Жаңалықтар

«Қазақстан халқы» тарихи картасының тұсаукесері

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасының тұсаукесері өтті.

Аталған тарихи карта Қазақстан халқы Ассамблеясының сайтында (map.assembly.kz) орналасқан.

Шарада Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қайыпбаева картамен жан-жақты таныстырды.

— 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бейбітшілік пен тұрақтылық өздігінен орнамайтынын атап өтіп, Қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының негізгі көрсеткіші екенін жеткізген болатын. Осыған орай, сол жылы 26 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында интерактивті картаны дайындауды тапсырды. Аталған тапсырманы орындау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды.

Жалпы, осы жұмысқа кіріскен кезде әлемдік тәжірибе зерттеліп, мұндай карталар АҚШ-та, Ресейде, кейбір еуропалық мемлекеттерде бар екендігі анықталды. Ал Қазақстанда аналогы болмаған, тәжірибеде алғаш рет орын алып отырған жоба, — деді Айнагүл Қайыпбаева өз сөзінде. Карта үш тілде жасалып, «Интерактивті тарихи карта», «Қазақстан халқы» және «Тәуелсіздік дәуірі» атты үш бөлімнен құрылған.

Картада көпұлтты Қазақстанның этникалық қалыптасу тарихы ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейін интерактивтік электрондық атлас түріндегі көрінісі берілген. Өзге ұлттардың Қазақстанға келу тарихы мен статистикалық мәліметтерін хронологиялық жүйе негізінде диаграммалар, кестелер арқылы көруге болады. Этностар туралы ақпараттар алфавиттік негізде орналасқан. Әрбір этностың атын басқанда, толық ақпарат 10 категория бойынша, атап айтқанда: этникалық тарихы, қоныстануы, шаруашылық ерекшеліктері, діні, салт-дәстүрі, мәдениеті, киімі және т.б. танысуға мүмкіндік бар.

Бүгінге дейін картада 53 этностың тарихы енгізілген. Жыл соңына дейін тағы 7 этнос туралы ақпарат қосылмақ.

Шара соңында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығымен және «Қоғамдық келісім» мекемесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button