Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

«Тарихтың қойып кеткен арбасындай»

Рухани жаңғыру

«Көшелер — құрғақ өзен арнасындай,
Қала едің кәрі шуда нар басындай,
Ішіне оқиғаны тиеп-сықап,
Тарихтың қойып кеткен арбасындай»…

Ақын Ғафу Қайырбеков өзінің «Торғай қаласы» атты өлеңін осылай бастапты. Темір қаласы туралы сөз қозғамақ болғанда да, алдымен есімізге осы шумақ түсті. Темір де — сол көне Торғаймен тағдырлас, патша заманында бекініс ретінде салынған, әкімшілік-территориялық құрылым орталығы (Торғай секілді облыс орталығы болмағанымен, уез орталығы) ретінде ескі құжаттарда аты сақталған, халқымыздың талай асыл перзенттерінің, тарихтағы белгілі тұлғалардың ізі қалған мекен.

Темір бекінісінің іргетасы 1869 жылы қаланған. Темір (Қарақамыс) бастапқыда патша жарлығымен құрылған Орал облысының Жем (Эмба) уезінің құрамында болды. Ал 1879 жылы уез орталығы Жем бекінісінен Темірге көшірілген де, 1881 жылы (кей деректер бойынша 1879 жыл) Жем уезінің орнына Темір уезі құрылған. «Темір» атауының шығуы елді мекеннің іргесіндегі өзеннің атауымен байланыстырылады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл өзен «Темірсу» деген атпен Ресей мен оған көршілес елдердің карталарының сипаттамасы жазылып, 1627 жылы басылған «Книга Большому чертежу» деген жинаққа енген.

Қазақта жер-су атауларының көпшілігі ел басқарған тұлғалармен, ел қорғаған батырлармен байланысты туатыны белгілі. Темір өзенінің, оның жағасына салынған бекіністің атауының, бәлкім, Ноғай ордасын құрған Едіге бидің немересі Темір бидің өмір жолымен, қайраткерлігімен байланысы бар ма, кім білсін? Ол жағын анықтау — зерттеушілердің еншісіндегі іс. Әйтеуір қалаға жақын, Ақтөбеден Кеңқияққа қатынайтын үлкен жолдың бойындағы «Сырлытам қорымы» аталатын ескі қорымды жергілікті жұрт, көнекөз қариялардан естулері бойынша, сонау Ноғайлы дәуірінен келе жатқан қорым деп санайды.

Бергі тарихында бұл қала ХІХ ғасырдың 70-жылдарында ашылған Қарақамыс жәрмеңкесімен әйгілі болды. Тарихшы Беркін Құрманбеков ХХ ғасыр басында Темір жәрмеңкесінің жалпы тауар айналымы бойынша өлкемізде Көкжар (Ойыл) жәрмеңкесінен кейінгі екінші орында болып, Ақтөбе, Ырғыз жәрмеңкелеріне қарағанда, ерекше қарқынмен дамығанын архив деректері арқылы жеткізеді. «Оның басты себептерінің бірі — Темір жәрмеңкесінің керуен сауда жолдарының қиылысында орналасқаны», — деп жазады тарихшы. Оның зерттеулері бойынша, бұл — Қазан төңкерісіне дейінгі жағдай, ал Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, керісінше, тауар айналымы жөнінен Темір жәрмеңкесі алдыңғы орынға шыққан. «Темір тарихы» атты еңбегінде Беркін Құрманбеков 1925 жылы көктемгі Темір жәрмеңкесінің сауда айналымы 1 112 210 сомның көлемінде, ал Ойылда 735 сомның көлемінде болғаны жөнінде дерек келтіреді. Тарихшы мұны, бір жағынан, Темірдің уездік орталық болуымен байланыстырады.

Бүгінде Темірде Ойылдағыдай жәрмеңке қатарларының, дүкендерінің орны, көпестердің сауда үйлері сақталмаған. Тек ара-тұра көпестердің тауарларын сақтайтын қоймалардың жер астында болғаны жөнінде аңыздар ғана айтылады…

Жәрмеңке — сауда орталығы емес, демеушілік, түрлі қайырымдылық істер ұйымдастырылатын жер, өнердің де ордасы болған. Мысалы, 1915 жылғы жазғы жәрмеңкеде Ресей І Мемлекеттік Думасының депутаты Алпысбай Қалменовтің ұйымдастыруымен І дүниежүзілік соғысқа кеткен әскерлердің отбасына көмекке 1097 рубль 12 тиын жиналған.

