Рухани жаңғыру

Халықтың аты үшін күрескен…

Нұрпейіс хазірет Байғараұлы —  әлі күнге дейін есімі тарихшылардың, өлкетанушылардың аузынан түспей келе жатқан тұлға. Ол ХІХ ғасырда өмір сүрген. Өмір сүрген уақыты — 1817-1880 жылдар аралығы болып көрсетілгенмен, бұл дерек алда нақтылауды қажет етеді.

Жазушы Дүкенбай Досжан «Абай айнасы» атты кітабында ұлы ақынның әкесі Құнанбай қажының халыққа сіңірген еңбегін баяндай келе, Мекке, Мәдине қалаларында қажылыққа барған қазақтар үшін қонақүйлердің (тәкие жайлардың) қалай салынғаны жөніндегі деректерге тоқталған. Осы тақырыпқа орай ол оқырмандарға Шымкент қаласының тұрғыны Рахметолла Мұқатайұлының «Меккедегі қазақ тәкие жайы» деген атпен жарияланған естелігінен үзінді ұсынады. «Әкемнің айтуынша, — дейді Рахметолла Мұқатайұлы өз естелігінде, — ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ пен қырғыздан қажылық жасауға барғандар өз ұлттарын жасырып, бұқаралық, ташкенттік сартпыз не өзбекпіз деп айтады екен. Өйткені қазақ, қырғыз халықтары Меккедегі мұсылмандардың тізіміне жазылмай қалған көрінеді. Сондықтан қазақ пен қырғыздың өкілдерін қасиетті орынға зиярат етуге жібермеген. Осындай қорлыққа шыдамаған Жайық бойындағы тама руының кенжебай аталығындағы қарадан хазірет дәрежесіне жеткен Нұрпейіс молда қажылыққа баратын бірнеше кісілерді басқарып, Меккеге жетеді. Бірақ Нұрпейіс хазіретті кәбаға зиярат етуге жібермейді. Сонан соң қасындағылар елге қайтып кетеді де, Нұрпейіс хазірет Меккеде қалады. Сонымен ол қайыршылық жағдайда жеті жыл жат елде жүріп, қазақ пен қырғыз халықтарын Меккедегі мұсылмандар тізіміне енгізіп қана қоймай, Мұхаммед пайғамбардың өсиеті негізінде қазақ халқына тиесілі жерді алады».

Естелік иесі тәкие үй салуға жер алынғаннан кейін, Нұрпейіс хазіреттің оны теңдей етіп төртке бөлгенін, әр бөлік жердің қазақтың үш жүзі мен қырғыз халқына еншіленгенін жазады. Қазақтан Кіші жүздің жаппас руының ең бай адамы Мырқы мырза, Орта жүзден — Құнанбай қажы, Ұлы жүзден — Қасымбек датқа; ал қырғыздан Шәбден батыр тәкие жай салатын болып келісілген.

Рахметолла Мұқатайұлы одан әрі былай дейді: «Нұрпейіс ең бірінші хабарды жаппас Мырқы мырзаға жібереді. Сол дәуірде Кіші жүзде Мырқы мырзадан бай кісі болмаған екен. Оның байлығының мөлшері жайында ағасы Аппаз мырза: «Мырқы мырзаның алтын ақшалары Еуропаның банктерінде жатыр. Түйелерінің өзі отыз тоғыз мыңнан қайтты»  деп отырады екен. Мырқы мырза бірнеше миллиондаған сом қаржымен қасына нөкерлерін ертіп, тәкие жай — қонақүй салдыруға Меккеге жүріп кетеді. Оның қасында араб тілін жетік білетін татар молдасы болған. Сол татар молдасы осы әңгімені 1901 жылы Кенесарының баласы Сыздық төре мен Ресейдегі Мемлекеттік ІІ Думаға делегат болып қатынасқан бабам Мұңлыбекке айтқан екен».

Нұрпейіс хазірет жөніндегі кезінде бүкіл қазақ даласына тараған ауызша деректің сақталып қалған бір тармағы осылай дейді. Мұны жазушы Дүкенбай Досжан ХХ ғасырдың 30-жылдарында шыққан басылым бетінен тапқан.

