Жаңалықтар

Жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған жаңа жоба

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Нидерланды корольдігінің Қазақстандағы елшілігі бірлесе жүзеге асырып отырған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасының арқасында енді мемлекеттік мекемелерге жұмсалатын қаражат жөніндегі ақпаратпен толыққанды танысуға болады.

Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов онлайн режимде өткен «Antikor Live» жиынында хабарлады.

— «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы, яғни Publicbudget.kz интернет порталы арқылы азаматтарымыз нақты уақыт режимінде облыстағы әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға бөлінген бюджеттік қаражат, жеткізушілер, құрылыс мерзімдері туралы ақпаратпен таныса алады. Мәселен, ата-аналар үшін картаның қандай пайдасы бар? Ең алдымен, әр ата-ана өз балалары білім алып жатқан мектепке, балабақшаға жыл сайын қанша бюджеттік қаражат жұмсалып отырғанын көре алады.

Сонымен қатар арнайы өтініш беру функциясы арқылы бөлінген бюджет пен іс жүзіндегі ахуалдың сәйкессіздігі немесе мектеп қабырғасында заңсыз ақша-қаражаттарын жинау фактілері жөнінде хабарлай алады.

Аталған хабарламалар мазмұнына сай Нұр-Сұлтан қаласындағы модераторлардың назарынан өтіп барып, жергілікті департаментке немесе сол мемлекеттік мекеменің жауапты тұлғаларына жолданады. Одан әрі хабарлама аясында тиісті шаралар қабылданатын болады.

Осы орайда аталған өтініштерге фото-материалдарды тіркеуге де болады. Мысалы, порталға жарияланған бюджет құрылыс саласына қатысты деп алайық. Егер кез келген азамат жарияланған бюджет сомасы іс жүзіндегі құрылыс жағдайымен сәйкес емес деп шешсе, құрылыс орнынан фото жолдай алады. Одан әрі бұл мәселенің мән-жайы уәкілетті органдармен, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерімен бірлесіп анықталатын болады, — деп атап өтті Ғалымбек Досанов.

Аталған жоба 2018 жылы елордада пилоттық форматта жүзеге асырылып, кейін республиканың барлық өңірлеріне тәжірибе ретінде таратылған. Бүгіннің өзінде Ақтөбе облысының мемлекеттік органдары мен мекемелері жалпы сомасы 268,2 млрд теңгені құрайтын 1985 бюджет туралы ақпарат жарияланған.

Сондай-ақ осы жылдың қыркүйек айынан бастап жоғарыда аталған агенттік пен белсенділердің басын қосқан «Ашық бюджет» клубы бастама ретінде құрылды. Әр өңірде құрылатын мұндай клубтар бюджеттік қаражаттың тиімді, мақсатты жұмсалуына тұрақты түрде мониторинг һәм талдау жүргізіп отырады.

Тікелей эфир соңында департамент басшысының бірінші орынбасары тұрғындарды «Ашық бюджеттердің интерактивті картасын» пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда белсенділік танытуға шақырды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button