Жаңалықтар

Ауылдың дәміне сұраныс жоғары

Өткен демалыс күндері Ақтөбе қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Облыстың 5 ауданы мен Ақтөбе қаласындағы 20 кәсіпорын тұрғындарға ет-сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, т.б. саудалады. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Снежанна Кулекенованың айтуынша, ақтөбеліктердің сұранысына қарай жәрмеңке қатарынан екі күнге жалғасқан. Мәртөк, Хромтау, Қобда, Қарғалы мен Алға аудандарының шаруалары сенбі күні өнімдерін ұсынса, келесі күні облыс орталығындағы ірі кәсіпорындар саудасын жүргізген.

— Жәрмеңке алғаш рет қаланың ескі бөлігіндегі Зауыт көшесінде ұйымдастырылғандықтан, келушілер аз бола ма деп ойлағанбыз. Бірақ сатып алушылар легі көп болды. Олардың ұсыныс-тілегін ескеріп, жексенбі күні тағы да жәрмеңке өткіздік.

3 тонна ірі қара еті, 1 тонна жылқы еті, 0,5 тонна қой еті, 0,5 тонна құс еті, 2 тонна сүт өнімдері, 1 тонна көкөніс, қарбызға дейін сатылды. Мұндағы бағалар базардағыдан 10-15 пайызға төмен болды. Мысалы, жылқы етінің бір келісі 1800 теңге, ал сиыр еті 1700 теңгеден саудаланды. Бұның бәрі — аудандардан әкелінген өнімдер. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының 20 кәсіпорны да азық-түліктерін сөреге қойды, — дейді Снежанна Кулекенова.

Бөлім басшысы өз сөзінде қараша айында «Табыс» коммуналдық базарында әр ауданның жәрмеңкесі басталатынын атап өтті.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button