Әлеумет

Үй иесі, өрттен сақтан!

Жыл басынан бері облыста 602 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза болған. Ал 8 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алыпты.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының өкілдерімен өткен брифинг барысында айтылды. Басқарма басшысының орынбасары Құмар Тұрмағамбетовтің айтуынша, өрт оқиғаларының басым көпшілігі электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, сондай-ақ халықтың отпен абайсыз болуы себебінен болады. Жылдағыдай биыл да өрт оқиғасының ең көбі тұрғын үй секторларында тіркелген.

— Жыл басталғалы тек тұрғын үй секторларында — 322, ал көлікте 124 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Осы жағдайлардың қайталанбауы үшін жылыту маусымының алдында департамент қызметкерлері кең ауқымды профилактикалық жұмыстарды бастады. 15 тамызда басталған профилактикалық жұмыстар екі  кезеңнен тұрады. Жұмыс барысында біз  нұсқаулықтар таратып, үй иелерінің рұқсатымен тұрғын үйлерді қарадық. Талапқа сай келмейтін жағдайларды анықтап, үй иелеріне  арнайы ұсыныстар мен ескертулер  жасадық. Айта кетейік, барлық үйлерді аралау жұмыстары санитарлық талаптарға сай орындалды, — деген Құмар Тұрмағамбетов бүгінгі таңда түсіндірме және алдын алу жұмыстарымен 33 мыңнан астам тұрғын, 12 мыңнан астам тұрғын үй қамтылғанын айтты.

— Тексеріс кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған 1000-нан астам заңсыздық анықталды. Тұрғындар жіберетін негізгі қателіктер электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға байланысты. Сондай-ақ мұржаның бітелуі де өте қауіпті. Осыны көпшілік тұрғындар ескере бермейді. Біз аталған азаматтарға ескертулер бердік, профилактикалық жұмыстың екінші кезеңінде бұл үйлерді қайтадан аралап, тексеретін боламыз, — деді басқарма басшысының орынбасары.

Өрттің алдын алу бойынша жұмыстар Ақтөбедегі бау-бақша ұжымдарында да жүргізілді. Ал мектепке дейінгі ұйымдар мен оқу орындарында бұл шара онлайн режимде өтті.

Біле жүріңіз!

Пешті алдын ала қыздыруға дайындап, бар жарықтарды бітеп, күйеден тазартып, содан кейін бұл процедураны 3 айда 1 рет орындап тұрыңыз. Пештің оттық есігінің астындағы еден міндетті түрде 50*70 см металмен жабылуы керек.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button