Жаңалықтар

Дәрігерлер отбасылық саябақта демалады

Ақтөбенің іскер әйелдер кеңесінің мүшесі медицина қызметкерлеріне отбасылық демалыс саябағына сертификаттар тапсырды.

Ақтөбедегі іскер әйелдер кеңесінің белсенді мүшесі, «Yurta Park» отбасылық демалыс және ойын-сауық саябағына жетекшілік ететін Жанна Ізімбетова дәрігерлерді қолдауға ниет білдіріпті. Бұл орайда Ақтөбе медициналық орталығы қызметкерлеріне 100 сертификат салтанатты түрде табыс етілді.

Бұл — пандемия өршіген кезде  адам өмірін арашалау үшін батылдық пен жанқиярлық көрсеткендерге құрмет пен ризашылықтың белгісі. Дәрігерлер кез келген қиындықтарға қарамастан, адам өмірін сақтап қалуға әрі халықтың денсаулығына жауапты. Оларға қай кезде де алғыс айту өте маңызды. Біздің іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, Ақтөбе қаласының кәсіпкерлері дәрігерлерге  бетперде және арнайы киім, құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер, азық-түлік, тегін түскі ас ұйымдастыру сияқты түрлі іс-шаралар негізінде алғыс білдіреді. Себебі олардың әрқайсысы қиын-қыстау кезеңде дәрігерлер жұмысының қандай ауыр болғанын жақсы түсінеді, — деді облыстағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Күлпаршын Айдарханова.

Саябақта тынығу үшін арнайы сертификаттар орталық дәрігерлері мен медбикелерге, санитарлар мен зертханашыларға берілді.

Бір ай бойы жақындарынан алыста болып, отандастарының өмірі үшін күндіз-түні күресетін дәрігерлердің еңбегін ерекше бағалауымыз керек. Ең бастысы,  біз оларға мейлінше қолдау танытуға тиіспіз. Сондықтан медицина қызметкерлерін жақындарымен бірге отбасылық демалыс саябағында тынығуға  шақырамыз, — деді Жанна Ізімбетова.

Үш жыл бұрын ашылған Ақтөбе қаласындағы «Yurta park» саябағында мұқтаж жандарға үнемі  қайырымдылық пен қолдау көрсетіледі. Кәсіпкердің айтуынша, жыл сайын 2 мыңға жуық бала аталған саябаққа тегін бару мүмкіндігіне ие болады. Бұл — әлеуметтік топтағы отбасылардың балалары  мен бейімдеу орталықтарындағы, балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер. Сол сияқты мұнда көп балалы отбасылардың балалары үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Алмүгедектігі және жанында еріп жүрушілері бар балалар саябаққа тегін кіреді.

Шара барысында Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Рүстем Исаев індет өршіген кезде дәрігерлердің көпшілігі күніне 12 сағаттан артық жұмыс жасауға мәжбүр болғанын айтты. Ол қарамағындағы қызметкерлерге қолдау көрсетіп жатқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button