Басты жаңалықтарМәселе

Жол:  жүру оңай, жөндеу қиын

Жол десе, көзімізге асфальт елестейді. Әрине, тақтайдай тегіс жолмен жүру — жолаушылардың арманы. Әрі діттеген жеріңе қиналмай жетіп, уақытты үнемдеуге жақсы. Енді сол жолдар қалай салынып, қалай жөнделеді? Оның да біраз машақаттары бар екенін көбіміз біле бермейміз. Қазіргі кезде халықтың қарайтыны — жолдың сапасы. Кейде жол құрылысының мерзімінен кешігіп аяқталуының себептері неде? Сол жолдың сапасын кімдер тексереді?  Мердігерлерден қалай қабылдап алады? Жолдың сапалы салынуы үшін алдымен неден бастау қажет? Міне, осындай мақсатта облыстағы жасалынып, жөнделіп жатқан жолдармен танысып, мамандарымен бірге зерттеу жасап қайттық…

Асфальт — ақшаның жауы

Ақтөбе облысында 1869 шақырым республикалық маңызға ие автомобиль жолдары бар.

Самара-Шымкент республикалық тасжолының ұзындығы — 2100 шақырым. Ресей Федерациясынан басталатын жол Орал асып, облысымыздың үстімен өтіп, Қызылорда облысын қиып, Шымкентке дейін барады. Осы жолдың Ақтөбе облысына тиесілі қашықтығы — 661 шақырым. Ақтөбе қаласы мен Қобда, Хромтау, Әйтеке би және Ырғыз аудандарын жалғайды. Шалқарлықтар да әзірге «алыс та болса жақын» деп осы жолмен жүруге мәжбүр. Ал осы жолдың бойында қаншама ауыл бар. Сондықтан Самара-Шымкент тасжолының облыс үшін маңызы өте зор. Ақтөбе облысының аумағындағы жол «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалына қарайды. Жыл сайын жөндеу, күтіп ұстау жұмыстары да бір тоқтамайды. Өйткені бұл жолмен күніне мың сан көлік жүреді. Тоғыз жолдың торабына айналған Ақтөбе облысындағы жолдардың сапасы да бүгінгі күннің талабы. Биыл республикалық жолды жөндеуге үкіметтен 1 470 938 теңге бөлінді. Оған Қобда ауданындағы 64 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Оның құны — 982 934  теңге. Одан кейін Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында 488 004 теңгеге 25 шақырым жол жасалды.

Жуырда «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының орынбасары Айбол Данағұл бастаған топ комиссия құрамымен бірге осы жолдарды қабылдап алды. Қобда ауданындағы асфальттың бетіне  қорғаныш қабаты төселген. «АссанаДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаған жолдың жөндеу жұмыстары жан-жақты тексерілді. Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейін барған комиссия мүшелері жолдың барлық талапқа сай салынуын тексеріп, мердігердің жұмысына көңілі толды. Бақылау, тексеру жұмыстары жол салыну барысында да жүргізілген.

Асфальттың жауы — су. Бойынан тесіп алса, астын үңгіп қуалай береді. Мұны көп ұзатпай жөндемесе, шұңқырға айналады. Жолдың жырығы көбейеді.

Қорғаныш қабатын төсеу, асфальтты сақтап қалудың бірден-бір амалы. Ұзын жолдың жарылған, асфальты тесілген жерлерін одан әрі көбейтпес үшін қорғаныш қабаты екі-үш жылға дейін сақтап тұрады. Ұсақ қиыршық таспен араластырылып құйылған жолдың беті әрі қауіпсіз болады. Көліктің тоқтауына, қыста таймауына септігін тигізеді. Оның жарамдылық мерзімі — 3 жыл. «АссанаДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екі жылдық кепілдігі бар. Егер жарылып, қиыршықтастары бытырап, жүруге қолайсыздық туғызса, бүлінген жерлерді қайта жөндеп беруді мойнына алып отыр.

