Денсаулық

Covid-19: аудандағы ахуал қалай?

Бүгінде өңірдегі эпидемиологиялық  жағдай тұрақталып келеді. Дегенмен қауіп толық сейілген жоқ. Маусым-шілде айларындағы жағдайды қайтадан қайталамас үшін жергілікті билік нақты жұмыстарды қолға алған. Аудандық ауруханалар да материалдық-техникалық базаларын кеңейтіп, жабдықтарын жаңартып жатыр.

Біз бұл жолы Қобда аудандық ауруханасының қазіргі жағдайымен танысып, карантин кезіндегі тыныш-тіршілігі қалай болғанын сұрап білген едік.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Ботагөз Саренова аудандағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Пневмония жұқтырған соңғы науқас ауруханадан 13 тамызда шыққан. Содан бері ауданда індет жұқтырған бірде-бір науқас тіркелмепті. Бірақ аудан әкімдігі мен аурухана дәрігерлері қажетті заттар мен қорғаныс құралдарының қоры болғанын жөн деп санайды. Бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Мәселен, биыл аудандағы аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілген. Бұл мақсаттағы жұмыстар үшін «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 96 миллион теңге бөлініпті. 60 орынға арналған бөлімше індеттің екінші толқыны болған жағдайда науқастарды қабылдауға дайын. Бұл жұмыстармен Қобда ауданына барған сапары барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі танысқан болатын.

— Бұрын аудандық аурухананың жанында жұқпалы аурулар бөлімшесі болды. Дегенмен қажеттілік болмаған соң бұл бөлімше жабылып қалып, ғимарат медицина саласының басқа қажеттіліктері үшін пайдаланылып келген болатын. «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында 1983 жылы салынған ғимарат жаңарып, ел игілігі үшін қайтадан пайдалануға берілді. Оттегі концентраторы жеткілікті. Құны қымбат тұратын рентген аппараты алынды. Дәрі-дәрмек қоры да мол, — деді аудандық аурухананың бас дәрігері Ботагөз Саренова.

Ауруханада санитарлық көлік те жеткілікті. Жуырда мекеме жаңа реанимобильмен толығыпты.

Бірде-бір маман індет жұқтырған жоқ

Бүгінгі таңда Қобда ауданында жалпы саны 39 дәрігер мен 129 мейірбике бар. Олардың ішінде 34 дәрігер мен 74 мейірбике аудандық ауруханада қызмет етсе, қалған мамандар ауылдық округтерде жұмыс жасайды. Әңгіме барысында бас дәрігерден індеттің өршіп тұрған тұсында жағдайдың қалай өрбігенін сұрадық.

Пандемия кезінде блок-бекеттер мен фильтрде, провизорлық және  инфекциялық стационарларда 8 дәрігер, 17 мейірбике,3 фельдшер, 15 санитар-мамандар жұмысқа тартылды. Ал індет жұқтырған науқастармен 3 дәрігеріміз бен 8 мейірбике күндіз-түні жұмыс жасады. Науқастардың көбеюіне байланысты мейірбикелер санын 12 адамға дейін көбейттік. Барлық мамандар қорғаныс құралдарымен 100 пайыз қамтылды, — деген бас дәрігер пандемия кезінде науқастармен тікелей жұмыс жасаған бірде-бір медициналық қызметкері індет жұқтырмағанын айтты.

— Сол тұста көп ауруханаларда маман тапшылығы сезілді. Дәрігерлердің өздері індет жұқтырып алып жатты. Дегенмен індет жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс жасаған бірде-бір қызметкеріміз КВИ-мен немесе пневмониямен ауырған жоқ. Науқастарды емдеп шығарумен қатар медицина қызметкерлерінің ауру жұқтырып алмауына аса мән берілді, — дейді бас дәрігер.

Сол тұста Қобда ауданы бойынша 15 адам індет жұқтырса, 164 адам пневмонияға шалдыққан. Ауру жұқтырған науқастар санының күрт көбеюіне байланысты пандемия кезінде аурухананың босану бөлімшесінде 40 кереует, аудан орталығындағы көпсалалы колледжде 30 кереует дайындалған.

— Пневмония жұқтырған тұрғындардың 104-і стационарға жатқызылды. Ал 60 адамның ауруы жеңіл өтті. Бүгінгі таңда барлық науқастар үйлеріне шығарылды. Соңғы науқас 13 тамыз күні толық ауруынан айығып, үйіне жіберілді. Өкінішке орай, өкпесі қабынған 5 науқастың бұрынғы қосалқы ауруларының өршіп кетуіне байланысты өмірлерін сақтай алмадық, — дейді Ботагөз Саренова.

Жақынына жанашыр қобдалықтар

Аудандық аурухананың бас дәрігері әлемді алаңдатқан коронавирус індеті мен пневмония ауруларының алдын алуға және онымен күресуге қобдалық кәсіпкерлердің де бір кісідей атсалысқанын айтады. Қайырымды азаматтардың көмегімен аудандық ауруханаға оттегі жастығы алынып, қой еті мен қымыз, саумал тегін жеткізілді.

Індет күшейген тұста аудандағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер үш күннің ішінде аудандық аурухананың асханасына 200 келіден аса қой етін тапсырған. Сондай-ақ демеушілер тарапынан бірнеше аппарат сыйға тартылды.

— Қобда жұртшылығы қашан да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген» ұйымшыл халық. Ел басына күн туған тұста осы бір көпке үлгі боларық әрекеттерін әдемі жасай білді. Жақынына жанашыр бола білетін азаматтардың арқасында науқастарға жаңа сойылған қой еті, қымыз, шұбат, саумал тегін берілді. Иммунитетті нығайтуға үлес қосатын бұл тағам түрлерін арнайы ас мәзіріне де енгіздік, — дейді Б.Саренова.

Сондай-ақ  қобдалық демеушілер көмегімен ауруханаға  14 оттегі концентраторы, 15 пульсоксиметрия, 5 Бобров аппараты, 21 оттегі жастығы алынған.

Пандемия кезінде ауданда медициналық бетперде тапшылығын болдырмау мақсатында қобдалық тігіншілер бетперде тігу жұмыстарын қолға алғандығын, аудан орталығындағы тігін цехтары 24 сағат бойы күшейтілген режимде көп қабатты бетперде тігіп таратқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Ботагөз Саренова қиын кезеңде жерлестерге жанашыр болып, денсаулық сақтау саласының мамандарына барынша қолдау көрсеткен азаматтарға өз алғысын білдірді. Өз өміріне қауіп төніп тұрғанын білсе де науқастарды қараусыз қалдырмай, қызметін адал атқарған әріптестерінің еңбегі елеусіз қалмағанын айтады бас дәрігер.

Ауданға онколог қажет

Әдетте, ауылдық жерлерде дәрігер санының жетіспеушілігін, соның салдарынан ауыл халқының облыс орталығына баруына тура келетіндігін естіп жатамыз. Дегенмен бас дәрігер батырлар мекенінде қажетті мамандар жеткілікті екенін жеткізді.

— Ауданда маман тапшылығы жоқ. Жыл сайын әріптестеріміз қатары жас мамандармен толығып отырады. Мәселен, биылдың өзінде ауданға 5 жас маман келді. 3 педиатр, 1 жалпы тәжірибелік дәрігер, 1 стоматологпен толықтық. Бірақ ауданға онколог маман ауадай қажет. Бұл бағытта жұмыстар қолға алынды. Медицина университетіне сұраныс жіберіп қойдық, — деді Ботагөз Сарманова.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button