Жаңалықтар

9 айдың көрсеткіші қандай?

БРИФИНГ

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева биылғы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде облыста азаматтарға мемлекеттік тілді тегін оқытудың  толыққанды жүйесі қалыптастырылған. Атап айтсақ, жыл басынан бері өңірде 15 285 адам мемлекеттік тілді үйрену үшін оқыту курстарына қатысқан. Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты наурыз айынан бастап тұрғындар zoom, telegram, skype, whatsaрp, xrecorder платформалары арқылы онлайн форматта қазақ тілін үйренген.

  • Облыста этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Басқарма 2006 жылдан бастап бүгінге дейін «Возрождение», «Шатлык», «Азери», «Оксана», «Вайнах», тағы басқа этномәдени бірлестіктер мен «Ақтөбе облысындағы сыған диаспорасы», «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі жанындағы жексенбілік мектептерде мемлекеттік және ана тілдерін оқытуды жүзеге асырып, барлығы 4 мыңнан астам адам оқыту курстарында білім алды. Биыл жыл басынан бері өзге ұлт өкілдері арасында 240 адам қазақ тілін үйренсе, өз бетімен тіл үйренушілерге www.til-aktobe.kz сайтында қашықтан оқыту жүйесі қарастырылды. Қазіргі таңда аталған сайтқа тіркелгендер саны 100 мың адамға, ал қаралым саны 390 500-ге жетіп отыр, — деді басқарма басшысы.

Биыл басқарманың бастамасымен өңірде ономастика саласын ғылыми еңбектермен

қамтамасыз ету мақсатында 30-дан астам энциклопедиялық анықтамалық, топонимикалық және антропонимдік сөздік, әдістемелік жинақ және атлас жарыққа шыққан. «Ұлттық ономастика – ел айнасы» тележобасы мен «Атаулар мен есімдер – елдіктің белгісі» әлеуметтік ролигі жергілікті «Aqtobe» телеарнасында тұрғындар назарына ұсынылған. Сондай-ақ биыл Ақтөбе қаласындағы атаусыз 128 көшеге атау беріліп, идеологиялық тұрғыдан ескірген 4 көше атауы қайта өзгертілген.

Басқарма мамандарының жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, облыс тұрғындарының

96,3%-ы өңірдегі ономастикалық ахуалға оң көзқараста.

Сондай-ақ қазіргі таңда облыста мемлекеттік тіл саясатының бағыттарын түсіндіру, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпараттардан хабардар ету, халықпен кері байланыс орнату мақсатында 3 сайт (ресми сайт, til-aktobe.kz, kunshuak-aktobe.kz), 3 баспа басылымы, бір YouTube каналы, әлеуметтік желілерде парақшалар жұмыс жасауда.

Брифинг барысында басқарма басшысы бүгінгі күні облыста тілдік ахуал тұрақты екенін,

жүргізілген зерттеулер нәтижелеріне сәйкес өңір тұрғындарының 99,2 пайызының

тілге байланысты құқығы бұзылмағанын жеткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button