Беркін Құрманбековтің жазуынша, осы жәрмеңкеде белгілі күйші Үсен төре базарбасы болған. Ол жәрмеңкенің үлкен өнер ордасына айналуына зор үлес қосқан. Ән-жырдан бөлек, мұнда күйшілер сайысы да ұйымдастырылып тұрған. Оған Төреш, Мөңке сынды белгілі күйшілер де келген. Осы жерде Нұрпейіс Байғанин жыр толғаған.

Сарышолақ ақын:

«Қарақамыс базары,

Малменен кіріп ажары,

Гуілдеп халық шулаған,

Саудаға ауып назары.

Неткен көп мұнда ел деген,

Базарда шіркін бәрі бар,

Ойыңа тіпті келмеген», — деп жырлаған…

Ал Үсен төре, Сарышолақ ақындардың заманынан бері беттесек, өткен ғасырдың 20-30 жылдарында бұл қалада лингвистика саласы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш профессор Құдайберген Жұбанов пен қазақтың кәсіби әдебиеті мен кәсіби журналистикасының негізін қалаушылардың бірі — Жиенғали Тілепбергеновтің ізі қалған. 20-жылдардың басында олар Темір уездік оқу-ағарту бөлімінде қызмет еткен. Үш облыстық газетте (Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында) басшылық қызмет атқарған Жиенғали Тілепбергенов кейіннен, тағдырдың жазуымен, Темірге айналып келіп, өмірінің соңғы жылдарын осында өткізді, ең соңғы шығармаларын осында жазды. Оның зираты жоғарыда айтылған Сырлытам қорымында. Зират жазушының 100 жылдық мерейтойына дейін жай ғана төмпешік болып жатқан. Белгілі ғалым, жиенғалитанушы Тұрсынбек Кәкішевтің қозғау салуымен 1995 жылы ақсақалдардың көрсетуі бойынша жерленген орны анықталып, басы қарайтылған. Осы істің басы-қасында сол кездегі Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхан Өтепов бастаған азаматтар жүрді.

Біз көне Темірде ізі қалған белгілі қайраткерлердің бір бөлігінің ғана есімдерін еске алдық. Аталмаған есім әлі көп. Мысалы, Ермұхан Бекмахановтың шәкірті, белгілі ғалым Әбу Тәкенов те осы қалада дүниеге келген, т.б.

Қазір Темірде ескі ғимараттардан ХХ ғасыр басында салынған мешіт, православ шіркеуі және уездік земство ғимараты ғана сақталған. Соңғысында қалалық әкімдік, газ, су шаруашылығы мекемелері, басқа да мекемелер отыр. Қаланың әкімі Асқар Қоқановтың айтуынша, бүгінде Темірге су жүйесі, газ тартылған, интернет желісі бар. Қала мұнтаздай таза, Ахмет халфе мешітіне былтыр жөндеу жүргізілген, шіркеу де жөнделіп жатыр екен.

Тек түгенделмей отырған бір іс — қаланың тарихы. Темір қаласы 1964 жылға дейін аудан орталығы болды. Кейін Темір ауданы таратылып, Мұғалжар ауданына қосылып, орталығы Қандыағашқа ауыстырылған. Ал өткен ғасырдың 70-жылдарының басында аудан қайта құрылған кезде, орталығы Шұбарқұдық кенті болып бекітілген. Темір тарихының бірте-бірте көмескіленуі сол кезден басталған тәрізді.

Өлке тарихының маңызды, даңқты бір бөлшегі ретінде Темірдің тарихы бізге өте қымбат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», — деп атап көрсетілгендей, Темірдің тарихы да жан-жақты насихатталуы тиіс. Мысалы, Құдайберген Жұбанов пен Жиенғали Тілепбергенов қызмет еткен оқу-бөлімінің, редакцияның қай мекен-жайда орналасқаны архивтердегі көне құжаттарда тұрса керек. Сол орындар нақты анықталып, ескерткіш тақталар орнатылса; осында ізі қалған күйші Үсен төренің, басқа да тарихи тұлғалардың есімдерін ардақтау мақсатындағы істер ұмыт қалмаса дейміз. Бұл болашақта Темірді ішкі туризм орталықтарының біріне айналдыру үшін де маңызды.

 Индира ӨТЕМІС.

Темір ауданы,

Темір қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button