Басты бет » Жаңалықтар » Сексен бес жылдың белесі

Сексен бес жылдың белесі

Облыста қазақтың батыр қызы Әлияның аты аталса, Ғалымжан Байдербестің де есімін қоса естиміз. Себебі бұл кісі саналы ғұмырын Әлияны зерттеуге, насихаттауға арнады. Биыл Ақтөбе жұрты «Ерліктің шырақшысы» деп атап кеткен  Ғалымжан Байдербес мерейлі 85 жасқа толып отыр. Кеше осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде әдемі басқосу өтті. Шараны белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізді.

Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет, облыстық басқармалардың басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ БАҚ саласының өкілдері қатысты.

Шара «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Ғалымжан Байдербестің өмір жолы және еңбектегі жетістіктері жайлы бейнефильмді тамашалаудан басталды.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет мерейтой иесіне облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау хатын оқып беріп, жүрекжарды лебізін білдірді.

— Елімізде, оның ішінде Ақтөбе жерінде ерліктің символына айналған Әлия Молдағұлованы әлемге танытқан, ерліктің шырақшысы атанған Ғалымжан Байдербес ағамыз бүгін мерейлі 85 жасқа толып отыр. Бұл кісі облыс орталығында, Әлия батырдың туған жері — Қобда ауданында өткізілген барлық шаралардың басында игі істердің ұйытқысы болып жүреді. Бүкіл саналы ғұмырын қазақтың батыр қыздарын насихаттауға арнаған ағамыздың жүрген жолы, жасаған жұмыстары, жазған еңбектері — болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан сізді облыс әкімі атынан бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, деніңізге денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, — деген облыс әкімінің орынбасары мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.

Шарада сөз сөйлеген «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Имантаев, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, облыстағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері Келдібай Еспағамбетов, Серік Ботағарин, Ізімғали Көбенов, Сағынай Құсайынов, Марат Қойлыбаев, Айгүл Дүйсенова, т.б. азаматтар Ғалымжан Байдербестің Әлия музейін қалыптастыруға, оны қиын кезеңдерде сақтап қалуға зор үлес қосқанын, Әлияның ерлік жолдарымен жүріп өтіп, Мәскеуге дейін барғанын әңгімелеп, мерейтой иесіне өздерінің ыстық ықыластарын жеткізіп, сый-сияпат жасады.

Басқосуда сондай-ақ облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, білім, тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, жастар саясаты мәселелері басқармаларының басшылары, облыстық «AQTOBE» телеарнасы мен Алға, Мұғалжар аудандары әкімдіктерінің өкілдері Ғалымжан Байдербеске құрмет көрсетіп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Шара барысында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашты.

Басқосу соңында мерейтой иесі жиналған жұртшылыққа алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Данагүл ҚАЗИХАН.