Одан кейін Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ ауылынан басталған 25 шақырым жол жөндеуден өтті. «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы ауылдың кіреберісіндегі қиылысқа шағын алаң салған. Әйтеке би ескерткішінің алдына брусчатка тас төсеп, сыртын қоршаған. Көлік тұратын жерлерді де арнайы белгілермен жасапты. Отырғыштар қойылып, алаңға жарық шамдарын орнатқан. Бұдан былай алаңның іші жолаушылардың бой жазатын орны болмақ. Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов сол алаңның ішін әрлеуді қолға алып отыр. Ішін гүлмен безендіріп, газон төсеу керектігін айтты. Мұндай алаң ауылдың сәнін келтіреді. Сонымен бірге қоршаудың ішінде шағын ойын алаңы болады. Алдағы уақытта турник, әткеншек секілді жабдықтар қойылады.

Ұзын жолдың бойында мұндай алаңдардың болғаны дұрыс. Жолаушылардың ішінде белі ауыратындар болады. Балалардың іші пысады. Сол кезде осы жерге аялдап, бойын жазып, спортпен айналысатындар жүгіріп те алады. Әрі бұл жерде кемпингтер көп болғандықтан адамдар жиі келеді, — дейді «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалы басшысының орынбасары А.Данағұл.

Сонымен, биыл 89 шақырым республикалық жол жөндеуден өтті.

Құрылыстың қай түрі де жасалынып болғаннан кейін кемшілігі шығып жатады. Несін жасырамыз. Бұрынғы қалыптасқан түсінік бойынша қабылдау комиссиясына пара беру арқылы құрылысын өткізіп жіберетін мердігерлер бар деп әркім де ойлайды. «Жолға кеткен ақшаны жеп қойған», «Жол сапасыз салынды» деген сөздер желдей еседі. Ақыры жолдан кемшілік шықса, қабылдаушылар мен мердігерлерді кінәлаймыз.

Алайда қабылдау комиссиясының төрағасы, өмір бойы жол саласында жұмыс істеп, зейнеткерлік жасқа жеткен Әкімжан Өтемұратов  жоғарыдағы әңгімелердің қисынсыз екенін айтады.

Мұндай әңгіменің заманы өткен. Қазір бір тиынына дейін есептеулі. Ал жолды қабылдауға келсек, «жеті рет өлшеп, бір рет кесеміз». «Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ. Ертең сөз өзімізге келетін болғаннан кейін барлығын құжатқа сай қарап, қабылдаймыз. Жолдың құрылысы — күрделі механизм. Көбі былай түсінеді: жол салынып болғаннан кейін комиссия бір-ақ келеді. 

Олай емес, мердігермен келісімшартқа отырып, жолдың құрылысы басталып, аяқталғанға дейін талай рет келіп кетеміз. Тексереміз, кемшілік көрсек, бірден түзетуге күш саламыз. Айталық, биылғы жолдың құрылысын «Адалдық алаңы» да тексерді. Республикалық жолдың жауапкершілігі де жоғары. Біздің де үстімізден тексеретін адамдар бар. Жалпы, жол салу — жақсы ат бермейтін жұмыс. Жолшылардың жұмысы көрінбейді. Өйткені жол құжат жүзінде республикалық, облыстық, аудандық боп айтылғанымен, халық үшін бөлінбейді. Жол — қалада да, далада да жол. Жайсыз жолға тап болса, тілдейді, қарғайды. Бүгін бұзылған жол ертең жөнделе салмайды ғой. Оған уақыт керек, бәрі заң жүзінде шешіледі. Жауап беретін мамандар бар.  Қаншама жол салынып жатыр. Жөнделіп жатыр. Ең бастысы — қаражатқа келіп тіреледі, — дейді Әкімжан Өтемұратов.

Иә, бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Әсіресе, құрылыс саласындағы ең қымбаты да осы жол.

