Жаңалықтар

Өртпен күрескен Түңілдікке құрмет

Құтқарушылар күні қарсаңында Темір ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің №16 өрт сөндіру бөлімшесі депосының қасбетіне  Түңілдік Баетовті еске алуға арналған мемориалдық тақта пайда болды.

Айтулы оқиғаға арналған митингке ардагерлер, әріптестері, достары мен туыстары жиналып, соңына жарқын із қалдырған, өмірі өнегеге толы адамды ыстық ықыласпен еске алды.

Баетовке үш есім қойылды. Бірінші есімді, шыр етіп дүниеге келгенде құлағына үш рет дауыстап, Түңілдік деп қойды. Осылайша оның әкесі Бекбосын үлкен ұлы Есберген мен кіші ұлының арасын ұзақ уақыт — 23 жыл күтуге тура келгенін  білдірген еді. Оның себебі, Есбергенді дүниеге әкелген бірінші әйелі Әсима ерте қайтыс болған-ды. Уақыт өте келе, үйде жайлылық орнатып, бала бағатын әйелдің жоқтығы сезіліп тұрды. Ақсақалдардың батасын алып, алғашқы некесінен қалған балаға ана болатын  Кенжешке үйленді.

Бұлар қалаған тілек 1939 жылғы 13 сәуірде орындалды. Асықпай келген бақыт ерлі-зайыптылардың жүрегін сәулелендірді. Балқанақтай болып Түңілдік дүниеге келді. Бақытты ата-ананы ренжіткен жалғыз нәрсе — туу туралы куәлікте нәрестенің есімінің Туулдук деп жазылуы болды. Темір қаласы  шенеуніктерінің бұл сауатсыз жазбасы өмір бойы сақталып қалды. Алайда есім шежіресі мұнымен аяқталмады. Бәрі жаңа туған сәбиді, алғашқы қате атауды мойындамай, бір ауыздан Қуантай атады.

Ол мектептен кейін Ташкенттің байланыс институтына түсті. Оқу бітіріп, елге оралғасын, әрқашан керемет денсаулығымен ерекшеленетін жігітті, ішкі істер органына жұмысқа шақырды. Түнілдік  үшін үлгі милицияда жұмыс істейтін ағасы болатын. Сол Есберген ағасының кеңесі бойынша өрт сөндіру қызметіне барды. Осы еңбек жолы бойынша еңбек кітапшасына алғашқы жазба 1963 жылы 10 қыркүйекте түсті. Оны Темір ауданының өрт сөндіру инспекциясына инспекторлыққа қабылдады. Мамандық таңдауының дұрыс болғанына көзі анық жеткеннен кейін, арада жыл өткенде Алматы арнайы орта милиция мектебінің өрт сөндірушілерді даярлай бөлімінің курсанты атанды. 1968 жылы Свердлов өрт-техникалық училищесінің, 1974 жылы КСРО ІІМ жоғары мектебінің дипломын иеленді.

1974 жылдың қыркүйегінен 1973 жылдың желтоқсанына дейін Баетов Октябрь аудандық ішкі істер бөлімі мемлекеттік өрт қадағалау инспекциясының бастығы болды. Келесі екі жылда Темір аудандық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік қадағалау инспекциясын басқарды. Содан кейін оны Темір ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары етіп ауыстырды.

1975 жылдың қазанынан 1989 жылдың қыркүйегіне дейін Ақтөбе облыстық атқару комитетінің ішкі істер бөлімі өрт сөндіру күзеті бөлімі бастығының орынбасары лауазымына жоғарылады. Оның қызметтік тізімінде алдымен дайындық және өрт сөндіру қызметі бөлімінің инженері, содан соң Ақтөбе облыстық  атқару комитетінің ішікі істер бөлімі өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалғаны туралы жазбалар бар.

Құрметті демалысқа жасы бойынша 1994 жылдың сәуір айында рәсімделді. Ішкі істер органындағы ұзақ жылғы адал қызметі үшін 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ал «Өрт сөндіру бөлімінің үздік қызметкері» белгісі және бірінші дәрежелі «Мінсіз қызметі» медалі отбасылық құнды жәдігер ретінде сақталып келеді.

Зейнеткерлік демалыста ол өткенді жиі еске алатын. Кейде жойқын өрттерді жоюдың шиеленісті сәттері көз алдына келуші еді. Өйткені оның есебінде сондай сұрапыл өрт кезінде ажал аузынан құтқарылған жүздеген адамдардың өмірі бар еді. Ол өзінің жанқиярлық қызметі үшін жерлестерінің талай алғыстарын естіген-ді. Тек қызметте ғана емес, өмірде де ол тәлімгер болған адамдар аз емес.

— Қандай қызметте де өзгермеді, тек жауапкершілігі жоғарылады. Мазасыз, мігір көрмейтін жұмыс, бірнеше күндеп үйде болмайтын, тіпті түн ортасында да жиі оятатын. Ол жас қызметкерлердің өміріне қауіп төнеді-ау деп, көбіне өрт оқиғасы болған жерде өзі жүретін. Оның мойнына үлкен жауапкершілік жүктелгенін, тіпті талай адамдардың тағдыры шешілетін қызметке жауап беретінін мен жақсы түсіндім және ешқашан бұған ренжіген емеспін. Өрт сөндірушілердің адамдардың өмірін, олардың мүлкін құтқаратын қиын әрі қауіпті мамандық екенін әрқашан естен шығармайтын, — деп еске алады зайыбы Клара Қайырова.

