Жаңалықтар

«Birgemiz» қоры 5 мыңнан астам ақтөбелік отбасыға көмек көрсетті

Nur Otan партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы негізінде «Birgemiz» қоры әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қолдау танытудың бесінші кезеңін бастады.
Елбасы еліміздегі 100 мың отбасыға 50 мың теңгеден беруді тапсырған болатын. Аталмыш акция аясында Ақтөбе қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған 3003 отбасына және асыраушысының бірінен айырылған баласы бар 2667 отбасыға қаржылай көмек көрсетілді.
Бесінші кезеңде партия атынынан қолдау көрген 5670 ақтөбелік отбасының арасында Гүлмира Жамалханова да бар. Карантин уақытында қызметтері қысқарып, уақытша қиындыққа тап болған көп балалы ана беріліп жатқан көмекке өз ризашылығын жеткізді.
— Осы бір кезеңде демеу болып, қолдау көрсетіп жатқан Nur Otan партиясына алғысым шексіз. Есепшотымызға 50 мың теңге түсті деген кезде сенген жоқпын. Содан соң партияның облыстық филиал өкілдеріне қоңырау шалып нақтылап алдым. Ол жақтағы қызметкерлерге де алғысым шексіз. Тізімде бар екенімді айтып, нақты жауабын берді. Жақсылықтары еселеп қайтсын дегім келеді. Елбасымызға ұзақ ғұмыр тілеймін. Өзім көп балалы анамын. Карантин кезінде қызметімізден босап қалған болатынбыз. Көрсетіліп жатқан қолдау бізге үлкен көмек болды, — дейді Гүлмира Жамалханова.
Бұған дейін де «Birgemiz» қоры арқылы мыңдаған отбасы қаржылай қолдауға ие болған болатын. Көмек көрсетудің бірінші және екінші кезеңі аясында 360 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден біржолғы төлемақы алды. Оның ішінде Ақтөбе қаласының 18 451 тұрғыны болды. Ал үшінші кезеңде республика бойынша 110 мыңдай отбасыға көмек көрсетілсе, облыстың Алға, Қандыағаш, Жем, Ембі, Темір, Шалқар, Хромтау қалаларындағы 5880 мұқтаж отбасы қолдауға ие болды. Төртінші кезеңдегі көмек облыс бойынша Маржанбұлақ, Бестамақ, Комсомол, Қарауылкелді, Ырғыз, Бадамша, Қобда, Мәртөк, Шұбарқұдық, Ойыл ауылдарындағы мұқтаж отбасыларға (нақты саны 4328) беріле бастады. Олардың ішінде аз қамтылған көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар бар.
Бесінші кезеңді қосқанда облыс бойынша «Birgemiz» қоры арқылы 34 мыңнан аса тұрғынға қаржылай көмек көрсетілген.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button