Он шақырым жолдың ақшасына бір мектеп салуға болады екен. Мердігерлердің айтуынша, асфальттың бағасы «ұшып» тұр. Бір шақырым жолға 1000 тонна асфальт жұмсалады. 1 тонна асфальттың құны — 15 мың теңге. Бұл оның тек беткі қабаты ғана. Жол құрылысына жұмсалатын өзге де құрылыс материалдары қаншама. Сонда 100 шақырым жолдың ақшасын есептей беріңіз…

Жол салынбас бұрын сметалық-жобалық құжаты жасалады. Оның бойындағы көпірлер, терең сайлар мен биік жерлерде көлік тайып құлап кетпес үшін қойылатын қорған — қисық сызықты білемдер, белгілер, қар ұстайтын қорғаныш қабаттары тағы басқа қажетті материалдардың түйір шегесіне дейін есептеледі. Зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сараптама жасалады. Оның өзіне қыруар қаржы жұмсалады. Әрбір өлшемі құжатқа сай, техникалық қауіпсіздіктің барлығы ескеріледі. Сөйтіп, құжат дайын болғаннан кейін министрлікке ұсынылады. Ол жақтан тағы екшеліп, талапқа сай нормалары қатаң қадағаланады. Бір жерінен қате табылса қабылданбайды. Жобаны қайта жасауға жібереді. Кейде 3-4 рет жасауға тура келеді. Сөйтіп, сметалық жобасы дайын болғаннан кейін үкіметте қаралады. Оған сай бюджетте ақша бар ма, жоқ па? Сметалық жоба жасалды, құны есептелді, сол ақша бөліну керек деген қағида жоқ. Мемлекет те адам сияқты. Шамасына қарай бөледі. Мемлекеттің бөлген ақшасына сай құжат қайта жасалады. Жол құрылысына қажетті материалдардың қымбат емес арзан түрі алынатын болады. Айналып келгенде жолдың сапасы ақшасына тәуелді болады. Міне, «арзанның сорпасы татымас» дегендей арзанға салынған жолдың қызметі де алысқа бармайды.

«Жолдың жайын жүрген біледі» десек те, оның қадірін салған адамнан артық ешкім білмес. Жолдың сапалы болуы оның құрылыс материалдарына байланысты. Жолға жұмысшы қажет. Арнайы мамандар керек. Мердігерлердің айтуынша, қазіргі жастар мұндай жұмысқа барғысы келмейді. Әдетте жергілікті жерлерден жұмыспен қамту орталығы арқылы бірнеше адамды жұмысқа тарту керек. Алайда олар жарытып жұмыс жасамайды екен. Уақыт создырып, жалақы алатын күнді асыға күтетін олардан маман шықпайды. Мердігерлердің айтуынша, арнайы техникаларды жүргізетін адам керек. Қара жұмысшыларға 150 мың теңгеге дейін төлейді.

Қазіргі таңдағы қала мен аудандарда жасалып жатқан жолдар орташа жөндеуге жатады. Орташа жөндеу дегеніміз — тек беткі қабатын ғана тегістеу. Ал күрделі жөндеуде асфальттың астындағы тасты қайта алып, бәрін жаңадан жасайды. Биіктетеді, арнасын кеңейтеді. Жол салудың да өз тәртібі бар. Бәрі құжатқа сай болуы керек. Асфальттың қалыңдығы 6 сантиметрден кем болмауы тиіс. Ені  — 8 метр болуы шарт. Асфальттың бетіндегі сызық белгісінің ені — 15 сантиметр, ұзындығы — 4 метр. Көлік үшін маңызды рөл атқармағанымен, әрбір сызықтың арақашықтығы 3 метрден болады. Оның да бағыт таңбалары есепке алынады. Жолдың жиектемесі тағы бар. Асфальттың екі жағы көтеріліп, тегістелуі керек. Оның ені 2,5 метр болады. Оған құмды әкеліп төге салмайды. Ұсақ қиыршықтас араластырып, арнайы техникамен тегістеп өтеді. Жиектеме жолды жасауға көбіне ақша бөлінбейді. Бұл істі мердігерлер қосымша мойнына алып, тегін жасап береді. Қазіргі салынып жатқан жолдар 10 жылға төтеп береді дейді мамандар. Осылай салынған жолдарда жүретін ірі жүк көліктерінің салмағы 8-10 тоннадан аспауы керек. Шамадан тыс ауыр жүк тасымалы асфальттың тозуын тездетеді.

