Жаңалықтар

Облыстың экологиялық жағдайы баяндалды

Тікелей желі

 «Ақтөбе-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен өткен тікелей эфирдің кезекті санында Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл мекеменің ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарған жұмыстары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған іс-шаралар туралы айтып берді.

Эфирдегі сұхбатта экология департаментінің басшысы тарапынан облысымыздың атмосферасының ластану деңгейі, «Казгидрометтің» мониторингтік станцияларының деректері, Көкжиде құм алқабындағы жерасты суларының ластануы, Алға қаласындағы ескі химиялық өндіріс қалдықтарын жоюға арналған жобаны іске асыру мен Елек өзенінің алтывалентті хроммен ластануы бойынша әңгіме өрбіді. Сондай-ақ экологиялық өзекті мәселелердің бірі қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жүргізу, оларды сұрыптау және кәдеге жарату бойынша шаралар жөнінде сөз қозғалды.

Департамент басшысы айтып өткендей, 9 айда департамент қызметкерлері 37 шаруашылық қызмет объектісіне тексеру жүргізген, оның 24-і жоспардан тыс тексеру. Экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін жалпы сомасы 11,9 миллион теңгеге 66 әкімшілік айыппұл салынып, 10,5 миллион теңгесі өндірілді. Жалпы сомасы 722,7 миллион теңге экологиялық залалды өтеу туралы 33 шағым беріліп, оның 51,8 миллион теңгесі өндіріліп, 670,4 миллион теңгесі мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберілді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 28 шілдесінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевтің төрағалығымен облыстың экологиялық проблемалары, оның ішінде қала ауасының ластануы мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен белсенділер өкілдерімен онлайн кездесу өткен болатын. Кездесу нәтижесінде тиісті мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге «Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша Жол картасы» әзірленіп, облыс әкімімен келісіліп, министрмен бекітілді. Жол картасында атмосфераға ластаушы заттар эмиссиясын қысқарту, қалдықтарды басқару, көгалдандыру, су ресурстарын реттеу, жер ресурстарын қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру секілді 33 іс-шара қаралған.

«Aqtobe – Adaldyk alany» жобалық кеңсесі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button