Жаңалықтар

Қос серіктестік шығармашылық-зерттеу жобасын жүзеге асырады

Меморандум

Кеше облысқа жұмыс сапарымен келген «АтырауАқпарат» ЖШС өкілдері «Ақтөбе Медиа» ЖШСна қарасты қос газеттің ұжымымен кездесіп, «ОйылҚиылЖемСағыз» атты шығармашылықзерттеу жобасының тұжырымдамасына қол қойды.

Шараға Атырау облысынан келген «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев, «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасының технологі Гүлбала Сарипова, облыстық «AQTOBE» телеарнасының басшысы Мирас Мұқаш, сондай-ақ «Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері мен қызметкерлері қатысты.

Кездесуде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Ақтөбе жеріне арнайы келген меймандарға қос газет ұжымы атынан ризашылығын білдіріп, лебізін жеткізді.

— «Атырау-Ақпарат» мекемесінің мен үшін орны ерекше. Себебі осыдан біраз жыл бұрын сол облыстағы 7 ауданның басын құраған медиа-холдингте бес жылдай қызмет етіп, баспахананы басқарып, медиа-холдингтің өркендеп, дамуына үлес қосқан едік. Сол жылдары алғаш рет Атырауда журналистердің республикалық форумы ұйымдастырылды. Аталған форумға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бүгінгі күні серіктестік құрамындағы «Атырау» және «Прикаспийская Коммуна» газеттері облыстағы жаңалықтардың жаршысы болып отыр.

Ал өзімізге келсек, қос газет ұжымы жаңа ғимарат — Баспасөз үйінде абыройлы еңбек етіп, оқырмандарына өңірдегі жағымды жаңалықтарды жеткізіп келеді. Өткен жылы облыстық «Ақтөбе» газеті 95 жылдығын атап өтті. Жалпы қос газеттің қол жеткізген жетістіктері көп, — деді серіктестік директоры Р.Отыншин.

Бұдан кейін сөз сөйлеген «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев өзінің басшылық қызметке жақында келгенін, қазір жаңа бастамалар мен мультимедиялық жобаларды қолға алып, дәстүрлі медианы жаңа медиаға жеткізу үшін тынымсыз жұмыс жасап

жатқанын айтты.

Қазіргі таңда біздің серіктестік құрамында 2 облыстық, 7 аудандық басылым, 14 сайт, бір баспахана бар. Жақында өңірлік коммуникациялар қызметі де серіктестік құрамына кірмек. Негізінен, кез келген шаңырақтың өзегі, жаршысы —  газет. Сондықтан бүгін ақтөбелік әріптестерімізбен кездесіп отырғанымызға қуаныштымыз, — деді Ы.Егембердиев.

Кездесу соңында серіктестік басшылары «Атырау-Ақпарат» ЖШС мен «Ақтөбе Медиа» ЖШС арасындағы «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» атты экологиялық тақырыптағы бірлескен шығармашылық-зерттеу жобасының тұжырымдамасына қол

қойды.

Айта кету керек, бүгінгі күні Ақтөбе облысынан бастау алып, Атырау облысының аумағына құятын Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өзендерінде су қорының азаюы салдарынан екі облыста табиғи су мәселесі туындап отыр. Осы орайда қос серіктестік шығармашылық-экологиялық зерттеу экспедицияларын ұйымдастырып, облыстық газеттерге материалдар топтамасын жарияламақ.

Шығармашылық-зерттеу жобасының медиа-жоспарына сәйкес, алдағы уақытта өңірде «Тарышылар тарықпасын десек», «Ойылды ойға алғанда», «Жайыққа Ойыл құйған-ды», «Каспийге қатер төнбей ме?», «Жайың қалай, Жем, Сағыз?», «Тайсойған, Бүйрек, Барқынды», «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда?», т.б. тақырыптарда әртүрлі басқосулар мен сұхбаттар ұйымдастырылып, сараптамалық материалдар мен зерттеу мақалаларын жариялау, екі көршілес облыс аумағында экспедицияға шығу, сондай-ақ облыстық басылымдар арасындағы өзара шығармашылық байланысты нығайту көзделіп отыр.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button