Облыстық  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы  Мәлімбет Ибрашевтың айтуынша, респубикалық маңызы бар жолдармен қатар, биыл облыстық, аудандық маңызы бар жол құрылыстары қарқынды жүрді. Ақтөбе қаласының өзінде 97 көше жөнделіп, жалпы ұзындығы 147 шақырымды құрады. Облыста жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығы — 4962,6 шақырым. Оның ішінде облыстық маңызы бар 1 262,8 шақырым жол болса, 3 699,8 шақырымы аудандық маңызға ие. Жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі жыл соңына дейін 59 пайызды құрайды деп жоспарланып отыр.

Биыл 606 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу бойынша  40,4 миллиард теңге бөлініп, 196 жобаны іске асыру көзделген. Қазіргі таңда барлығы іске асып, бес бағдарлама бойынша жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Жабайы жолдардың» жазымы көп

Қайда бара жатсаң да жол жиегіндегі ескерткіштерді көзің шалады. Сол жерде жол-көлік апатына ұшырап, қайтыс болған адамға арнаған туыстарының қойған белгісі. Әрине, кім жақынын ұмыта қойсын. Олай-былай өткенде еске түсіп жүрсін дегені болар. Бірақ заңның талабына салсақ, бұл қайшы. Жалпы, жол бойынан әрбір құрылыс нысанын салу үшін арнайы рұқсат алынады. Оның да ережелері бар. Жол жиегінен 50 метр әрі болуы керек. Ал жаңағыдай ескерткіштер бұл қашықтықты сақтамаған. Тағы бір мәселе — жолаушылар кез келген жерден өздері жол жасап алып түсіп-шыға береді. Мұны «жабайы жол» дейді. Яғни жолдың құжатында бұлар жоқ. Жол бойында кез келген жерден аялдайтын алаң жасап, сол жерді тұраққа айналдырып алатындар да кездеседі. Бұл, әсіресе, ірі жүк көліктеріне тән. Заңға сәйкес белгіленбеген жерге көлік қоюға болмайды. Оның бәрі қауіпті көбейтеді екен. Ұзын жолдың өз жылдамдығы бар. Айдалада жаңағы жабайы жолдан көлік шыға келсе, қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік тоқтап үлгере алмай, соқтығысуы әбден мүмкін. Ондай жағдайлар тіркелген. Қазір әр 30-40 шақырым сайын кемпинг бар. Жолаушылар сол жердің тұрағына аялдаған дұрыс. Жолда тоқтаған көліктерден міндетті түрде тұрмыстық қалдықтар қалады.

Ешқандай заңға бағынбайтын, дала заңымен жүретін ендігі әңгіме — әулие-батырлардың басына тоқтау. Бабасына тағзым етпей кетпейтін қазақты қай заңмен қудаласаң да, тоқтата алмайсың. Бұл — қанға біткен әдет, санаға сіңген парыз. Әрине, көп жағдайда олар жатқан тұста бағытын көрсететін белгі қойылып, кесенесі жақын болса, арнайы Құран бағыштайтын орын жасақталған. Бірақ республикалық жол мұндаймен санаспайды екен. Құжат жасақталғанда қай жерде батыр, әулие жатқандығын білдіретін мұндай белгілер қарастырылмаған. Ондай белгі болмағандықтан, ол жерге тоқтауға болмайды. Бірақ қайда да халықпен санаспасқа тағы болмайды. Бабасы жатқан тұсқа ұрпақтары белгі қойғанда осының бәрін ескеріп, жолаушыға қауіп болмайтындай етіп жасауы керек.

