Басты бет » Басты жаңалықтар » Ойыл тоғыз жолдың торабына айналады

Ойыл тоғыз жолдың торабына айналады

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Ойыл ауданына барды. Ауылдарды аралап, халықтың тұрмыс-тірлігімен танысты. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылады.

Ақкемерге ауызсу құбыры тартылды  

Аймақ басшысы алдымен Саралжын ауылдық округіне қарасты Ақкемер ауылына барды. Мұнда облыс әкімі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған орталықтандырылған ауызсу жүйесін іске қосты. Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асқан құны 259 миллион теңгеге бағаланған жобаның арқасында 80-ге жуық шаңырақ таза сумен қамтылған. Мердігер мекеме — «Теміржолсу Ақтөбе» ЖШС.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыста «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі игі іс — мемлекет тарапынан ел игілігі үшін жасалып жатқан ізгі жұмыстардың бір парасы. Ендігі мақсат — сапалы интернет желісін орнату, ауылдың даму әлеуетін сараптай отырып, газ тарту мәселесін қарастырудамыз, — деп аймақ басшысы Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтылғандарымен құттықтады. Судың сапасын тексеріп көрді.

Су жүйесін жабдықтау жұмыстары мамыр айының 15-інде басталыпты.

Жоба жұмысы екі жылға жоспарланған болатын. Жоспар бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс-тін. Дегенмен халықтың, облыстық әкімдіктің өтініші бойынша биыл аяқтауға күш салдық. Ауылдан 12 шақырым қашықтықтан тереңдігі 40 метр тереңдіктен екі скважина қазылды, — деді «Теміржолсу Ақтөбе» ЖШС директорының орынбасары.

Айта кету керек, ауданда орталықтандырылған ауызсумен 10 елді мекен қамтылған. Бұл жалпы халықтың 81,8 пайызы, яғни 14,1 мың тұрғын таза сумен қамтылып отыр деген сөз.

3 жобаның «жыры»

Өңір басшысы бұдан кейін аудандағы суармалы алқаптарды ұлғайтуды мақсат ету барысында атқарылып жатқан инфрақұрылымдардың құрылыс-монтаждау жұмыстарын бақылады. Қазір «Батыс Қазақстан ҚазСУшар» филиалы Ойылдағы «Спарта», «Көбек», «Жұмырбай» шаруа қожалықтарына тиесілі  жалпы көлемі 240 гектар алқапқа жерасты суын беру мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын биыл қараша айында аяқтауы тиіс болатын. Ал Ауыл шаруашылығы министріне жұмысты қазан айының ортасында тапсыруға уәде еткен. Дегенмен мұндағы жұмыс тым баяу. «Спарта» ШҚ-ның ғана жұмысы қолға алынған. «Көбек» пен «Жұмырбай» шаруа қожалықтарындағы құрылыс жұмыстары әлі басталмапты.

Мұнда жұмыс мүлде жүріп жатқан жоқ.   Министр келіп кеткеннен бері 3 айға жуық уақыт өтті. Осы 3 айда бір ғана шаруашылыққа («Спарта» шаруа қожалығы) 56 метр құбыр тарта алмау — жұмысқа салғырт қараудың» озық үлгісі»! Бұл мақсатта жалпы 154 миллион теңге ақша бөлінген болатын. Соның 22 пайызы ғана (34 миллион теңге) игерілді. Ал «Көбек» пен «Жұмырбай» шаруа қожалықтарындағы жұмыстар әлі басталған да жоқ, — деп мұндағы жұмыс туралы облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин аймақ басшысы Оңдасын Оразалинге баяндады.

Жоспар бойынша мердігер мекеме аудандағы «Спарта» ШҚ — 56 метр, «Көбек» ШҚ — 122 метр, «Жұмырбай» ШҚ 30 метр су құбырын тартып беру тиіс болатын.

Мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлініп отыр. Ал бірақ жауапсыз мердігерлердің салғырттығының кесірінен жұмыс тиянақты жасалмай жатыр. Сорақысы, сол, құжатта көрсетілген мерзім таяу, ал бұл мердігер мекеме міндетті 3 жобаның біреуінің ғана жұмысын бастаған, — деп облыс әкімі Оңдасын Оразалин жауапты мамандарға қатаң ескерту жасады. Орынбасары Аманғали Бердалинге мәселені бақылауды тапсырды.

Оңдасын Сейілұлы аталған 3 қожалықтың басшыларынан шаруашылықтардың жұмыс жоспары туралы сұрады.

Бұдан соң өңір басшысы Ойыл ауылындағы демеушілердің көмегімен еңсе тіктеген аудандық музыка мектебінің жұмысымен танысты. Жоба құны — 15 миллион теңге. Қыркүйек айында ел игілігі үшін пайдалануға берілген орталықта қазір 545 бала домбыра, фортапиано, вокал, хор, дәстүрлі ән, би үйірмелеріне барып жүр. Облыс әкімі ғимаратты аралап көріп, дарынды балалардың өнерін тамашалады. Музыка мектебінің директоры Ләззат Сабыржанованың айтуынша, мұнда 21 адам еңбек етеді. Оның 16-сы — педагог.

Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты

Ойыл ауданына жұмыс сапары барысында Оңдасын Оразалин Көптоғай, Шұбарши ауылдарына кіреберіс, сондай-ақ «Ойыл-Қарой» бағытындағы жолдардың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл жобалардың барлығы да «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылуда. Аталған жолдарды жөндеуде канадалық технология пайданылып жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашевтың айтуынша, канадалық технологияны қолданудың арқасында қаражатты көбірек үнемдеуге болады әрі мұндай жолдың сапасы да жоғары болады екен.

