Жаңалықтар

100 баланың ұясы

Сейсенбіде облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жалғыз орталық«Жайна» сауықтыру стационарына барып, балалардың жай-күйін көріп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.

Осыдан үш жыл бұрын өз жұмысын мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында бастаған сауықтыру стационары 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде орталық қызметкерлері ауысыммен тәулік бойы жұмыс жасайды. Облыс әкімі балалардың ұйықтайтын, ойнайтын бөлмелерін, массаж, мотессори кабинеттерін, асханасын аралап көрді.

— Қазіргі уақытта «Жайна» сауықтыру стационары — 100 баланың ұясы. Өкінішке қарай, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 27 балапанымыз бар. Балалардың диагнозы да әртүрлі. Мұнда жүйкесі ауыратын, қимылдау мүмкіндігінен айырылған, көрмейтін, естімейтін балалар бар. Стационардың мақсаты — психо-неврологиялық ауруы бар балаларға көмек көрсетіп, әлеуметтік ортаға бейімдеу, сауықтыру, ата-аналарға көмектесу. Кәсіби мамандардың тынымсыз, талмай еңбектенуінің нәтижесінде талма ауруына шалдыққан балаларымыздың жағдайы жақсарды. Айталық, бір жыл ішінде мониторинг жасалып, оқуға жарамды 12 бала үйден білім алуға ілігіп, Ақтөбе қалалық №7 арнайы түзету мектебінің мамандары келіп, оқытып жүр. Әр балаға жеке жұмыс жоспары жасалып, жыл бойына жеке қызмет көрсетіледі. Мұндағы қызметтің бәрі тегін. Бұл істен нәтиже шықса, бізге одан артық ақы жоқ. Мүгедек бала — тек бір ғана отбасының емес, бүкіл қоғамның мәселесі, — деді «Жайнаның» негізін қалаушы Нұрила Жарболова облыс әкіміне стационар ішін көрсетіп жүріп.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, бүгінде облыста 3762 мүгедек бала бар, оның 1482-сі — жүйке-психикалық аурулары бар балалар. Бұл көрсеткіш осындай сауықтыру стационарының қоғамға қажеттілігін көрсетіп тұр.

— Биыл «Жайнаның» жұмыс жасап жатқанына үш жарым жыл болды. Осы уақыт аралығында 170-ке тарта балаға оңалту қызметін көрсетті, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеді. Сауықтыру стационарында қазір 100 бала бар Пандемияға байланысты жарияланған карантин кезеңінде де стационар қызметкерлері күні-түні уақытпен санаспай жұмыс істеді. Абырой болғанда, індет жұқтырып, қайтыс болғандар тіркелген жоқ. Әрине, созылмалы ауруларына байланысты шетінегендер бар, — дейді Бұлбұл Елеусінова.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— «Жайна» сауықтыру стационары мүмкіндігі шектеулі балаларға тәулік бойы қызмет көрсетіп, қиын да сауапты іс жасап отыр. Төрт құбыламыз түгел уақытта балалардың әр қадамына алаңдап, уайымдап отырасың, ал мұндай жағдайда әр балаға көңіл бөліп, күтім жасау — үлкен ерлік. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында оңалып келе жатқан балалар да бар екен. Нәтижелі жұмыстарыңызға риза болдым, шын жүректен рақмет айтамын, жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын! Әрине, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылған стационар сұранысқа ие. Өкінішке қарай, қоғамда осындай орталықтың қызметіне мұқтаж боп жүрген мүмкіндігі шектеулі балалар көбейіп тұр. Оларға жағдай жасау — біздің міндет. Алдағы уақытта мұқтаж сәбилерге бір-екі балабақша салу жоспарда бар. Осы стационарды кеңейту мақсатында өздеріңіз де бастама көтеріп жатсыздар, бәрі де — мемлекет пен жекеменшік серіктестік аясында, бірігіп атқарылатын жұмыстар, — деген облыс әкімі өз атынан осы мекеменің бес қызметкеріне облыстың әлеуметтік саласының дамуына қосқан үлесі мен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту бағытында атқарған елеулі еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады. Сондай-ақ облыс әкімі стационар сәбилеріне бірнеше манеж-кереует сыйлады.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button