БілімБасты жаңалықтар

Қашықтан оқу форматы: білім және сапа

Қазір облыста 403 мектеп бар. Оның 10-ы — жекеменшік білім шаңырағы. Бұл білім ордаларында 157 919 оқушы білім алуда.

219 мектепте (54,3 пайыз) дәстүрлі оқу процесі ұйымдастырылып жатыр. Ал аралас форматта білім беретін оқу шаңырақтарының үлесі — 184 мектеп (45,7 пайыз).  Оқушыларға жалпы 17 725 педагог сабақ береді.

Биылғы оқу жылының ерекшелігі, 1-сынып оқушыларының сабақ үлгерімі бағаланбайды. Бұған дейін аталған сыныптың балаларына ІІІ, ІY тоқсандарда баға қойылатын-ды.

Қазір 1-сыныпта оқитын балапандардың 90 пайызы мектепке барып жүр. Қалғандары үшін онлайн-сыныптар ашылған.

Біз қашықтан білім беруді ұйымдастыру туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен сөйлескен едік. 

Ең басты міндет — баланың өмір қауіпсіздігі, денсаулығы. Сол себепті  облыстағы мектептердің бәрі де дизенфекциялық құрал-жабдықтармен қамтылды. Дәстүрлі білім беретін мектептерде санитарлық талаптардың барлығы қатаң сақталуда. Білім беру ұйымдарының санитарлық заттармен қамтылуы жіті бақылауда тұр. Бүгін өткен Үкімет отырысында біздің облыстағы 7 мектепте дизенфекциялық құралдардың қоры жеткіліксіздігі айтылды. Бұл — Шалқар және Байғанин ауданындағы мектептер. Жақында аталған мектептерге де қор жеткізіледі. Қажетті заттар мемлекекеттік сатып алу процесі бойынша сатып алынады. 

Жаңа ғана 5-6 мектептің жағдайын біліп келдім. Қоймаларын да қарадым. Оларда қор жеткілікті, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

 

Кезекші сыныптар

 

1-сыныптың оқушылары екі топқа бөлініп оқуда. Оқу жылының басында «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты 6 мектепте кезекші сынып ашылған жоқ. Олардың арасында Ақтөбе қаласындағы №2, №53, №26, №42 мектептер болған-ды. Қазір №53 мектепте кезекші сыныптар ашылды. №26 мектептің оқушылары №40 мектепке түстен кейін барып оқып жүр.

 

Интернет желісі жүргізіліп жатыр  

 

Талдау қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласындағы 27 мыңнан астам балаға (18 мыңға жуық отбасы) интернет желісі қажеттігі анықталды.

— Сұранысқа сай желі тарту жұмыстары өңірдегі түрлі операторларға бөліп берілді. Соған байланысты  900 мың мекенжайға интернет желісін жүргізуді «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы алған болатын. Аталған кәсіпорын әзірге 500 мекенжайға желі орнатып берді. «Транстелеком», «Компостелеком», «Глобус» мекемелері міндеттеріне алған үйлерге интернет желісін қосуды аяқтап қалды. Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы интернет мәселесін шешу мақсатында қолдау көрсетуде.

Айта кету керек, оқушыларға роултерлерді, түрлі операторлардың sim-карталарын тартып бердік.  Кейбір ата-аналардан «роултер дұрыс жұмыс істемейді» деп шағымдануда. Тексеру жұмыстарын жүргізіп көрдік. Кейбір жағдайларда ғана техникалық қателер болған.  Ал көп жағдайда анықталғаны, сабақ оқудан тыс мақсатқа пайдаланудың салдарынан тариф тез бітіп қалады. Sim-карталардағы тарифтер тек 4 айға, келесі жылдың қаңтарына дейін есептеліп салынған, онда тек білім бағдарламаларын, білім платформаларын пайдалануға ғана рұқсат етіледі, — дейді басқарма басшысы.

Компьютер мәселесі қалай шешіледі?

