Басты бет » Жаңалықтар » Тәртіпке бағынбағандардың ісі сотқа жіберіледі

Тәртіпке бағынбағандардың ісі сотқа жіберіледі

Брифинг

13 қазан күні облыста коронавирус жұқтырған бір адам тіркелді. 1989 жылы туған әйел Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ол COVID-19-ға профилактикалық мақсатта тексерілген. Нәтижесінде вирус жұқтырғаны анықталды. Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3258 жағдай тіркелген. Оның ішінде 3206 адам айығып шыққан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Дүйсенбаеваның айтуынша, аймақта эпидемиологиялық жағдай тұрақты.  6 қазаннан бастап облыста үш карантиндік стационар ашылып,  472 адам жатқызылған. Оның 461-і үйіне оралған. Стационарға жатқызылғандардың ішінен екі адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Төрт зертхана  жұмыс жасап тұр. Тәулігіне 518 ПТР тест жүргізеді. Қазір еліміздің бірқатар облыстары қатаң карантин режимін енгізді. Себебі кейбір өңірлерде репродуктивті көрсеткіш 1-ден асып кеткен. Қазіргі таңда облыстың көрсеткіші — 0.91.

Қатаң карантин режимінің енгізілмеуі тұрғындардың  санитарлық талапты орындауына тікелей қатысты. Бетперде киіп, арақашықтықты сақтап жүрсек, індеттің өршуіне жол бермейміз. Республиканың бас санитар дәрігерінің бекіткен қаулысына сәйкес шектеулер енгізілді. Мәселен, жексенбі күндері жабық базарлар жұмыс жасамайды. Кейбір мекемелердің жұмыс уақыты қысқарды. Алайда кәсіпкерлердің ішінде  талапқа бағынғысы келмейтіндер бар. Ескертулерге құлақ аспайды. Қазір облыста 37 мониторинг топ жұмыс жасайды. Олар күні-түні кемшіліктерді анықтап отыр. Бүгінгі күні 952 факт анықталды. 651 азаматқа әкімшілік шара қолданып, 82 миллион 500 мың теңге айыппұл салынды, — деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Талапты бірнеше рет бұзып, қаулының талабына бағынбағандардың ісі сотқа жіберіліп, кәсіпкерлік нысаны жабылады. Департамент басшысы әлеуметтік желідегі тікелей эфирде осыны ескертті. Облыстың бас инфекционист дәрігері Мейрамбек Құрманғазин тұрғындарды тұмаудан сақтанып жүруге шақырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.