Экономика

ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗДІҢ «ТУҒАН КҮНІ»

15 қараша — Ұлттық валюта күні

1993 жылы қарашаның 15-і күні ұлттық валюта қаржы нарығында айналымға енді. Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Мереке қарсаңында «Ұлттық банк» облыстық филиалының директоры  Жұмабай Жандәулетовке жолыққан едік.

ТАРИХ

— Қарашаның 15-інде төл теңгеміз 17-ге толады. Бұл — теңгенің тарихы үшін әжептәуір уақыт. Ұлттық валютаны шығару туралы шешім де, теңгенің дүниеге келуі де оңай болған жоқ. Егемендікті енді ғана алған жас мемлекеттің қаржы жүйесі құрылып бітпеген болатын.

Бұл кез — экономиканың қатты құлдырап  кеткен тұсы еді. Кеңес Одағы кезінде басталған инфляция қарқыны үдей түсті. Оны ауыздықтауға шама жетпеді. 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  төл валютамызды енгізу туралы тапсырма берді.  Ол кезде елімізде ақшаны бастыратын фабрика болған жоқ.  Құнды қағаздар түгілі, оқушының дәптеріне дейін Ресейден әкелінді. Ұлттық валютаны әзірлеу, шығару үшін қаражат та тапшы-тын.  Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Ғалым Байназаровтың бастамасымен үлкен реформалар жүргізіліп, ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Біраз тер төгудің нәтижесінде қаржы жиналды, алтын валюта қоры құрылды. Сөйтіп, төл теңгеміз  Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын 400 жылдан астам тарихы бар банкнот фабрикасында  басылып шықты. 1993 жылдың мамыр айында теңге елімізге жеткізілді. Жоспарланған іс-шара өте қысқа мерзімде сәтті жүзеге асты. Сол жылы 12 қараша күні Елбасы «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойып, қарашаның 13-інде теледидар арқылы теңгенің қолданысқа енетінін жария етті. Арада үш күн өткен соң өз валютамыз қаржы нарығында айналымға енді.

Теңгеміз түрлі жағдайды бастан өткерді. Әсіресе, 1994-1996 жылдары теңге қатты құнсызданған болатын. Дәл осы кезде кәсіпорын, фабрикалар жабылып жатты. Жұмыссыздық көбейді. Бюджет қызметкерлері бірнеше ай бойы жалақысын, зейнеткерлер зейнетақысын ала алмады. Дегенмен, осы үш жылдың ішінде теңге қаншама құнсызданғанмен, инфляцияны жеңді. Егер ұлттық валютамыз рубльмен жүргенде қиындықтар тіптен арта түсетін еді. Сондықтан, экономиканы тұрақтандыруда теңгенің ықпалы мықты болды.

Теңге тарихында дизайнын екі рет өзгертті. Бастапқыда тарихи тұлғалардың портреттері берілді. Мұның тәрбиелік, саяси мәні зор болатын. Дегенмен, халықаралық стандартқа сай ұлттық валютаның дизайнын өзгертуге тура келді. Сөйтіп, теңгенің қорғаныс элементтері көбейтілді.

Айта кету керек, ТМД елдерінің арасында біздегі банк жүйесі алда келеді. Біз бірінші болып зейнетақы реформасын енгіздік.  Банктердің депозиттерге кепілдік беру ісін де ең алдымен біз қолға алдық. ТМД аумағында өз банкнот фабрикалары бар ел  санаулы: Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Украина. 1995 жылдан бері теңге Алматыдағы Банкнот фабрикасында басылып шығады. Ал темір ақшалар Өскенмендегі Монета сарайында соғылады.  Жетістіктердің бәріне, сайып келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында қол жеткізіп отырмыз.

«Дағдарыс кезінде де ұлттық валютаға халықтың сенімі жоғары болды»