Күре жолдың күтіміне кім жауапты?

Жолдың күтіміне, жеңіл-желпі жөндеу, бояу, белгі қою, ауыстыру секілді ағымдық жұмыстарына жауап беретін — «ҚазАвтоДор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «ҚазАвтоДор»-дың қызметкерлері күн сайын тазалауға шығады. Республикалық жолдардың күтімін мойнына алған аталған мекеменің қарамағында 300-дей адам бар. Аудандарда жол жөндеу пункттері ашылған. Олар өздеріне берілген учаскелерді қарайды. Жол жиегіндегі өсіп кеткен шөптерді шабады. Жиі тазалап тұрмаса, адамға да малға да қауіпті. Олардың айтуынша, дала малы осы шөпке құмар. Жол бойындағы жылқылар да түнде жол-көлік оқиғасының көбеюіне әкеліп соқтырады. Сондықтан тазалық — басқа қауіпті азайту үшін кезек күттірмейтін жұмыс.

Біздің қызметкерлеріміз тазалық жұмыстарына күнде шығады. Күн сайын шығарылатын қоқыс азайған емес. Өкінішке қарай, қыста да толып жатады. Қыста қардан тазартамыз. Ол үшін жылына техникамызды 2-3 көлікке жаңалап тұрамыз. Биыл жұмысшыларды таситын 3 жүкке арналған «Газель» мен 3 «Нива» автокөлігін алдық. Жалпы, барлығы — 78 бірлік техникамыз бар. Қыста бәрі жұмылдырылады. Көлік жетпей жатса, жалға аламыз. Жыл сайын қыста төсеу үшін құм жинаймыз. Бір қыста 15 мың тонна құм тұзбен араластырылып  себіледі. Қазір құм жинау жұмыстары аяқталып болды, — дейді «ҚазАвтоДор» ЖШС-ның бас инженері Марат Тіленбаев.

Жол — ортақ мүлкіміз. Оның жөндеу жұмыстарын жасамаса да күтіміне атсалысу әрбір жолаушының парызы. Алайда кейбір жолаушылардың жауапсыздығы сын көтермейді. Жол тек жауапты мемлекеттік мекемелердің меншігі деп есептейтін кейбір адамдар арамызда жоқ емес. Серіктестіктің жолаушылардан күтетіні — тек қана тазалық. Бірақ жол жиегіндегі шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтарға қарап, кез келген жер жүргіншілердің қоқыс жәшігіне айналғанын байқауға болады. Ең сорақысы, даладағы контейнерлерге сойылған малдың терісін, сирағы мен ішек -қарнын тастап кетеді екен. Әр жерде қоқыс жәшіктері мен контейнерлер қойылған. Оған ешкім арнайылап тоқтамайды. Жүріп бара жатып көліктің терезесінен лақтырып кете беретіндердің қатары азаймай отыр.

P.S. Қорыта айтқанда, тағы да әңгіме жолдың сапасына келіп тіреледі. Жол салу мерзімінің ұзап кетуі, басқа да олқылықтардың орын алуы жол салушы мердігерлердің материалдық-техникалық базасына және  мамандармен қамтылуына тікелей байланысты екен. Ал біздің облысымызда ғана емес, елімізде  күрделі құрылыстарды жүргізетін жоғарыдағыдай талаптармен жарақтандырылған құрылыс мекемелері өте аз. Жолымызды көбіне түрік пен әзірбайжан ағайындарға тапсыратынымыз да содан. Ал неге отандық жол салушы компаниялар аз? Бұл бөлек әңгіме…

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button