— Компьютер мәселесі ел бойынша күрделі болып отыр. Білім және ғылым министрлігіне күнделікті ақпаратты күнделікті береміз. Тамыз айының аяғында 19 146 компьютер, ноутбук, планшет алуға қаражат бөлінді. Сол себепті мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізіліп, қорытындысында екі мекеме жеңіске жетті. Қазір 2314 компьютер таратылды. 700-ден астам  ноутбук, 186 планшет жеткізілді. Сондай-ақ жауапты мекеме басшылығы 3 мың компьютерді бір-екі күнде жеткізуге уәде беріп отыр. Дегенмен 2999 планшет пен 13 816 компьютер бойынша мәселе әлі өзекті болып тұр. Кедергі кеден бекетінен өткізуге байланысты.  Бұл мәселе облыс әкімінің бақылауында тұр, — дейді Ләззат Оразбаева.

Індет материалдық базаның сын көтермейтінін көрсетті

Наурыз айында 4100 компьютер алынды. Соны қосқанда облыс мектептерінде небары 12 550 компьютер бар.

— Әлеуметтік желілер арқылы «Компьютерлеріңіз келмей жатыр? Сонда оқу процесін қалай ұйымдастырылуда?» деп те сауал қоюшылар бар. Компьютер, планшет әлі күнге дейін толық жеткізілмесе де, соның салдарынан оқу процесінен тыс қалған бала жоқ. Өйткені мектеп директорлары тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатыр. Мұқтаж отбасыларға бизнес өкілдері көмектесуде. Қарапайым халыққа да рақмет.  Үйлеріндегі артық компьютерлерін, ұялы телефондарын мектепке әкеліп берді. Банктер, кәсіпорындар тарапынан да компьютерлер берілуде. Әрине, тапсырыс берілген ноутбуктер тезірек жеткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Індет біздің мектептердің материалдық базасының сын көтермейтінін айқындап берді. Біз бұрын білім шаңырақтарының материалдық базасының тым нашар екенін дәлелдейтінбіз. Қазіргі талап бойынша әр балаға 1 компьютерден келуі тиіс. Тым болмағанда 6 балаға 1 компьютерден болуы қажет. 160 мың балаға кем дегенде 60-70 мың компьютер болу керек. Бұл көрсеткіш әзір мүмкін болмай тұр, — дейді басқарма басшысы.

ІІ оқу тоқсанында сабақ қалай өтеді?

— Көпшілікті «ІІ оқу тоқсанында сабақ қандай форматта ұйымдасытырылады?» деген сұрақ жиі мазалайды. Дегенмен бұл сауалға біз нақты жауап бере алмаймыз. Қазір біздің облыста індеттің салдарынан ауырып жатқан бала жоқ (Басқа облыстарда тіркеліп жатыр). Ел бойынша эпидемиологиялық жағдай қалай болатынын білмейміз. Негізгі міндетіміз — қауіпсіздік шараларын мейлінше сақтау. Баланың өмір қауіпсіздіг мен денсаулығы басты орында тұр, — дейді облыстың бас педагогі.

Мұғалімнің міндеті мен мүмкіндігі

— Кейбір ата-аналар «мұғалімдер жаңа сабақты түсіндірмейді, сілтеме жібере салады» деп шағымдануда. Бұл — дұрыс емес. Мұғалім қандай жағдайда да балаларға жаңа сабақты түсіндіруі қажет. Әрине, сілтеме арқылы да бала жаңа сабақтың материалдарын оқуға тиіс. Дегенмен педагог алдымен жаңа сабақты түсіндіруге міндетті. Егер кереғар жағдайлар болса, ата-аналар мұндай мәселе қай мектепте, нешінші сыныпта екенін ашық айтуы керек. Біз құпиялылықты сақтаймыз.

Ата-аналар «мұғалімдер жалақыларын толық алып жатыр, олар неге әр баламен жеке жұмыс жасамайды» дейді. Бұл — мүмкін емес. Мысалы, математика пәнінің мұғалімі бір сыныптағы 35 баланың әрқайсысымен жеке жұмыс жасай алмайды. Өйткені мүмкіндігі жоқ. Ол мұғалім одан басқа тағы бірнеше сыныпқа сабақ береді. Ондағы бала саны да аз емес. Мәселе сонда. Мұғалімдердің көпшілігі — сынып жетекшілері.  Сынып жетекшілерінің де жүктемесі жетерлік.  Сондықтан түсіністік таныту керек.

