Басты бет » Басты жаңалықтар » Облыста кәсіпкерлер саны көбейген

Облыста кәсіпкерлер саны көбейген

«Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша өңірлік филиалы облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірлесіп «Бизнестің жол картасы-2020» және «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламалары аясында қолдауға ие болып, кәсібін дөңгелентіп отырған нысандарға баспасөз-турын өткізді. Тур барысында журналистер «СтройБетонСнаб» ЖШС, «Геба» ЖШС және «СагаДжим» фитнес орталығында болып, жұмысымен танысты.

«Даму» қорының Ақтөбе облысы бойынша өңірлік филиалының директоры Берік Нұрғалиевтің айтуынша, биыл қор арқылы 169 жобаға қолдау көрсетілген.

— «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлерге сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және несие алу үшін кепілдік беру түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетеді. Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында аталған бағдарламалар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түріндегі қолдау жалпы сомасы 12,2 миллиард теңгені құрайтын 169 жобаға көрсетілді. Оның ішінде жалпы сомасы 7 миллиард теңгеден асатын 129 жоба банктермен «Даму» қорының кепілдік болуымен қаржыландырылды. Бұл бағдарламалардың жүзеге асырылуы үшін қаражат «Даму» қорына облыстық әкімдік пен ресбуликалық және жергілікті бюджеттер арқылы бөлінеді, — деген Берік Нұрғалиев өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл жобалар саны көбейгенін айтады.

Сондай-ақ ол биыл бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтты. Мәселен, жоғарыда аталған бағдарламаларға қатысқысы келетін кәсіпкер үшін салалық шектеулер алынып тасталып, пайыздық мөлшерлеме 6 пайызға дейін төмендетілген. Бұл дегеніміз — банктер 14 пайызбен несие берсе, оның 8 пайызын «Даму» қоры арқылы субсидиялайды, ал қалған 6 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді.

Мемлекеттен қолдау тапқан кәсіпкерлер

Баспасөз туры барысында журналистер алдымен өңірдің құрылыс кластеріне өз үлесін қосып отырған «СтройБетонСнаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. 2008 жылдан бері нарықта жұмыс жасап келе жатқан өндіріс орны

құрама темірбетон конструкцияларымен өнеркәсіптік және азаматтық құрылысқа арналған бұйымдарды өндіріп шығарады. Алғашында өз жұмысын 10 адаммен ашық алаңда бастаған мекеме 2016 жылы өндірістік базаның құрылысын бастап, 2018 жылы зауыт жұмысын іске қосады. Испан өндірісінің жаңа технологиялары бойынша жұмыс жасап тұрған өндірісте үй құрылысы мен көпір салуға арналған материалдардың кең ассортиментін өндіруге мүмкіндік бар.

Өндірістік базаның құрылысы «Даму — Өндіріс» және «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асты. Бүгінгі таңда 120 адам жұмыс жасайды. Орташа жалақы мөлшері — 200 мың теңге.

2020 жылы кәсіпорын өз жұмысын кеңейтіп, тағы бір құрылыс материалдарын шығаратын цех салған. Бүгінгі таңда онда әртүрлі жиектастар, тротуар плиталары мен қабырға тастарын шығарады. Серіктестік өнімдерін Ақтөбе облысынан өзге көрші Атырау, Маңғыстау облыстарына жөнелтеді.

Баспасөз турының екінші нысаны «Геба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұздатылған жартылай фабрикаттарды өндіру зауыты болды. 1998 жылы іске қосылған кезде 500 шаршы метр жерде өз ісін бастаған «Геба» бүгінде 60-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал өндіріс толық қуатына шыққан кезде жұмысшы санын 120-130 адамға дейін көбейтпек. Аталған кәсіпорын да 2019 жылы «Даму-Өндіріс» бағдарламасы арқылы несие алған. Ол қаражатқа жалпы ауданы 3 мың шаршы метр болатын жартылай фабрикаттар шығаратын зауыт салды. Биылғы жылдың сәуір айында іске қосылған кәсіпорын тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім шығарады. Ал зауыт толық 100 пайыз іске қосылған уақытта өнім көлемі көбеймек. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстандағы 4 облысты өнімдерімен қамтып отырған кәсіпорын алдағы уақытта республиканың барлық өңірлеріне шығуды мақсат етіп отыр.

Біз өнімді үш бағалық сегментте шығаратын боламыз. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында ең қолайлы және төмен баға бойынша экономсегменттегі өнімдерді өнідіріп жатырмыз. 15 қазаннан бастап отбасыға, отбасылық мерекелерге арналған орташа баға сегменттегі «Неола» маркасының өнімдерін шығара бастаймыз. Онда өнімнің 20-дан астам түрі болады.  Ал «Каро» (CARO) премиум сегментіндегі өнімдерге жылқы еті қосылған тұшпара секілді 4 түрлі эксклюзивті өнімдер кіреді,  — деді «Геба» ЖШС директоры Аслан Шойбеков.

Журналистер барған үшінші нысан — Батыс-2 шағын ауданындағы «СагаДжим» фитнес орталығы болды. Орталық директоры Сағадат Салманов 6 жылдан бері бодибилдингпен айналысады. Әртүрлі жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері — бодибилдингтен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы. Бұған дейін пластик терезелер мен есіктер өндірумен айналысқан Сағадат бұл кәсібін зайыбы Әсем екеуі бірге бастапты. Екеуі де жаттықтырушы. Бұған дейін қаладағы өзге фитнес орталықтарында жаттықтырушы болып жұмыс жасап жүрген олар өз алдына жеке орталық ашқылары келіп, «Даму» қорына жүгінеді. «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы арқылы банктен  14 пайыздық мөлшерде несие алады. Несиенің 6 пайызын кәсіпкердің өзі төлесе, қалған бөлігін мемлекет пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде төлейді. Алынған несиеге жертөле бөлмесі мен тренажерлар сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Заманауи талаптарға сай жарақтандырылған орталықта 5 жұмыс орны құрылды. Фитнес клубының жалпы ауданы 200 шаршы метрден асады, 2 жаттығу залы және топтық жаттығуларға арналған залдар бар.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.