Басты жаңалықтарЭкономика

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігі

Бейсенбі күні түстен кейін облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қобда ауданында іссапармен болды. Аудан халқының жағдайымен танысып, мемлекеттік бағдарлама аясында жасалып жатқан жұмыстардың орындалу сапасын қадағалады.

Баламасы жоқ орталық

Алдымен аймақ әкімі Егіндібұлақ ауылындағы «Әлия» оқу-сауықтыру орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты. Орталық аумағы — 3,266 гектар. Мұндағы ерекше сәнді үлгіде ағаштан қиылып салынып жатқан 6 ғимараттың өңірде баламасы жоқ. Мемлекет меншігіндегі әлеуметтік нысан қолдануға берілгенде жыл бойы жұмыс жасайтын болады. Балалардың білім алып, тынығып, сауығуына арналған орталық 16 ауысымда қызмет көрсетпек. Бір ауысымда 72 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Құрылыс жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұдан кейін облыс әкімі Қызылжар ауылына барды. Мұнда ол «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізілген ауылдық клубтың жұмысымен танысты. Бұл мақсатта жұмсалған қаражат — 66,9 миллион теңге. Мердігер мекеме — «СК Виктория» ЖШС жұмысты 3 айда тиянақты тындырыпты. 1980 жылдары еңсе тіктеген ғимарат кейін тозығы жетіп, қараусыз қалған болатын. Клубта 100 орындық зал, кітапхана, балалар үйірмесі жұмыс жасайды. Айта кету керек, клуб ауласы демеушілердің қолдауымен абаттандырылатын болады.

Көтере алмайтын шоқпарға неге ұмтыламыз?

Қобда ауданына іссапар барысында облыс басшысы бірқатар шаруа қожалықтарының көктемгі егістікке дайындықтарын пысықтау мақсатында егіндікке барды. «Абылайхан», «Құттығай» шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, жағдайларын білді. Аталған шаруашылықтарға тиесілі жалпы көлемі 500 гектар аумаққа «Батыс Қазақстан ҚазСушар» филиалы мамандары инфрақұрылым тарту керек болатын. Дегенмен бұл жобаларға жауапты мердігер мекеме тиісті жұмыстарды атқармаған болып шықты.

Қазан айының ортасы болып қалды. Атқарылып жатқан жұмыс жоқ. Ойылдағы үш шаруашылықтың инфрақұрылымына қатысты жұмыстарың сын көтермейді. Онымен қоймай Қобданың шаруашылықтарына инфрақұрылым жасауды да міндеттеріңізге алыпсыздар. Қазақта: «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген нақыл бар. Қолдарыңнан түк іс келмейді екен, жолды іскер адамдарға беру керек. Сонша уақыттан бері қандай жұмыс атқарылды? Қаншама шаруа шаруашылықтарын дамытамыз деп, сендерге сеніп несие алды, басқа да қаржыландыру көзін іздестірді. Ал сендер мемлекеттен бөлінген қаржыны игере алмай, шаруаны тындыра алмай жүрсіңдер. Шаруаларға жағдай жасау мақсатында, ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлінді. Ал елге жаны ашымайтын адамдардың істеген тірлігі — мынау.  

Халықтың тұрмыс-тірлігінің жақсы болмағы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Біздің облыстың ауылшаруашылық саласын дамыту үшін тиісті шаралар қабылданды. Үкімет тарапынан облысымызға ерекше көңіл бөлініп, біз ұсынған жұмыстар қолдау тапты. Үкімет басшысының тікелей қолдауымен Ақтөбе облысының тек қана суармалы жерлерін дамыту мақсатында бөлінген қаражат — 8 миллиардқа жуық теңге. Бұл мақсаттағы жобаларға тек біздің облыс пен Павлодарға ғана қаржы бөлінді. Бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек. Суармалы егін алқаптарын ұлғайту мақсатындағы тиісті жұмыстар биыл аяқталып, шаруалар көктемде алаңсыз іске кірісу қажет, — деді Оңдасын Оразалин.

Бұдан кейін облыс әкімі Ақырап ауылдық округінде орналасқан «Қобда-Агро» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер 200 миллион теңге несие алып, Павлодар облысынан 500 бас асылтұқымды сиыр алуда. Қазір мұнда 5 мал базасы салынып жатыр. Шаруашылықта 500 бас сиыр, 100-ден астам жылқы бар. Сиыр басын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Шаруашылықта 30 адам жұмыс жасайды.

Жаңа бөлімше

Сапар барысында аймақ басшысы Қобда аудандық орталық ауруханасының маңындағы жұқпалы аурулар бөлімшесіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады. Бұл мақсаттағы жұмыстар үшін «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 96 миллион теңге бөлінген. 60 орынға арналған бөлімше індеттің екінші толқыны болған жағдайда науқастарды қабылдауға дайын.

Бұрын аудандық аурухананың жанында жұқпалы аурулар бөлімшесі болды. Дегенмен қажеттілік болмаған соң бұл бөлімше жабылып қалып, ғимарат медицина саласының басқа қажеттіліктері үшін пайдаланылып келген болатын. «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында 1983 жылы салынған ғимарат жаңарып, ел игілігі үшін қайтадан пайдалануға берілді. Оттегі концентраты жеткілікті. Құны қымбат тұратын рентген аппараты алынды. Дәрі-дәрмек қоры да мол, — деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Ботагөз Сәрсенова.

Оңдасын Оразалин жұмыс сапарының қорытындысында Қобда ауылындағы Алматы, Құрманов көшелерінің жарықтандырылуын, кәріз жүйесінің қайта жарақтандырылу жұмыстарымен танысты. «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы көшесін жарықтандыру үшін 6,9 миллион теңге бөлінген.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімі Болат Құловқа шағын және орта бизнесті дамыту, жүзеге асыру үшін тиісті жобаларды тезірек аяқтауды тапсырды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button