Кезекші сыныптарға сабақ беретін мұғалімдер тарапынан «жалақымыз толық төленбей жатыр» деген мазмұндағы бірен-саран шағым түскен болатын. Бұл мәселе басқа облыстарда көбірек көтерілді. Мұғалімдердің еңбегі желінбейді. Облыстық мәслихаттың коммиссия отырысында бұл мәселе қаралды. Біз кезекші сыныптардағы педагогтердің қосымша жүктемесі үшін жалпы көлемі 923 миллион теңге көлемінде қаражат бөлу туралы ұсыныс бердік.

Меншік нысанына қарамастан, барлық балабақшаларда да қызметкерлердің жалақысы төленіп отыр. Бұл мақсатта да облыс әкімі үлкен қолдау көрсетуде, — дейді басқарма басшысы.

Білім сапасы төмендеп кетті… 

Тамыз айында мектептерде жазғы мектептер ашу жоспарланған болатын. Дегенмен жаз мезгілінде эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, індет өршіп кетті. Сол себепті бұл жоспар тек біздің облыста ғана емес, ел бойынша жүзеге асқан жоқ.  Ал бұл білім сапасының төмендеуіне әсер етті.

— Қашықтан оқыту процесі кезінде балалар тақырыпты 100 пайыз меңгерді деп айта алмаймын. Балалар әр тақырыпты жалпы түсінгенімен, толық, өз деңгейінде білім алып жатқан жоқ.  Білім сапасы тым төмен түсіп кетті.

Біздің үйде мектеп жасындағы 5 бала бар. Оның алды 10-сыныпта оқиды. Кішкентайы 2-сыныпта оқып жатыр. Сол 2-сыныпта оқитын бала келінімнің кештеу қимылдауының салдарынан кезекші топқа ілікпей қалды. Бұл мәселе қыркүйектің аяғына таман шешілді (ата-анасы өтініш жазып, кезекші топтан бір оқушыны алып кетіп, соның орнына қабылданды). Бала бір айға жуық қашықтан оқып қиналды. Оған 1-сыныптың соңғы тоқсанында да  қашықтан оқу қиынға түскен болатын. Сөйтіп, бала көп нәрсені түсінбей қала береді. Бұдан кейін оның көңіл күйі түсіп, жабығады. Сабағын үздіксіз қадағалап отыруға ата-анасының да мүмкіндігі бола бермейді. Үнемі жұмыста болады. Сөйтіп, қашықтан оқытудың проблемасын өз үйімнен-ақ көз жеткізіп отырмын.  5 бала бір мезгілде сабаққа дайындалғанда Wi-Fi-дың өзі әлсіз болып қалады. «Сен шыға тұршы, мен кірейінші» деп те жатады. Бұл — үлкен мәселе. Қай сыныптың оқушысы үшін де оңай тиіп жатқан жоқ. Әсіресе, бастауышта оқитын балаларға қиын. Қашықтан оқу форматы мен дәстүрлі оқытудың арасы жер мен көктей.

Бірақ қазір бізде бір ғана мақсат тұр — осы жағдайдан аман-есен өту. Жайшылық заманда педагогтер үшін жұмыс көбейеді. Себебі балалардың түсінбей қалған тақырыптарын түсіндіру, меңгерту мақсатында оқушылармен жеке жұмыс жасайтын боламыз. Соған күш салынады, — дейді Ләззат Оразбаева.

Мейірім мен түсіністік жетіспейді…

— Кейде өзімді өрт сөндірушідей сезінемін. Күн сайын сол өте қауырт тірлік. Күйіп-жанып бара жатқан мәселе. Біреулер мәселенің байыбына бармай шу шығарады. Қоғамда арандатушылар да көбейіп кетті. Адамдар бір-біріне сәл де болса мейіріммен қарауға, сәл де болса түсіністік танытуға тырысса, қоғам өзгерер еді…

Осы жақында ғана түнгі сағат 1.00-де қаладағы бір мектептегі оқушылардың жағдайына байланысты шағым түсті (түнгі сағат 3.00-ге дейін ватсапқа келген сұрақтарға жауап беремін). Бірден мектеп директорына хабарластым. Мектеп директоры сол сәтте баланың телефон нөмірін тауып берді. Егер ол мектеп директоры қарауындағы 1500 баламен жұмыс жасамайтын болса, онда ол дәл сол уақытта оқушының телефонын тауып бере алмас еді, — дейді Ләззат Оразбаева.

P.S. Облыста 423 балабақша бар. Онда 1597 кезекші топ ашылды. Онда жалпы 21 517 балапан тәрбиеленіп жатыр.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button