Экономика

Өндірісі жоқ, өнімі көп өңір

Көшпелі конференция

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Ойыл ауданында 2020 жылдың 8 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және алдағы жылғы жоспарлары туралы көшпелі баспасөз конференциясы өтті.

Аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар толықтай орындалған. Ауданның кірісі — 5 миллиард 869 миллион 208,3 теңге.

Өндірісі, теміржолы жоқ ауданның бар табысы — ауылшаруашылық өнімдері. Бірақ соған қарамастан жалпы өнім көлемі 8140,1 миллион теңге болса, өнеркәсіп өнімдері 705,1 миллион теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 108 пайызға артқан.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отырған — кәсіпкерлік саласы. Қазіргі таңда 330 шаруа қожалығы мен 534 жеке кәсіпкер жұмыстарын жүргізіп, жұмыссыздар санын азайтуға үлестерін қосып отыр.

Аудан экономикасының негізін құрайтын ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстардың бірі — суармалы алқапты көбейту. Осы мақсатта жыл сайын жерге түрен салып жүрген «Спарта, «Жұмырбай», «Көбек» шаруа қожалықтарына жерасты суын пайдалану үшін инфрақұрылымына құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Биыл ауданның өрісіне асылтұқымды 604 мүйізді ірі қара, 1553 қой қосылды.

«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жобасы аясында 72 адамға 276,0 миллион теңге шағын несие берілді. 43 адам 23,8 миллион теңгенің грантын иеленген.

Биыл Ойылда құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. 4 елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылған ауыз судың игілігін көреді. Қайыңды ауылдық округіне қарасты Көсембай елді мекеніне тартылып жатқан ауызсу құрылысының — 221,5 миллион теңге. Қазіргі таңда барлық үйге су құбыры кіріп тұр. «Батысгазстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан құрылыс мерзімі уақытында аяқталмақ. Бұған дейін ұңғыма құдықтан ішіп келген көсембайлықтар енді судың тапшылығын көрмейді. Жерасты суы мол ауылда тұщы судың қоры көп. Ауызсу құбырының ұзындығы 8 шақырымнан асады. Құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден 5 адам тартылған. Сонымен қатар Ақшатау, Қаракемер, Ақкемер елді мекендеріне ауызсу құбыры тартылып жатыр. Егер бұл жұмыстар аяқталса, ауданның 14 елді мекеніндегі 17122 тұрғын ауызсумен қамтылып, көрсеткіш 92,6 пайызға жетеді.

Аудан орталығын қоспағанда көгілдір отынмен қамтылған жалғыз Тайсойған ауылы. Халық санына шаққанда газбен қамту 30 пайызды құрайды. Дегенмен Қаратал ауылдық округіне тартылатын газ құбырының жобалық-сметалық құжаты дайындалуда.

Негізгі мәселелердің бірі — интернет желісі ауданда шешімін тауып келеді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында шалғай округтер Қараой мен Сарыбие жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылмақ. Ал Құмжарған, Шұбарши, Ақкемер, Қарасу елді мекендеріне мобильді байланыс мұнаралары орнатылды.

Аудан орталығында салынып жатқан ірі құрылыс нысандарының бірі —денешынықтыру сауықтыру кешені. Құны — 416 миллион 912 мың теңгені құрайтын кешен 2021 жылдың наурыз айында пайдалануға берілмек.

Аудан орталығына көшіп келушілердің қатары жыл санап өсуде. Жеке тұрғын үйлер көптеп салынып, бірнеше көшелер пайда болды. Екі қабатты екі сегіз пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы басталды. Биыл 35 тұрғын үй пайдалануға берілген.

Биыл Ойылдың бірнеше көшелері тегістеліп, орташа жөндеуден өтті. 5 көшеге асфальт төселсе, келесі жылы 7 көшені жөндеу жоспарланып отыр. Жалпы аудандық маңызға ие 291,36 шақырым автомобиль жолы бар.

Бірыңғай ауыл шауашылығымен айналысатын аудан үшін жерді тиімді пайдалану басты назарда. Алайда бірнеше жылдан бері пайдаланылмаған, игерілмеген жерлер бар. Олардың иелерімен түсінік жұмыстары жүргізіліп, 5752 жер учаскесі кері қайтарылған.

Жер учаскелерін мемлекеттік қорғау және тиімді пайдалану үшін арнайы жұмыстар жүргізіп отырмыз. Қайтарылған жерлер конкурс арқылы 28 шаруа қожалығына берілді. Оның ішінде 8 шаруа қожалығы жаңадан құрылған. Соңғы екі жылда 51470 гектар жер берілген шаруа қожалықтарының нәтижелі жұмысын көріп отырмыз. 46 шаруа қожалығы 457,6 миллион теңге инвестиция салып, 526 ірі қара, мыңға тарта қой, 182 жылқы сатып алды. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жүзеге асып жатқан жұмыстар көп. Барлық салада өсім бар.

Мұнымен барлық мәселе шешілді деп айтуға болмайды. Ең басты байлық — аудан тұрғындарының саулығы. Ол үшін ауылдарды дәрігерлермен қамту керек. Біздің ауданға 3 жалпы тәжірибелі дәрігерлер керек. Медицина мамандарына берілетін көмектер мен жеңілдіктер бар. Биыл 11 маманға 2 миллион 916 мың теңге көтермеақы, 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 35 миллион 498 мың теңге несиелер берілді. Ендігі жұмысымыз Көптоғай ауылдық округіне дәрігерлік амбулатория салу болмақ. Себебі 1969 жылы салынған ғимараттың тозығы жетіп, әбден ескірген, — дейді аудан әкімі Асқар Қазыбаев.

Биыл Саралжын ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Онда 7 қызметкер жұмыс істейді.

Ауылдың бас дәрігері жас маман Ақтоты Жакияеваның  қызметке кіріскеніне бір ай болыпты. Мамандығы  ауданға қат  жалпы тәжірибелі дәрігер.

Ойыл ауданында өткен жылы 221 сәби өмірге келсе, биылғы жыл басынан бері 263 балаға өскен.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button