Әріптестерінің есінде Түңілдік, ең алдымен, өте қатал, сонымен бірге аса әділ адам ретінде қалды.

— Ол адал, парасатты адам болатын. Егер ол қарауындағыларға ұрысса, жасаған ісіне қарай, әр қатесін талдай отырып айтатын.Жастарды ұдайы үйрететін. Оның тәлімгерлігі есімде берік сақталып қалды. Ержүрек және әділ болуға, өз ісіме таза қызмет етуге тәрбиеледі, — деді облыстың өрт сөндіру қызметінің бұрынғы бастығы Берік Нұрғалиев.

Саясаттағы қайта құру шырғалаңымен ауырлай түскен өткен ғасырдың сексенінші жылдарындағы экономиканың барлық салаларындағы проблемалар есте болса керек. Осы тұста аудандардағы өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық жабдықталуы айтарлықтай нашарлады, тапшылық барлық жерде белең алды.

Арнаулы техника, жабдықтар жетіспеді. Бұрыннан жарамсыз болып қалғандарын ауыстыруға да мүмкіндік жоқ еді. Алайда жұмыс істеу керек болатын. Өйткені өрт сөндіру міндеттемесін ешкім жоймаған-ды. Сондықтан да Түңілдік Баетов өз бетімен бастама көтеруге шешім қабылдады. Өзінің беделінің, әр кез тығырықтан жол табатын шеберлігінің арқасында Темірде депо салуға, оны заманауи жабдықтармен жабдықтау үшін  инвесторлар тапты. Одан кейін осындай деполар Қарабұтақ пен Шұбарқұдықта пайда болды.

Байырғы тұрғындардың айтуынша, бірде құрылыс басына бір жүк көлігі алдын ала мәлімделмеген уақытта келген. Жұмыс басында көліктен жүкті түсіретін адамдар болмай қалған. Осындай кезде жақын жолдастарымен Түңілдіктің өзі сыбанып шығып, көлік үстіндегі жүкті — ұлу тастарды түсіруге тура келген. Оның өмірінде мұндай жағдайлар сан мәрте кездескен еді.

Түңілдік Баетов министрлікте де Ақтөбеде №4 өрт сөндіру бөлімін салу идеясын іске асыруға бел буды және алға қойған мақсатқа қол жеткізді. Оны әріптестері мен қала басшылығы қолдады.

— Әйтпесе мүмкін емес еді. Егер ол бірдеңе ойлап тапса, оның  түбіне жетпей тынбайтын. Қатаң, талапшыл, сонымен бірге өзіне аса сенімді еді. Онымен бірге жұмыс істеу қызықты әрі құштарлық туғызатын. Ол өмірден өткенде біз бәріміз үшін қымбат адамды жоғалтқанымызды шын  сезіндік, — дейді Болат Байтілеуов.

Ішкі істер саласынан құрметті демалысқа шыққан, бар болғаны 59 жастағы ардагер төрт жыл ғана демалды. Әрине, жылдар өтеді, өмір өзгереді, жаңа ұрпақтар келеді. Ол қызмет істеген салаға да жаңа технологиялар енгізілуде. Алайда бір нәрсе өзгеріссіз қалды — оған деген туыстарының, әріптестерінің, достарының шексіз ризашылығы.

Балалары әкесінің тәлімін, сүйіспеншілігін, домбыра әуеніне, денешынықтыру мен спортқа деген құштарлығын, әсіресе, халық дәстүріне адалдығын ұмытпаса, достары оның қонақжайлылығын, дастарқанынан талай мәрте шай ішіп, әзіл-қалжыңдарға ерік бергендерін жиі еске алады. Сондай көңілді сәттердің талайын әңгімелеп күліседі. Әріптестерінің талабы мен тілегі бойынша өткен жылы №4 өрт сөндіру бөлімінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

— Тақтаның ашылуы — бұл ержүректер туралы естелік, өрт сөндірушілердің өткеніне деген ізбасарлардың ризашылығы мен алғысы. Ол Ақтөбе облысының гарнизоны үшін маңызды оқиға болды. Әрі өрт сөндіру жүйесін құру мен дамытудың, қалыптастырудың бастауында тұрған адамдарды еске алу және құрметтеу. Сонымен бірге бүгінде отпен күресіп, адамдарды құтқарып жүргендердің барлығына айтылған алғыс, — деп атап өтті Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің сол кездегі бастығы Бауыржан Сыздықов.

Міне, аса қадірлі адамды еске алу шарасы, енді Шұбарқұдықта да өтті. Мұндай  оқиғалар қалыптасқан дәстүр бойынша шағын футбол турнирімен қатар жүреді. Оған тек біздің ғана емес, көрші облыстардың да өрт сөндірушілерінің, басқа да салалардың командалары қатысады.

 Сара ТАЛАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button