Денсаулық

72 мың адам тұмауға қарсы екпе алды

Тікелей желі

Қазіргі таңда облыста тұмауға қарсы вакцинация жүріп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бекболат Ізбазаровтың айтуынша, 72 мың адам екпе алған. Науқан әлі де жалғаса береді. Мақсат — көрсеткішті 10 пайызға жеткізу. Сондай-ақ пневмококк инфекциясына қарсы екпені 37 мың балаға салу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 25 мыңнан астам бала егілген.

Екпе үшін жергілікті бюджеттен 60 миллион теңге қаржы бөлінді. Сонымен бірге әр медициналық мекеме өз қаржысына вакцина алып, тұрғындарға ақылы қызмет көрсетіп жатыр. Ал алты айлық балалар, жүкті әйелдер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары мен медицина қызметкерлеріне екпе ақысыз түрде беріледі, — деді Бекболат Ізбасаров.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаевтың айтуынша, қазір облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен жедел респираторлы вирустық инфекцияға шалдыққан 137 адам тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе жоғары. Маманның айтуынша, бұл — қалыпты көрсеткіш. Себебі жыл сайын осы кезеңде тұмау ауруы өршиді. Алайда тұрғындар барынша сақтанып жүруі тиіс.

Облыстың бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин коронавирус инфекциясы мен тұмау ауруы қатар келсе, жағдайдың қиын болатынын айтты.

Вакцина алған адам ауырмайды деп айта алмаймыз. Бірақ дертті жеңіл өткеруі мүмкін. Өлім көрсеткішін де осы арқылы төмендете аламыз. Коронавирус та, тұмау да адамның тыныс алу жолын зақымдайды. Қазір біз үшін сақтық шарасы маңызды. Қарапайым ережені ұстануымыз қажет. Салауатты өмір салтына ден қойып, дәрумені көп тағамды тұтыныңыз. Көпшілік жерде бетперде киіңіз. Қолды жиі жуу керек, — деді Мейрамбек Құрманғазин.

Биыл тұрғындар тұмауға қарсы екпені белсенді түрде алып жатыр. Осы уақытқа дейін 4460 адам ақылы түрде екпе алған. Негізгі эпидемиологиялық маусым желтоқсан айында басталады. Сондықтан осы кезеңде екпені алған жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button