Елбасы Жолдауында тұтас алғанда республика бойынша ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2015 жылға 12,5 пайыздан кем емес, ал 2020 жылға 13,0 пайыз болуы керектігі нақты айтылған. Жаңа жоғары технологиялық өндірісті іске қосу арқасында біздің облыста 2015 жылы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу саласының үлесін 13 пайызға, ал 2020 жылға 15 пайызға дейін өсіру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде біздің өңірдің қарқыны мықты. Бұл жөнінде Елбасы Ақтөбеге сапары кезінде  «Индустриялық бағдарламаның дамуы бойынша ең алдыңғы шепте Ақтөбе облысы келе жатыр» деп жоғары баға берген болатын. Стратегиялық маңызы зор үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Ақтөбенің үлесі көп. Бұдан біздің облыстың мүмкіндігі мол екендігін аңғаруға болады. Экономикамыздың ілгері дамығанының жемісі — біздің өңірде депозит салымшылары көп. Тіпті, әлемдік қаржы дағдарысы кезінде де тұрғындардың жағдайы жақсы болды десек артық айтқандық емес. Халық ұлттық валютаға, банктерге де нық сенімді болды. Мысалы, 2008 жылы   жеке тұлғалардан тартылған депозиттер —  257 миллиард теңге болса, 2009 жылы 264,3 миллиард теңгеге жетті. Қазірде ақшаны өз валютамызбен сақтайтын  салымшылардың үлесі — 70 пайызға жуық.

Негізі, қаржыны түрлі валютада сақтаған дұрыс. Себебі, бірінен ұтылсаң, екіншісі толтықтырып тұрады.  Және түрлі банктерде сақтаған жөн. Банкротқа ұшырайтын банктер жоқ, бәріне сенім білдіруге болады.

Қынжылтатыны — банктерге қарыз тұрғындар көп. Борышқорлар 2008 жылы 0,6 пайыз болса, 2009 жылы 2,4 пайызға жетті. Жылдың басында бұл көрсеткіш — 7,4 пайыз болған еді, қазір 10 пайыздан асып кетті. Мысалы, банктердің тұрғындардан алашақ ақшасы 155,6 миллиард теңге болса, соның 15,8 миллиарды қайтарылмай отыр. Бұлардың ішінде ипотекалық несиелер өте аз. Негізінен, қайтарылмаған қаржының басым бөлігі — бұдан бірнеше жыл бұрын СТН, әлеуметтік жеке код, жеке куәлік және зейнетақы қорларына түскен ақшалардың көрсеткіші арқылы тегін үлестірілгендей болып берілген несиелер.

Банктер қарызды қайтарып алу мақсатында біраз шаруа жасады. Тіпті, нақты бір күндерді белгілеп, сол уақытта несие төлеушілерден өсімақыны алып та тастаған банктер болды. Бірақ нәтиже аз.

Тұрғындар банктерден несие алмастан бұрын қаржыгерлерден кеңес сұрағаны жөн. Және келісім-шарттың әр сөзіне, сөйлеміне мән беріп, мұқият оқуы тиіс. Дегенмен,  тұрғындардың барлығы бірдей бұл талапты орындай бермейді. Көпшілік ақша алғанына мәз болып, қол қоя салады. Несиені алған соң барып, кеңесуге келетіндері бар.  Содан кейін түсінбеушілік болса, жан-жаққа арызданады. Ал қол қойылған соң, ортақ келісімге келгеннен кейін, банктің көрсеткен ережелерін орындаудан басқа амал жоқ. Сондықтан, несие алмастан бұрын әбден ойланған абзал.

Біздің дерек:

*** 1992 жылы тамыздың 27-сі күні Ұлттық банк басқармасы теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды.

*** 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді.

*** Теңге Ұлыбританияның әлемге әйгілі әрі ең көне «Харрисон және оның ұлдары» деп аталатын банкноттық фабрикасында  басылып шықты.

*** 1993 жылдың күзінде Қазақстан ТМД елдерінің ең соңында рубль аймағынан шықты.

*** 1993 жылы қарашаның 12-сі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды.

*** Арада үш күн өткен соң, 15 қарашада тәуелсіз Қазақстан Республикасының өз валютасы қаржы нарығында айналымға енді.

*** Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.

*** Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді.

*** Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.

*** 1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты.

*** Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Банкнот —   Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета — Өскемендегі Монета сарайында шығарылады.

*** Қазақстан Республикасының 1995 жылғы наурыздағы №2155 «Қазақстан Ресубликасының Ұлттық Банкі туралы» Заңының 42-бабына сәйкес, монеталар мынадай түрге бөлінеді:

— инвестициялық монеталар —  инвестициялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан дайындалған монеталар;

—  коллекциялық монеталар —  коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан және қымбат емес металдан шектеулі тиражбен дайындалған мерейтойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар;

—  айналыста жүретін монеталар — қымбат емес металдан дайындалған және қолма-қол айналымға арналған монеталар.

*** Елімізде инвестиялық монеталар «Жібек Жолы» деп аталады, олар 1996 жылы 19 ақпаннан бастап айналысқа шығарылды.

*** Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.

*** 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.

Әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button