Ауыл

Қос қыздың кәсібі — сұраныстың сәні

Кәсіпкерлік

Ойыл ауданындағы Көптоғай селолық округіне қарасты Амангелді елді мекенінің жастары жаңашылдыққа жаны құмар. Шағын ауылдың заман талабына сай өркендеп өсуіне ауыл жастарының қосып жүрген үлесі көп-ақ.

Ауылда алғаш рет ашылған «Нұр-Ай» сұлулық салоны сол ауылдың сәнін келтіре түспек. Өйткені Нұрқаным Саламатқызы мен Айгерім Елубайқызының бірлескен кәсібі халық сұранысына ие. Кәсіпкерлер былтыр шаштараз мамандығын оқып, кейін ауылда кәсіп ашуды мақсат етті. Қазір соның жемісін көріп отыр. «Атамекен» бағдарламасымен өткен жылы 505 мың несие алып, өз кәсіптерін бастаған олар қазір тырнақ бояу, бетті әрлеу, шаш үлгісін жасау, тағы басқа да қызмет түрлерін жасайды. Кәсіптерінің ашылғанына аз уақыт болса да табыс көзі көңілден шығып тұр. Дегенмен, елімізде орын алған карантин кәсіптің алға жылжуына кері әсерін тигізген. Қазір елімізде карантин талаптары жеңілдетіліп, жұмыс орындарына қайта оралған кәсіпкерлер бұрынғы қарқынды жұмысын қалпына келтіруге кіріскен.

— Әрине, індетке байланысты шектеулер жаңадан тәй-тәй басып келе жатқан біздерге үлкен зардабын тигізді.  Біздің «Нұр-Ай» сұлулық салоны да  карантин уақытында сәл тұралап қалды. Бірақ уақытша қиындықтарға шыдауға тура келді. Қазіргі таңда өзіміздің сүйікті жұмыс орнымызға қайта оралдық. Бүгінде күнделікті табысымыз қайта орала бастады, — дейді  Нұрқаным Саламатқызы.

19 жасында кәсіптің қыр-сырын үйреніп, жас болса да үлкен кәсіп ашуға батылдықпен кіріскен олар болашақта кәсіп көлемін ұлғайтуды көздейді. Амангелді ауылындағы ең жас кәсіпкерлер «Нұр-Ай» сұлулық салонының аясын кеңейтіп, орталықтан және басқа да ауылдық аймақтардан да ашуды жоспарлап отыр.

— Ашқан кәсібімізге тұрғындар қолдау білдіріп,  өте жақсы деген бағасын беріп жатыр. «Нұр-Ай» сұлулық салоны заман талабына сай барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ауыл халқы бұрынғыдай  қалалар мен ауданға барып сабылмайды. Өзіміздің салонға келіп сапалы қызмет алады. Болашаққа құрған арманымыз өте көп. Армандарды шындыққа айналдыру өз қолымызда екеніне көзім жетті. Алдағы уақытта көптеген жетістіктерге жеткіміз келеді, — дейді Айгерім Елубайқызы.

 Венера АСҚАРҚЫЗЫ,

Самат НАРЕГЕЕВ.

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button