Жаңалықтар

Жылу қазандығы салынады

Ақтөбе қаласындағы психо-неврологиялық ауруы бар жандарға арналған №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүгедектер күніне орай шара өтті.

Мекеме ескі ғимаратта орналасқан, алайда ауласы тап-таза, шашылып жатқан қоқыс көрмейсің. Әктеу, сырлау, тазалау секілді жұмыстардың бәрін орталық тұрғындары өздері жасайды екен. Бүгінде орталықта жүйке жүйесінде ауытқуы бар 400-ден астам адам тұрып жатыр. Олардың әрқайсысына психологиялық, медициналық, экономикалық, мәдени, спорттық, еңбекке баулу секілді алты бағыт бойынша қызмет көрсетіледі.

Шара облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың қатысуымен өтті.

— Осы салада жұмыс істегеніме 7 ай ішінде бұл орталыққа үшінші рет келіп тұрмын. Орталықта жылуға қатысты мәселе барын білемін. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайын, енді бөлек жылу қазандығының құрылысы басталады. Сондай-ақ, орталық тұрғындарының туысқандарымен кездесіп, сөйлесетін ыңғайлы орны жоқ екен. Алдағы жылы шығаберісте дара әкімшілік-тұмыстық кешен салынатын болады. Өкінішке қарай, қоғамда аталған орталық қызметіне сұраныс бар, бүгінде 60-тан астам адам кезекте тұр. Жаңа ғимарат осындай қажеттіліктің орнын толтыруға мүмкіндік береді. Енді сол бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі — халықтың барлық санаттарына әлеуметтік қамқорлық көрсету. Қолымыздан келгенше көңіл бөліп, көмектесуге тырысамыз, — деді Руслан Хамбаров. Сосын орталықтың қоғамдық, еңбек өміріне белсенді қатысып жүрген қамқоршылар қатарындағы белсенді бес тұрғынға облыс әкімінің Алғыс хаты және сыйлығын табыстады.

Шара барысында орталықтың өнерпаз тұрғындары ән айтып, би биледі. Одан соң Ақтөбе қаласының белгілі кәсіпкері Берік Асанов мереке иелерін құттықтап, ракеткалары мен добы бар үстел теннисін сыйлады.

Биылдан бастап орталық кітапханасының кітап қоры жаңартылып жатыр екен.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы өзінің жеке кітапханасынан жиырма шақты кітапты орталық кітапханасына тарту етті. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова биыл облыстық бюджеттен қосымша 35 миллион теңге бөлініп, осы орталықтың материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылғанын, алдағы уақытта орталықта тігін шеберханасы ашылатынын айта келе, өз атынан тігін машинасын сыйлады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button