Жаңалықтар

«Қайырымдылық керуені» қайта келді

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Хабар» агенттігі мен «КТК» телеарнасы және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені бірлесе ұйымдастырып жатқан «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы биыл да өтеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы өңірлік құрылымының өкілдері Нұржамал Құлекенова мен Ақгүл Тағанова және облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Арман Ахметов қатысқан баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

Жобаның негізгі мақсаты — ізгілікті насихаттап, қайырымдылық идеяларын дәріптеу.

1 қазаннан бастап 15 желтоқсанға дейінгі кезеңде еліміздің барлық өңірінде конкурсанттарды іріктеу жұмысы жүргізіледі. Конкурс қатысушылары материалдарын  karavanaktobe@mail.ru электронды поштасына жібере алады. Жеңімпаздар  2021 жылдың ақпан айының соңында — Алғыс айту күні мерекесінің қарсаңында белгілі болады. Лауреаттар бес номинация бойынша анықталады, — деген Нұржамал Құлекенова аталған байқауға Ақтөбе облысынан 2018 жылы 6 үміткер, ал 2019 жылы 14 үміткер өтінім беріп қатысқанын айтты. Арасында жүлделі орындарға ие болған азаматтар да бар.

Байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

«Асар» номинациясы халықтың салт-дәстүрімен байланысты қайырымдылық қызмет көрсететін адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған болса, «Туған жер» номинациясы білім беру, өлкені көріктендіру саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған.  Ал ерікті түрде халыққа тегін көмек көрсетіп жүрген азаматтар «Мейірім жолында» номинациясы бойынша өз бақтарын сынай алады. Қоғам үшін батыл қадамға барып, ерлік көрсеткен азаматтар үшін «Батыл жүрек» номинациясы, ал әлеуметтік проблемаларды көтеріп, қайырымдылық тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистер үшін «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бар.

— Біздің өңірде қайырымдылық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созатын жандар жеткілікті. Биыл соны анық көрдік. «Біз біргеміз» акциясы аясында қаншама отбасыға көмек көрсетілді. Барлығы осы жомарт жүректі азаматтардың арқасы. Сондай-ақ облыста «Туған жерге тағзым», «Ауыл қамқоршысы» секілді акциялар аясында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы тек «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 600-ден астам жоба жүзеге асырылған.

Ізгілікті насихаттап, қайырымдылықты дәріптеуге арналған «Қайырымдылық керуені» байқауына да біздің өңірдің азаматтары бір кісідей қатысады деп үміттенеміз, — деді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Арман Ахметов.

Ақерке Мәлікқызы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button