Денсаулық

Бетперде тақпағандар айыппұл төлейді

15 қазан күні облыста індет жұқтырған үш адам тіркелді. Оның біреуі Ресейден келген. Соңғы уақытта көрші елдегі жағдай ушығып тұр. Еліміздің де бірқатар облыстары қатаң карантин режиміне көшті. Алайда ақтөбеліктер әлі де алаңсыз жүр. Облыстың бас санитар дәрігері қабылдаған санитарлық талапты сақтамайтындардың қатары азаймай тұр. Тәртіп бұзғандарға айыппұл салынып жатыр. Бірақ ескертуге құлақ асатындар аз. Облыс бойынша мобильді топтар, жергілікті полиция қызметкерлері облыстың бас санитар дәрігері қабылдаған қаулылардың орындалуына бақылау жүргізуде. Нәтижесінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес,  675 хаттама толтырылып, 86 562 480  миллион теңге айыппұл салынған.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Айсәуле Оралбаеваның айтуынша, қоғамдық тамақтандыру  орындары бойынша 29 айыппұл салынса, әлеуметтік арақашықтықты сақтамағандардың көрсеткіші — 18, 6 пайыз. Қоғамдық орындарда бетперде кию тәртібін бұзғандарға 12 751 020 теңге көлемінде айыппұл салынған. Айсәуле Оралбаева әрбір тұрғын қоғамдық орындарда  және үшеуден артық адам жиналған жерде міндетті түрде  медициналық бетперде тағып жүру керектігін ескертті. Егер жеке тұлға бетперде тақпаған жағдайда  ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес, 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал заңды тұлғаларға, яғни кіші кәсіпкерлік нысандарына — 260, орта — 310, ірі кәсіпкерліктерге 1600 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ қоғамдық көліктердің де мәселесі қатаң қадағаланады. Қазір автобустарда бетперде тақпайтындар көп. Жүргізуші мен кондуктордың өзі талапқа бағынбайды. Айсәуле Оралбаева қазір қоғамдық көліктерге қатысты шағымдардың түсіп жатқанын айтты. Олардың бірқатарына айыппұл салынған.

Департамент мамандары облыс тұрғындарын коронавирус  инфекциясының алдын алу үшін мерекелік, отбасылық шараларды тоқтата тұру керектігін және  бетперде тағу, қолды жиі жуу, антисептиктерді пайдалану,  әлеуметтік дистанцияны сақтау талаптарын орындауға шақырады.

Кәсіпкерлік субъектілері коронавирус  инфекциясы таралмауы үшін санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтағаны жөн.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button