Жаңалықтар

«Отаны бірдің тілегі бір»

18 қазан — Рухани келісім күні. Осы мереке қарсаңында облыстық әкімдікте «Діни келісім — бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтау сөз сөйлеп, діни бірлестіктер өкілдеріне өзінің лебізін жеткізді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұрәлиев, діни бірлестіктердің басшылары, БАҚ өкілдері, т.б. қатысты.

Оңдасын Сейілұлы өзінің құттықтау сөзінде:

— Қоғамның дамуының, алға ілгерілеуінің басты негізі — тұрақтылық. Тек тұрақтылық бар жерде ғана еліміз өркендеп, халқымыз бақытты бола алады. Біздегі діни бірлестіктер өкілдері елімізде тұрақтылықтың сақталуына, бірлігіміз бен ынтымағымызға өз үлестерін қосып келеді. «Отаны бірдің жүрегі бір, жүрегі бірдің тілегі бір» дегендей, ортақ мекенімізде ортақ тіл табысып, әдемі жарасыммен өмір сүру ниетінен, ауызбіршіліктен айныған кездеріңіз жоқ. Қазіргі пандемия кезінде де түрлі қайырымдылық шараларын бәріңіз бір кісідей жұмыла атқарып, жылы сөз, жақсы іспен халыққа үлкен қолдау көрсетіп отырғандарыңызға біз куәміз, соған қуанамыз. Рухани келісім күні қарсаңында баршаңызға алғысымды жеткізіп, алдағы жұмыстарыңызға сәттіліктер тілеймін, — деді.

Облыс басшысы бірқатар діни бірлестік басшыларын өзінің Алғыс хатымен марапаттап, ескерткіш-сыйлықтар табыстады.

Жиында «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының басшысы Айгүл Дүйсенова облысымыздағы діни бірлестіктер өкілдерінің қоғамдағы тұрақтылықты сақтау жолында бірлесе атқарып отырған жұмыстары, Рухани келісім күні қарсаңында ұйымдастырылған шаралар туралы баяндады. Осы тақырыпта бейнефильм де көрсетілді.

Дөңгелек үстелде облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Әли Алмат, «Алматы әулие Николай приходы» жергілікті православтық діни бірлестігінің жетекшісі Константин Дахно, т.б. діни бірлестіктер өкілдері рухани келісімді сақтау, әсіресе, жастарға үлгі ету төңірегіндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жалпы, бүгінгі күні облысымызда 10 конфессияға қарайтын 92 діни бірлестік тіркелген. Оның 68-і — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары, яғни мешіттер.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button