Бұл жерде Нұрпейіс хазіреттің Мекке, Мәдине қалаларынан тәкие жайлар салуға жер сұрап алуынан бөлек, қазақтың атын сақтап қалуға, сарттар мен оларға сіңген өзбек туыстардан бөлек жұрт екендігін дәлелдеуге тырысқан еңбегін айрықша айту керек. Ұлы даланың халқы ресейлік деректерде әріде «көшпелі өзбектер», «татарлар» (жалпы түркі халықтарының атауы), «көшпелі татарлар» аталса, бергі деректерге, негізінен, «қырғыздар», «қырғыз-қайсақтар» деген атаумен енгізілгенін білеміз. «Қазақ» — эндоэтноним, яғни халықтың өзіне-өзі алған атауы. Қазіргі күні тарихшылар «қазақ» атауының шығуын берідегі Қазақ хандығымен ғана байланыстырмайды. Мысалы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев өзінің «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында: «Қазақ сөзі — көне дәуірден бері қолданыстағы сөз. Мемлекет есебінде ХV ғасырда қалыптасқанымен, оған дейін де «қазақ» сөзі қолданылды. «Қазақ» сөзінің этимологиясында он шақты жорамал бар. Мен де бір жорамал жасадым. Бұқар жырау жайлы кітап жаздым. Сол бабамыздың өлеңдерінің ішінде:

«Ашуланба, Абылай,

Ашулансаң, Абылай,

Көтерермін, көрермін,

Көтеріп, қазға салармын», — дейді. Осындағы жыраудың айтқан «қазы» не сөз екен деген ойға қалып, іздендім. Сөйтсем, бұл көне замандарда ел басшылары мен батырлардың кеңесі деген мағынада қолданылған. Бұл сөз Кавказдағы қарашай, болгар, тіпті үндіеуропалықтардың эпостарында да кездеседі. Ерте кезде бұл еуразиялық саяси институттардың бірі болған. Яғни елге қатысты маңызды шешімдерді қазы жасаған. Менің жорамалымша, қазақ атауы содан шығатын сияқты», — дейді. («Астана ақшамы», 20 тамыз 2019 жыл).

Ресей зерттеушілерінің еңбектерінде қазақтың татар, қырғыз, өзбек секілді (бұл халықтардың саны сол заманда қазақтан аз) жұрттарға телінуі оның өз алдына дербес ел болғанын, кең-байтақ аумақты алып жатқан айбынды мемлекеті болғанын ұмыттыру жолында мақсатты түрде жүргізілген саясат болса керек. Ал ұлттың атауын қайтару үшін күрес, көріп отырғанымыздай, ХІХ ғасырда діни-ағартушылық жолдағы Нұрпейіс хазірет, Құнанбай қажы, Досжан ишан, т.б. тұлғалардан бастау алып, ХХ ғасыр басында оны Алаш қайраткерлері, жалпы, қазақ зиялылары жалғастырды.

Нұрпейіс хазіреттің тікелей ұрпағы Меңзада Ахметханқызы ол туралы деректерді көптен жинастырып жүр. Меңзаданың айтуынша, Нұрпейіс Байғараұлының туған жері — қазіргі Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданы. Ол бала күнінде ауыл молдасынан білім алып, одан соң Бұқарадағы Көкілташ медресесінде 6 жыл оқыған. Бұл медресенің іргесі 1568-1569 жылдары қаланып, кейін Орталық Азияның барлық халықтарына ортақ діни-ағартушылық бағыттағы ірі орталық, әйгілі білім ордасына айналған. Мұнда діни сабақтармен қатар, жаратылыстану, математика пәндері, шығыс тілдері оқытылған. Нұрпейіс хазірет Бұхарадағы медресені бітіргеннен кейін, Шам шаһарында 4 жыл білім алған. Діни біліммен қатар, ол араб, парсы тілдерін жетік меңгерген. Елге оралған соң Петербургке барып, сол жақта патшаның қабылдауында болған, Жайық, Елек, Ор, Қарғалы өзендері бойында мешіт-медреселер салуға рұқсат алған деседі. Сөйтіп, өзінің туыстарымен бірге Ақтөбе жағына қоныс аударған. Алдымен қазіргі Мәртөк ауданы аумағындағы Қия деген жерде екі жыл отырып, одан соң Бестамақтағы тама Есет батырдың басына зиярат етіп, осы жерде бір қыс отырған.

Ал қазіргі Қарғалы бойындағы Қарабұтақ ауылына 1864 жылы 14 шаңырақ болып көшіп келген. Меңзаданың айтуынша, бұл жерге ол Дербісәлі Беркімбаевтың ұсынысы бойынша келіпті. Осы жерде салдырған мешіті жан-жақтан ағылып келетін халыққа тарлық еткендіктен, баласы Сапаға ауылдың ортасынан үлкен мешіт салуды өсиет еткен екен.