Басты мақсат — Ойылды тоғыз жолдың торабына айналдыру. Осы үш жобаны жүзеге асырудың арқасында Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарына қатынау оңай болады. Жолдың сапалы болуы, автокөлік қозғалысының көбірек болуы — экономиканың өсуіне ықпал етеді. Соның арқасында мұндағы халықтың әл-ауқаты арта түседі. Ойылдық шаруалар өз өнімдерін облыс орталығымен қатар, көршілес аймақтарға да өткізуіне мүмкіндік алады. Кемпинг бизнесін дамытуға да қолайлы болмақ. Осы жобалардың арқасында шалғайдағы ауданның болашағы жарқын бола түспек, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Сарыбие — үлгілі ауыл

Бұдан кейін облыс әкімі Сарыбие ауылына барып, ондағы әлеуметтік нысандарды аралады. Құны 7,5 миллион теңгеге бағаланған шағын футбол алаңын көрді. Жекенді дәрігерлік амбулаториясының және Сапақкөл орта мектебінің жұмысымен танысты.  Биыл бұл екі ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандағы 4 елді мекендегі медициналық пункт ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілді. Соның бірі — Жекенді дәрігерлік амбулаториясы. Жоба құны — 16 миллион теңге.

Айта кету керек, індеттің екінші толқынын алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл індеттің келесі толқынына аудан толық дайын. Облыс әкімінің қолдауының арқасында ауданға жаңа реанимобиль берілді. Демеушілік көмектің арқасында оттегі концентраторы, біраз медициналық құрал-жабдықтар алынды. Сондай-ақ 2 айға жететін дәрі қоры бар, — деді аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев.

Сарыбие ауылына сапары барысында Оңдасын Сейілұлы ауыл халқымен кездесіп, тұрғындармен емен-жарқын әңгімелесті. Әдемі әзіл де айтылды.

Аудан әкімі Асқар Қазыбаев ауылдың тынысы туралы айтты. Ауыл көшелеріне жарықтандыру жүргізілген. Халық таза сумен қамтылған.

— Ойыл ауданының тарихы — терең. Мұндағы халық еңбекқор. Ауыл шаруашылығы дамып келе жатыр. Атырау, Маңғыстау облысының тұрғындары облыс орталығына жету үшін Ойыл арқылы қатынайды. Қараойдың жолы арқылы Қаратөбеге (Батыс Қазақстан) де қатынауға болады. Батыс Қазақстанға баратын Байғанин, Темір ауданының, Атырау, мен Маңғыстаудың халқы Ақтөбе, Қандыағаш арқылы айналып жүрмей-ақ, Қаратөбе арқылы Оралға баруына болады. Ойылдың жолы ауданның экономикалық дамуына үлкен үлес қосады, — деді аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесуде.

Бұл ауылдағы ең басты мәселе, жол мен газ. Жол жөндеу жұмыстары басталды. — Газ тарту екі мәселеге тірелген-ді. Бірі — қаржы, екіншісі — техникалық жағдай. Қаржы мәселесін шешуге мүмкіндік бар. Техникалық жағдайдың қиындық болу себебі, Ойылға газ жүргізуге газдың қысымы жетпей тұр. Болашақта Алтықарасудан газ құбырын тарту жоспарда бар. Бұл — 2-3 жылдықтың жоспары. Әрине, инфрақұрылым тартуда, әлеуметтік нысандар салуда, ең алдымен, сол елді мекеннің әлеуеті, халық саны ескеріледі. Бұл ретте ауылдың болашағы ондағы халық санымен есептеледі. Халық тұрақты болса, мұндай ауылдарға Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көмек көрсетіледі, — деді аймақ басшысы.

Өз сөзінде Оңдасын Сейілұлы Сарыбие ауылының ажары келісті, көрікті әрі таза екенін тілге тиек етті.

Кіреберістен-ақ ауылдың тұрмысы қандай екенін білуге болады. Ауыл маңындағы ағаш алқабы ауыл сәнін арттырып отыр. Ауыл үйлерінің қасындағы, көшелеріндегі тал-теректер ауыл шырайын кіргізе түседі. Ауыл келбеті, мұндағы халық тұрмысы өте жақсы. Нарықтың қыспағына шыдай алмаған, азып-тозып кеткен, күтімсіз елді мекендер де бар. Сарыбие ауылы — өркениеті, мәдениетімен көп ауылға үлгі, — деді облыс басшысы.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары мал терісі мен жүнін қабылдайтын орталық ашылса деген өтініштерін айтты. Облыс әкімі өз сөзінде тері сапасы жақсы болса, оны алатын кәсіпкерлер табылатынын жеткізді.

— Облыс әкімінің тапсырмасымен Ақтөбеде тері өңдеу зауытын ашу мақсатында Түркия мемлекетінен арнайы мамандар келді. Дегенмен сараптау қорытындысында біздегі ірі қара терісі өте сапасыз екені анықталды. Бұл түрлі мал ауруларына (шошала, тағы басқа аурулар) байланысты болып отыр. Қазір малдарды емдеу, егу мақсатында мемлекет тарапынан 136 миллион теңге ақша бөлініп, малдар егіліп жатыр.

Жүн өңдейтін цех ашу мақсатында жұмыстар жүргізілуде, — деді облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин.

Ауыл тұрғындары облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, ауыл ақсақалы бата берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.