздейді.  Жоспарланған жобалар  сапалы, уақтылы іске асырылуы  қажет, — деген облыс  әкімі аудан  басшысы Асқар Жүсібәлиевке келер жылы да  көшелерді   асфальттау жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button