— Сапа атамыз салдырған мешіт туралы көп деректерде 1905-1906 жылдары тұрғызылған деп қате жазылады. Негізінде, оның құрылысы 1898 жылы басталып, 7 жыл бойы салынған. 1905 жылы құрылыс аяқталған, — дейді Меңзада.

Бұл мешіт Қарғалы ауданының Қарабұтақ деген жерінде қазір де тұр. Кеңес заманында мешіт ғимараты алдымен мектеп, сосын клуб, кейіннен мектептің спорт залы, шеберханасы ретінде пайдаланылған. О баста екі қатарлы етіп салынған ғимараттың, спорт залы ретінде пайдаланылған тұста, екі қабаты біріктірілген. Бір әттеген-айы, Кемпірсай ауылдық округі құрамындағы бұл ауылда бүгінде мектеп жабылып, тұрғындар жаппай көшіп кеткен. Қазір бес-алты үй ғана қалған. 2017 жылы кәсіпкер Қайрат Төлеуовтің демеушілігімен мешіт күрделі жөндеуден өткен. Төбесі ашылып-қайта жабылған, терезелері де алмастырылған. Жөнделіп, әп-әдемі болған тарихи ғимараттың елді мекенде емес, айдалада қалғаны өкінішті-ақ. Бір демеу — мешітті мемлекеттік қорғаудағы тарихи ескерткіштер тізіміне алу үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Сондай-ақ бұл көне мешіт Қарғалы ауданы бойынша туристік бағытқа да енгізіледі деп үміттенеміз.

Мешіт ғимараты о баста күйдірілген кірпіштен салынып, құрылысы сапалы жүргізілген. Құрылыс жұмыстарын басқару Қазаннан келген Уалден Насыровқа (кей деректер бойынша — инженер) жүктелген. Мешітті салуға 12,6 мың сом қаражат жұмсалған екен.

— Мешіттің құламай, сақталып тұрғанын ауыл қариялары өзара отырғанда әңгімелеуші еді. Сонда кірпіштерді қалағанда лайға жылқының қылы мен биенің сүті қосылған, ал айшығын Мәскеуден алдырған десетін, — дейді Меңзада.

Нұрпейіс хазіреттің зиратының да қайда екені нақты белгілі: ол — Қарғалы ауданы аумағында, тау арасындағы «Қызыл зират» атанып кеткен қорымда. Нұрпейіс хазірет көзінің тірісінде әулиелігімен, адам емдейтін қасиетімен де көпшіліктің ықылас-құрметіне бөленген. Оның зиратын арнайылап іздеп келіп, зиярат етушілер тіпті бүгінге дейін үзілмеген. Өзінің өсиеті бойынша Нұрпейіс хазіреттен бұрын, осы қорымда жатқан оның анасы Бибіғайшаның зиратын зиярат ету керек екен. Бибіғайша ананың руы — табын, Досжан ишан Қашақұлына туыс болып келетіндіктен, Нұрпейіс хазірет Досжанды өзіне нағашы санаған. Олар көптеген елдік істерді тізе қосып, бірге атқарған.

Меңзаданың қолында Нұрпейіс хазіретке және Қарабұтақтағы мешітке қатысты Әбдірахман Зайғалиев, Әнуарбек Ғибадуллин, Нығмет Айсауытов, Мұтиғолла Ғұсманов, Қуан Ғұсманов, Есет Атабаев, Қазиқан Жүсіпов, Афиза Семғалиева, тағы басқа да адамдардан кейбірі қолжазба ретінде өздері жазып қалдырған, кейбірінен айтуы бойынша жазып алынған деректер сақтаулы.

— Біреулері туыс, екіншілері жиен, ал тағы бірі Нұрпейіс хазіреттен білім алған, оның шапағаты тиген жандардың ұрпағы болып келетін ауылдың үлкендері жинастырған Нұрпейіс атамыз туралы деректерді, ел жадында сақталған әңгімелерді болашақта жарыққа шығарсақ деп те ойлаймыз, — дейді Меңзада.

Ол мүмкіндігінше архивтерден де деректер іздестіруді көздеп отыр. Біз де өз заманында қазақ руханиятына үлкен еңбегі сіңген тұлға, қоғам қайраткері Нұрпейіс Байғараұлын бүгінгі зерттеушілер елеусіз қалдырмайды деп үміттенеміз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Ескерту: Құрметті оқырман, сізден халқымыздың бірлігі, болашағы жолында, имандылық жолында өлшеусіз еңбек сіңірген бабаларымыз жөніндегі жарияланымдарды аяқ асты етпеуді сұраймыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button