Жаңалықтар

Белсенділердің еңбегі бағаланды

Кеше облыс әкімдігі ғимаратында бір топ адамға «Халық алғысы» медалі тапсырылды. Бұл — пандемияға қарсы күресте еңбек еткендерге берілген марапат.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов коронавирус індеті өршіген кезде қызмет еткендердің саны көп екендігін, әсіресе, медицина мамандары, тәртіп сақшылары мен мұғалімдердің еңбегі ерек екенін айта келе, әлі де босаңсуға болмайтынын атап өтті.

— Облыс басшылығы індет кезінде өзінің ерекше үлесін қосқан азаматтарды марапаттауды бастады. Өйткені наурыз-шілде айларында өңірде күш біріктіріп, өзгелерге көмектескендер көп. Мемлекет басшысының өзі бастама көтеріп, қиын-қыстау уақытта белсенділік танытқандарға құрмет көрсетуді тапсырғанын білесіздер.

Індет әлі де ауыздықталған жоқ. Соған байланысты мемлекеттік деңгейде тапсырмалар беріліп жатыр. Мақсат — аурудың елде қайтадан таралып кетуіне жол бермеу. Сол үшін шетелден келгендер арнайы стационарларға жатқызылып, сақтық шаралары күшеюде. Жалпы, облыс бойынша ахуал тұрақты. Қазіргі таңда медициналық мекемелерде 46 адам емделіп жатыр, — дей келе, полицейлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері, т.б. «Халық алғысы» медалімен марапаттап, жылы лебізін білдірді.

Бұл жолы мұндай құрметке 30-дан астам ақтөбелік лайық деп танылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button