Жаңалықтар

Дәрігер тәртіптік жазаға тартылды

Шетелден келген жолаушылардың коронавирусқа қарсы ПТР-тест сынамасын тапсыру  кезінде наразылық білдірген сәті әлеуметтік желіге жарияланды. Бейнекөріністе бір терезе арқылы сынама тапсырған адамдар арақашықтықты сақтамаған. Ал дәрігерлер сынама алу ережесін бұзған. Осы мәселеге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бекболат Ізбасаров түсінік берді.

— Желіде бейнежоба жарияланғаннан кейін «оқиға Ақтөбеде болмаған» деген ақпарат бердік. Өйткені әуежайдағылар бұл жағдайдың біздің өңірде  болмағанын айтты. Зерттей келе, оқиғаның Аққағаз Досжанова  атындағы жатақханадағы каратиндік стационарда болғанын білдік.  Жолаушылар Түркиядан келген. Медицина қызметкерлері қорғаныш киімдерін кимеген. Ал жолаушылар әлеуметтік арақашықтықты сақтамаған.  Стационардың жауапты аға дәрігері тәртіптік жазаға тартылып,ескерту берілді, — деді Бекболат Ізбасаров.

Республика бас санитарлық дәрігердің соңғы қаулысына сәйкес, шетелден келгендер карантинге жатқызылады. Қазіргі таңда барлығы 495 ПТР-тест алынған. Оның ішінде екі адамнан коронавирус анықталған. Бірі Түркістан облысының тұрғыны болса, екіншісі Ақтөбе қаласының азаматы.  Екі азамат та Ресейден келген. Түркістан облысының тұрғыны Мәртөк ауданындағы ауруханада ем алып жатыр. Ал екіншісі үй карантиніне жіберілген.

Облыста жағдай тұрақты. Соңғы тәулікте вирус жұқтырғандар тіркелген жоқ. Індет басталғалы барлығы 3257 адам вирус жұқтырса, оның 98 пайыздан астамы жазылды. Инфекциялық стационарда 37 науқас ем қабылдаса, оның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған ешкім жоқ. Балалар арасында вирус жұқтырғандар жоқ, —  деді Бекболат Ізбасаров.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button