Жаңалықтар

Бір топ ақтөбелікке «Халық алғысы» медалі табысталды

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет пандемияға қарсы күрестегі қажырлы еңбегі үшін ақтөбелік қоғам белсенділері мен еріктілерге «Халық алғысы» медалін тапсырды.

Марапатталғандар қатарында Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы  Мұхтарита Сағындықова, Ақтөбе қаласы бойынша «Есеп» бухгалтерлер мен аудиторлар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Берік Асанов, «Shaniraq Aqtobe» қоғамдық қорының директоры Еділ Аймағамбетов, «Ақтөбе қайырымды жандар» волонтерлік тобының белсендісі Еламан Байғозин, белсенді волонтер Мұрат Байзақов, Темір ауданы «Ниет» еріктілер тобының белсендісі Асылбек Нағметов бар.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет:

— Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мүмкін болған қауіп-қатерге қарамай, індетке қарсы күресу — нағыз патриотизмнің көрінісі.  Өздеріңіздей бүгінгі күннің шынайы батырларына халықтың алғысы шексіз, — деп атап өтті.

Сонымен қатар облыс басшысының орынбасары індеттің беті қайтқанымен, қауіптің әлі барын, бейқам жүру, осы уақытқа дейін жасалған еңбекті зая кетіру мүмкін екенін, сол себепті де сақтық шараларын толық ұстануымыз қажеттігін нықтап ескертті. «Осыны барынша ел-халыққа түсіндіре алсақ, елдің қамы үшін жасап жатқан осындай істеріміз қайырлы болады деп сенемін!» — деген М.Шермағанбет марапатқа ие болғандардың әрқайсысына алғыс білдіріп, отбасыларына амандық, бақыт пен сәттілік тіледі.

Өз тілшімізден.

Басқа жаңалықтар

Back to top button