Жаңалықтар

22 адам «Халық алғысы» медалімен марапатталды

Сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы, сондай-ақ пандемияға қарсы күрестегі қажырлы еңбегі үшін 22 азаматқа «Халық алғысы» медалін табыстады. 

Биылғы жыл бәрімізге де үлкен сынақ болды. Әлемді әлекке салған індет ел шетіне келгенде, оған қарсы тұруға бүкіл ел болып жұмылдық. Карантин режиміне көшіп,  әдеттегіден тыс жағдайда жұмыс істеуге икемделдік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпті вирустың кең тарап кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдады. Дәрігерлеріміз өз білімдері мен тәжірибелерінің арқасында қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіп-қатерге қарамай, індетке қарсы күресу – нағыз патриотизмнің көрінісі деп санаймын. Өздеріңіздей бүгінгі күннің шынайы батырларына халқымыздың алғысы шексіз, — деген өңір басшысы облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Әлимағанбетовті, Ақтөбе қаласы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Вячеслав Бекмұхановты, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Дүйсенбаеваны, «Жайсаң» шекара бақылау бөлімшесінің кіші бақылаушысы Арслан Оразовты, сондай-ақ басқа да әртүрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар мен кәсіпкерлерді, еріктілер тобының жетекшілерін «Халық алғысы» медалімен марапаттады.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button