Басты бет » Пікір » Сақтанып жүрейік!

Сақтанып жүрейік!

Жақыныңа жанашыр бол!

Ғалымжан ҚҰРЫМБАЕВ, облыстық жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы:

— Қазір ақпарат құралдарында індеттің екінші толқыны туралы айтылып жатыр. Қазақта «сақтансаң — сақтармын» деген мағынасы терең сөз бар. Әрбір тұрғын өз денсаулығына жауаптылықпен қарап, санитарлық талапқа бағынуы керек. Әр адам қоғамдық орында бетперде тағып жүрсе, індет өршімейді. Мәселен, мен өзім жаттықтырып жүрген жастарды адам көп жиналатын жерлерге жібермеймін. «Бармаңдар, қоғамдық көлікте бетперде тағып жүріңдер» деп жиі ескертіп отырамын. Қазір облыстық спорт басқармасының қолдауымен «Шұғыла» сауықтыру кешенінде сегіз спортшыны дайындап жатырмын. 22 қазан күні Шымкент қаласында ересектер арасында бокстан Қазақстан чемипонаты өтеді. Қазір барлық санитарлық талапты сақтай отырып, дайындық жүргізіп жатырмыз. Негізінен жаттығу далада жүреді. Бес баладан бөлініп, арақашықтықты сақтаймыз. Сауықтыру кешенінде бізден өзге адам жоқ. Осының өзі спортшылардың еркін жаттығуына мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, санитарлық талапты сақтап жүрсе, көктемдегідей қиын жағдай орын алмайды. Барлық нәрсе өз қолымызда.  Сақтанып жүрейік!