Әдебиет

ТАБЫЛ — 85

Қазақ сатирасының көрнекті тұлғаларының бірі Табыл Құлыяс 85 жасқа толып отыр.

Табыл Құлыясты біздің өңірде туып-өскен жұрт әуелі Ойыл, Темір аудандық газеттерінің тілшісі ретінде таныды. Танығанда да, қаламгер оқырманды ең алдымен өткір де көркем фельетондарымен елең еткізді. Кейін ол осы жанрдың республикамыздағы таңдаулы шеберлерінің бірі болып қалыптасты. Сол фельетондар одан әрі көркем сатиралық әңгімелерге ұласып, бертінде сатиралық романға айналды. Тәкең — Ақтөбе қаламгерлері арасында сатиралық роман жазған алғашқы жазушы.

Сондай-ақ қаламгер — қазақ журналистикасындағы алғашқы сатиралық киножурналды өмірге әкелген адам. 37 нөмірі жарық көрген «Жебе» деп аталатын сол сатиралық киножурнал — Қазақ телевизиясының кейін қайталанбаған жеке-дара қазынасы.

Қазақ сатирасының теориясы мен практикасы туралы ілімді алғаш рет орнықтырған, осы салаға ең бірінші болып түрен салған филология ғылымдарының докторы, профессор, ұзақ жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде декан болған Темірбек Қожакеев өз зерттеу еңбектерінде Табыл Құлыястың фельетондарына бірнеше рет талдау жасады, оны студенттердің оқу құралына енгізді. Тәкеңнің барлығымызға таныс Ешкібас дейтін кейіпкерін білікті профессор қазақ әдебиетіндегі типтендірілген бейнеге жатқызды. Яғни әріректегі Бейімбет Майлиннің Мырқымбай бастаған өте танымал типтік бейнелерінің қатарына апарып қосты.

Табыл Құлыяс кейінгі жылдары нақты адамдар туралы деректі әрі көркем дүниелер жазды. Мысалы, қарымды жазушы, қайраткер журналист Жиенғали Тілепбергенов туралы «Аңыз ізімен» деп аталатын роман жазса, ХVІ-ХVІІ ғасырда ғұмыр кешкен қаһарман жырау, әскербасы туралы баяндайтын роман-эссесі «Жиембет батыр» деп аталады.

Жазушы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, шығармашылығын жаңа арнаға салды. Қазақтың сонау ашаршылық жылдары, қуғын-сүргін кездердегі тағдыр-тәлейімі туралы бірнеше кітаптар жазды. Және ондағы деректерді ойдан шығарған жоқ, өз қаражатымен сапар шегіп, Барнаул, Тюмень, Омбы, Орынбор, Астрахань, Челябинск қалаларының архивтерінен жинады.

Осындай көркем еңбектерімен, қажырлы істерімен 85 жасқа толып отырған қаламгер, Ойыл ауданының құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері Табыл Бекқазыұлына алда зор денсаулық, шығармашылық еңбектің жемісті рахатын тілейміз.

Әбіш КЕКІЛБАЙ

ЗАМАН ҚАЙҒЫСЫ

Қасіреті қалың өткен ғасырдағы ұлттың тарихы қақында аз жазылып жүрген жоқ, әлі де жазыла бермек. Қазақ елі үлкен нәубетті бастан кешірді, терезесі теңселіп, шаңырағы шайқалды, мыңдаған отбасының ошақ оты сөнді. Зар нала болып төнген зауалдар елді іргесіне тақады, әр босағаға ажал төнді. Қанды қырғындардың бәрі де әдейі үстемдіктің әупірім күшімен жүзеге асқаны да белгілі. Сарғайған дала, құлазыған жер беті күңіренген мұң-шердің қалыңдығынан қайысты, елдің бәйтерегіндей даналары қайғымен майысты, ар-намысы ажал боп шамшырағын сөндірді. Жазықсыз жапа шеккендердің өкініші қалың еді.

