Жаңалықтар

«Қарапайым жұмысшылардың еңбегі насихатталуға тиіс»

Жұма күні облыс әкімі  Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласында жүзеге асырылып  жатқан бірқатар жұмыстардың  атқарылу барысын бақылады. 

«Жұмыспен қамтудың  жол картасы» бағдарламасы бойынша облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен  «Гүлдер»  балабақшасы күрделі  жөндеуден өткен болатын. Аймақ басшысы мектепке дейінгі мекеме ішін аралап, сапасын қарады.  1970 жылы салынған ғимарат  280 орынға арналған.  154,6 млн теңгеге нысанның  ішкі, сыртқы жөндеуі жүргізілді. Ғимаратты  жөндеу үшін жергілікті 45 азамат жұмысқа тартылды.  Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталып, тамызда пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 160 бала тәрбиеленуде.

Бұдан соң облыс әкімі  М.Оспанов атындағы көшенің бойында салынып жатқан  тротуардың құрылысымен, сондай-ақ М.Оспанов көшесінен  101-атқыштар дивизиясы көшесіне дейінгі  аумақта салынып жатқан аулаішілік  демалыс орнының  құрылысымен танысты.  Көлемі 4 мың шаршы метр болатын жолдың бойындағы жарық бағаналары ауыстырылып,  ескірген бордюрлар жаңартылмақ.  Азаматтардың демалуына жағдай жасалады.

Облыс орталығы мен аудандарында жүргізіліп жатқан  аулаларды қалыпқа келтіру, спорт алаңдарын салу, жолдарды жөндеу сынды жұмыстарды  күздің соңғы айларына  дейін аяқтауды тапсырамын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бітпей жатқан жұмыстар келесі жылы міндетті түрде  жалғасатын болады.  Осы орайда Марат Оспанов көшесінен 101-атқыштар дивизиясы көшесіне дейінгі скверге  қарапайым жұмысшылардың еңбегін насихаттауға арналған  ескерткіш орнатуды ойластыру қажет. Себебі кейінгі жастар қарапайым жұмысшылар мен құрылысшылардың  еңбегін бағалай білуі тиіс. Олардың еңбегі кеңінен насихатталуы керек деп санаймын, — деді Оңдасын Оразалин.

Сондай-ақ бұл күні Оңдасын Оразалин Мәскеу ауданындағы Жаманқұлов, Пушкин  көшелерінің  жөнделуімен танысты.  Ұзындығы  1,2 шақырымды құрайтын Пушкин көшесі толық жөнделген, ал  Жаманқұлов  көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Екі көшеге 118 миллион теңге қаражат жұмсалған.

Ал Мәскеу ауданындағы М. Мақатаев, М. Әуезов, Мясоедов, Шалғынды, М.Арынов, Темірқазық, Менделеев,  Островский көшелеріне жүргізілген жөндеу жұмыстарының ақпараты облыс әкіміне стенд арқылы  таныстырылды.  Аталған жолдардың жөндеуі  100 пайыз аяқталған.  Атқарылған жұмыстарды оң бағалаған жергілікті тұрғындар  алғыстарын білдірді.

Оңдасын Оразалин Бөкенбай батыр көшесі мен  Сельмаш көпірінің  құрылысын да өз көзімен көрді.  Көлемі   4,2 шақырым болатын Бөкенбай батыр  көшесін  жөндеуге 590,6 миллион теңге қаржы қаралған. Тамыз айында  басталған орташа жөндеу жұмыстары қазан айының соңында толық аяқталады.

— Жолдардың  қиылысатын тұстарына қатысты жүргізушілерден көптеген шағымдар түсуде.  Автокөлік жүргізушілеріне ыңғайлы болатындай сапалы жасалсын, — деген  облыс әкімі  жөндеуі жүргізіліп жатқан жолдардың уақтылы  аяқталуын қадағалауды қала әкімі Асхат Шахаровқа тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button