Басты жаңалықтар

«Ақтөбенің» белсенді оқырмандары марапатталды

Баспасөз — 2021

Баспасөзге жазылу науқанының басталуына орай облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің өкілдері Ырғыз ауданына барып, оқырмандармен кездесті. Кездесу барысында қос газеттің тұрақты оқырмандары болып келе жатқан белсенді ұжымдар марапатталды.

Аудандық «Арай» мәдениет үйінде өткен шара ырғыздық оқырмандардың «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның баспа өнімдері мен музей экспонаттарынан жасақталған көрмесін тамашалаудан басталды. Ырғыздықтар қос газеттің тарихымен танысып, игі істердің куәсі болды. Сондай-ақ Мәдениет үйінің фойесінде «Қазпошта» мекемесінің қызметкерлері аудан тұрғындары үшін баспасөзге жазылуды ұйымдастырды.

Салтанатты шарада «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин қазіргі таңда өңірде баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқанын жеткізіп, облыстық қос басылымның ұзақ жылдар бойғы тұрақты оқырмандары болып келе жатқан аудандық білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласы қызметкерлеріне зор алғысын білдірді.

  • Ырысты мекен Ырғыз — бүгінде өңірдегі іргелі, тарихы мол, жылдан-жылға дамып келе жатқан аудан. Бұл ауданда біздің қос газетіміздің тұрақты, жанашыр оқырмандары көп. «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері — бұл облыстың байырғы басылымдары. Тіпті республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінен бұрын біздің облыстық «Актюбинский вестник» газеті 1918 жылдан бастап жарыққа шыққан. Мұның өзі — біздің үлкен жетістігіміз. Ал бүгін аудандарыңызға келіп отырғандағы мақсатымыз — сіздермен емен-жарқын кездесу, жанашыр оқырмандарымызға құрмет көрсету.

Айта кету керек, биылғы жылы індетке байланысты елімізде болған шектеулерге қарамастан, біздің ұжым тынымсыз еңбек етіп, газеттеріміз аптасына үш рет үзіліссіз жарыққа шығып отырды. Қиын кезеңде дәрігерлер, мұғалімдермен қатар біздің журналистердің де бір сапта жүріп, халыққа қызмет еткенін атап өткен жөн.

Тарихты түгендесек, осы ауданнан көптеген Социалистік Еңбек Ерлері, белгілі тұлғалар шыққан. Ауданға арнайы іссапарымыз аясында біз облыстық «Ақтөбе» газетінің кезекті санында сол Еңбек Ерлерін атап, өңірдегі жағымды жаңалықтарды жазып, сіздерге ұсынып отырмыз, — деген медиахолдинг басшысы Раукен Отыншин «Назар» шаруа қожалығының басшысы Мәдіғали Құсейіновке Ырғыз ауданынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Өтеу Құдайбергенов атындағы сыйлықты, ал Ырғыз аудандық орталық ауруханасына белгілі ғалым-онколог Асылбек Төлеуов атындағы сыйлықты табыс етті. Сондай-ақ «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Мейірхан Дуанбековті мерейлі  жасымен құттықтап, сый-сияпат көрсетіп, аталған мекеме ұжымына арнайы Алғыс хат табыстады. «Ақтөбенің» жанашыр оқырманы ретінде мерейтой иесінің омырауына «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның арнайы төсбелгісін тақты.

Бұдан кейін шарада облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, белгілі ақын, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев оқырмандарға жылы лебізін білдірді.

  • Ырғыз дегенде, ең алдымен, Ыбырай Алтынсарин еске түседі. «Өнер, білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды», — деп Ыбырай Алтынсарин жырлағандай, бүгін тастан салған кең сарайдың ішінде отыруымыздың өзі — алған біліміміз бен бізге сол білімді берген ұстаздардың арқасы. «Ең қадірлі мамандық қандай?» дегенде, ақылды адамдар ұстаздықты айтады. Мен де дәл солай ойлаймын. Себебі өмірде кез келген дүниені үйренуге болады, алайда білімі жоқ адам ештеңені үйрене алмайды. Ұстаз деген қауым, бұрыннан да білесіздер, кешегі індет кезінде де оны көпшілік түсінді, олар — өте төзімді, жан-жақты мамандық иелері.

Қазақ өзі бір нәрсеге сыйынып, сүйінетін халық қой, қазіргі таңда баспасөздің сүйінетіні — ұстаздар қауымы. Бүгінгі күні біздің оқырмандарымыздың да басым бөлігі — мұғалімдер. Сондықтан аудандағы барлық ұстаздарды өткен мерекелерімен құттықтай отырып, газетіміздің тұрақты оқырмандары болғандарыңыз үшін алғысымызды айтамыз, — деп, ерекше тілек білдірген Ертай Ашықбаев қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке «Ақтөбе Медиа» ЖШС атынан арнайы Алғыс хат және естелік сыйлық табыс етті.

Салтанатты шарада сондай-ақ облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева Ырғыз гимназиясының ұжымын, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Руслан Дарбаев №1 Ырғыз орта мектебінің ұжымын, «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Еркебұлан Мұстафин «Қызылжар ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесін «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның арнайы Алғыс хатымен марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.

Шара барысында «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Еркебұлан Мұстафин облыстық басылымдар қашанда ауданға кешіктірілмей жеткізілетінін айтса, көп жыл аудандық «Ырғыз» газетінде қызмет еткен ардагер журналист Рақымжан Өтемісов аудандағы оқырмандар атынан газет ұжымына ризашылығын жеткізіп, өзінің естеліктерін айтып, ұсыныстарымен бөлісті.

Бұдан кейін «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин аудандық «Ырғыз» газетінің ұжымын биылғы 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, газет басшылығына арнайы Құттықтау хатын, ал серіктестік пен аудан әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастық байланыс үшін аудан әкімі Аққанат Шахинге Алғыс хат тапсырды.

Шара соңында сөз сөйлеген аудан әкімі Аққанат Шахин бүгінгі күні аудандағы әрбір оныншы тұрғын «Ақтөбе» газетіне жазылатынын, ырғыздықтар облыстық басылымдардың әр санын асыға күтетінін жеткізіп, қос газеттің ұжымына шығармашылық табыстар тіледі.

Кеш барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші, сазгер Орал Байсеңгір мен «Арай» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.

Айта кету керек, салтанатты шарадан соң журналистер қауымы аудан орталығындағы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватын аралап, мекеме мамандарымен кездесіп, олардың жұмысымен танысты.

                     Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Ырғыз-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button