Жаңалықтар

Сенімнің салмағы

Nur Otan партиясының Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Асхат Шахаров Nur Otan праймеризіне қатысқан кандидаттармен кездесіп, партияішілік сайлауға белсенді атсалысқандары үшін алғыс білдірді.

Ақтөбе қаласы бойынша 8 мыңнан астам партия мүшелері өз таңдауын жасаған.

Асхат Шахаров мұндай форматтағы партияішілік іріктеу елімізде алғаш рет өткізіліп отырғанын, ақтөбелік кандидаттар өздерін ел дамуына мүдделі, жігерлі, білімді де белсенді азаматтар ретінде көрсете білгенін атап өтті.

— Жалпы, партияішілік сайлауда қаламыздан 138 кандидат бақ сынап, көптеген ұсыныс-пікірлер енгізілді. Ақтөбе облысы 17 өңірдің ішінде праймеризді белсенді түрде өткізді деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі күнге дейін статистикалық деректерге жүгінсек, 493 адам құжат тапсырды. 460 кандидаттың 50 пайызы — бастауыш партия ұйымынан ұсынылғандар. Қалған 50 пайызы — өзін-өзі ұсынған азаматтар. Республика бойынша 700 мыңға жуық партия мүшелері қатысты. Оның ішінде 87 пайызы біздің партия мүшелері. Праймеризге қатысушылар 16 жерде 87 дебат өткізді. Сол уақытта өз ұсыныстарын ортаға салды. Олардың ұсыныс-пікірлері сайлауалды бағдарламаға енгізілді, — деді Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов шара барысында.

Бұдан соң Ербол Данағұлов пен қала әкімі Асхат Шахаров Nur Otan праймеризіне қатысқан 138 адамға облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табыс етті.

Марапатқа ие болғандардың бірі кәсіпкер Әсемгүл Балқыбаева:

— Өзім білім саласында 18 жылдан астам уақыт жұмыс жасаймын. 10 жылдан бері жеке балабақшалар ашумен айналысамын. Қала бойынша 400 орынға мемлекеттік тапсырыс орындап отырмыз. Алдағы уақытт «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 аудандарынан 400 орындық балабақша ашу, сондай-ақ көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына балбақшалардан тегін орын беру мәселелері жоспарда бар. Мен Nur Otan партиясына осындай мүмкіндік бергені үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді, — деді.  

Жалпы тіркелген үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізді. Олар партия мүшелерімен 3 мыңнан астам кездесу өткізіп, өз бағдарламаларын ұсынды. Оның 20-сы онлайн форматта ұйымдастырылды. 22 жария пікірсайыста түрлі мәселелер көтеріліп, оңтайлы шешу жолдары айтылды.

Праймериз барысында халықтың назарына ұсынылған қаланың сайлауалды бағдарламасының жобасы ой елегінен өткізіліп, оған 500-ге жуық ұсыныс жиналды. Партияның қаладағы мүшелері 1-2 қазан күндері онлайн тәртібімен таңдау жасады. Ал үлгермегендер және смартфон телефоны жоқ партияластар үшін 3 қазанда арнайы дайындалған 11 орын ашылды.  Оның барлығында онлайн форматта дауыс берілді. Кейін онлайн дауыс беру тағы бір күнге ұзартылды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button