Экономика

Жыл басынан бері облыста 10 327 жұмыс орны құрылған

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен отырыс өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласының әкімі, облыстық басқармалардың басшылары, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.

Отырыста өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
— Биылғы жылдың аяқталуына санаулы айлар қалды. Сондықтан биыл жүзеге асырылуы тиіс жұмыстарды атқаруда кедергілерді анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыру қажет. Инвестициялық жобалар толығымен жүзеге асырылуы тиіс, — деді Оңдасын Оразалин.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов 13 қазанға дейін өңірде ресми жағдайда коронавирус инфекциясы бойынша бірде-бір жағдай тіркелмегендігін жеткізді.

Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін облыста 3204 науқас сауығып шыққан. Алдағы уақытта қажеттілік туындаған жағдайда төсек-орын саны 315-тен 3603-ке дейін артады. Қазіргі таңда өңірде А.Досжанова жатақханасы, Жайсаң көпсалалы колледжі, Қарғалы ауданының Әлімбет мектеп-интернатында 440 орындық 3 стационар жұмыс жасауда. Оларда шетелден келген азаматтар тексеруден өткізіліп жатыр.

Облыстағы 1547 төсек-орынның 1438-і, яғни 93%-ы оттегімен қамтылған. Емдеу мекемелері бір айға жеткілікті дәрі-дәрмекпен, жеке қорғану құралдарымен қамтылған. Өңірде 85 264 адам тұмауға қарсы екпе алып, жоспар 96%-ға орындалған. Екпе алу жұмыстары үлкен ұжымдарда ақылы негізде жүргізілуде.

Бүгінге дейін облыста мониторингтік топ санитарлық талапты бұзған 909 жағдайды  анықтаған. Әкімшілік жауапкершілікке 633 адам тартылып, 79 млн теңге айыппұл салынған.

Осы орайда облыс әкімі ережелердің сақталуын қадағалауды, мониторингтік топтардың  жұмыстарын одан әрі күшейтуді тапсырды.
Бұдан кейін отырыста облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров өңірде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын баяндап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.

Биыл облыста 11 942 жұмыс орнын құру, (оның 11567-сі — уақытша, 375-і — тұрақты) жұмыспен қамту орталығы арқылы 50 %-ға дейін азаматтарды еңбекпен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 10 327 жұмыс орны құрылып, жоспардың 89%-ы орындалған. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан 5 540 адамның  2308-і — жастар, 82-сі — мүгедектер, 260-ы — аз қамтылғандар. Олардың орташа жалақылары — 87 315 теңге. Аталған бағдарлама бойынша 303 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 46,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін 302 жобаны іске асырушылар анықталып, жұмыстар жүргізілуде.
Отырыста облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Иран Шархан биылғы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, биыл негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі — 410,4 млрд теңге. Сондай-ақ биыл басқарма инвестиция көздерін тартуда арнайы жұмыс тобын құрған. Олар Қазақстан Республикасы Елшіліктерінің экономикалық блогымен және «Kazakh Invest» АҚ-мен бірлесіп жұмыс жасап жатыр.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин әр салаға қатысты жетекшілік ететін орынбасарларына, қала, аудан әкімдеріне және облыстық басқарма басшыларына  мемлекеттен бөлінген қаражатты тиімді жұмсай отырып, жұмыс орындарының санын арттыруды, инвестициялық жобалардың жүзеге асуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button