Тірілердің сыңсып жоқтаған көз жасы құт өңірді жұт өңірге айналдырды. Әр таң қайғы әкелетіндей көлеңкесінен де үрейлөнген XX ғасыр жан шошытып, зәре-құтты қашырды. Ағаларымыз бен апаларымыз, аталарымыз бен әжелеріміз есалаң тірлік кешті. Өйтпей қайтеді. Халықтың көшбасшысы, ақыл иесі, даналықтардың жиынтығы, алғыр ойлыларын сыпырып бір шыбықпен айдап түрмеге қамады. Атты, түрмеде шірітті, не түрлі азаппен өмір жастарын қысқартты. Сталиндік қанды террордың қалың оқиғасының деректері де, құжаттары да таусылмайды. Сондықтан жазушы Табыл Кұлыястың «Қанжоса ғасыр» шығармасы әдеби тәсілдің жаңа қырымен көркем жазылып, бұрын-соңды оқушыларға белгісіз болған деректерді мәлім етуімен құнды.

Тіріні жеп тауысып, өліге де ауысқан заман қайғысын басынан кешірген, көзімен көрген, қанды қырғынды растайтын қариялар бүгінде азайып бара жатқаны белгілі. Соны ескерген жазушы қариялардың ой-санасымен, көз көріп, құлақ естігені мен көкірегіне түйгенін ағынан жарылып ақтарыла баяндап, оқушысына нанымды жеткізе білген. Мәселен, бір милиция елдің қарапайым шаруасына көл жағасында кездесіп:

—  Су ішінде тұрған қамыс неге қурап қалған? — дейді. Ақылгөй

қария:

— Жаңбыр жаумаса, қурамай қайтеді, аңызақ, аптап табиғатқа жайсыз, ақылсыз, әңгүдік насихат елге жайсыз, — дейді. Демек, саясат аптабы, елірме әңгүдіктер халықты іргеге тақағанын айтады. Мұндай штрихтар шығармада жетерлік. Былайша айтқанда кітап саяси памфлетке құрылып жазылған.

Кітап «Қарғыс атқан», «Топалаң», «Тұлпардан қалған тұяқ бар», «Алас, қапастағы уіл-дуіл» аталатын төрт бөлімнен тұрады. Негізгі кейіпкерлері — халықтың көш басшыларына арқа сүйеген елдің орта ойлылары, қарапайым адамдар, солардың сұрапыл жылдардағы зәбірі. Түрмелер мен лагерьлерде аналарымен бірге азап тартқан бір-үш жас аралығындағы балалардың бүгінгі тірілерге айтатын аманаты. Мәселен, сондай шикі жасында жетім қалған Айдарбек пен Абдолбақидан өрбіген жүзден астам немере, шөбере ұрпақтарының аталарын, әжелерін жоқтауы, ғасырға айтқан лағынеты бар.

Қазақ ұлты ақынжанды. Сталиндік қуғын-сүргінді бастан кешкендердің зары ұрпақ зердесі арқылы бүгінгілерге сақ бол деп үндегендей. Шығарманың тағы бір құндылығы осында жатыр.

Саяси басқыншылық жылдарының қан тамған деректері әлі толығымен ашылып болған жоқ. Ал шығармада автордың аз да болса Новосібір, Омбы архивтерінен іздеп тапқан құнды деректері де бар. Ақмола облыстық прокуратурасы сақтаған қуғын-сүргін жылдарының құжаттары, әсіресе, молынан қамтылған «Алжир» лагерінің деректерін кергенде сталиндік террордың халықты қан қақсатқанын түсінесіз.

Қорыта айтқанда, жазушы Табыл Құлыястың «Қанжоса ғасыр» шығармасы өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандыруға аз да болса үлес қосатынын байқадық.

 16.04.2002 ж.

Басқа жаңалықтар

Back to top button