Басты бет » Абай — 175 » Бағдардың бастауы

Бағдардың бастауы

Рита ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті,

қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, магистр.

Елбасы бұл мақаласында хакім Абайдың тағылымды тұлғасы, артында қалған әдеби мұрасы таза өз ғұмырынан, өз тағдырынан  қаншалықты деңгейде орын алатынын асқан байыппен, жылы эмоционалды реңкпен, оқыған адамның көңіліне шуақ сыйлайтындай саралаған. Мақаланың әу басындағы «Байқауымша, ұлылықты ұғыну бір бөлек те, онымен табысу және яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату — өз алдына қырық қатпар құбылыс» деген тұсынан түсінген жан көп нәрсені ұғынады. Біз сол көп жағдайда ұлылық деген нәрсені ұғынамыз да қоямыз, өз өмірімізге бағдар ету дегенде тосылып қаламыз, тіпті көпшілігімізде «солай етуге болады-ау» деген де ой болмауы мүмкін. Әрине, бұл жерде ұлылықтың ұлылыққа бойлауы деген тылсым құбылыс жатқаны да сөзсіз. Бұған дейін осы «Ақтөбе» газетіне берген бір пікірімде «Әркімнің өз Абайы бар»  деген болатынмын. Міне, бүгін біз Тұңғыш Президентіміздің «Абайымен» тілдесіп отырмыз. Сәби шағынан әжесі мен анасының аузынан ел әдебиетінің небір жауһар туындыларын тыңдап өскен болашақ Елбасы өмірінің сол бір бал кезеңін «Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы» деп бағалай келіп,  Абай атындағы орта мектепте білім алуын «Ұлы ақынның есімін иеленген оқу ордасының шәкірті болудың өзі — бір жағынан, мақтаныш, екінші жағынан, жауапкершілік екенін ұқтым» деп көшелі ой тізбектейді. Оқушы кезінде ұлы хакімнің шығармаларын ерекше ден қоя оқығанын айта келіп, әсіресе, «Ескендір» поэмасының есінде мықты сақталғанын да мақтанышпен атап өтеді. Шығыстық сарында көркемделген Абайдың «Ескендірі» оған дейін жазылған «Ескендірлерден» оқиғасы мүлде бөлек туынды екенін білеміз. Абайға дейінгі сөз зергерлерінің барлығы Ескендірді жер-жаһанды асқан шеберлікпен жаулап алған мықты ел билеуші санаса, қазақтың ұлы ақыны оны дәріптемейді, керісінше, сынайды. Міне, осы бір көркемдік шешім туралы мақала авторы: «билік пен даналық жүйесіне балалық қиялмен сапар шегіп, ойымның өрісі кеңеюіне едәуір септігін тигізді» деген ой түйеді. «Болар бала бесігінде бұлқынар» демекші, болашақ Елбасы бала шағында ұлы Абайдың ел басқарушы туралы есті шығармасын оқып өсіпті, «Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!» деген тұстарын көңілге тоқып өсіпті.

Сондай-ақ мақаланы оқу барысында көңіліме қуаныш ұялатқан бір жайт — Елбасының біздің жерлесіміз, қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, абайтану атты  іргелі ғылымның бастауында тұрған Құдайберген Жұбановтың «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты ғылыми еңбегіне сілтеме жасауы болды. Абайдың классик ақын екенін ғылымда бірінші болып Құдайберген Жұбанов айта алғанын естен шығармауымыз қажет. Мұхтар Әуезовтің өзі Құдайберген Жұбановты «Үлкен оқымысты» деп атаса, Елбасы «Үлкен білімпаз» деп бағалапты. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың қазақ халқы Абайды түгел тану керек деп дабыл қаққанын еске түсіре отырып: «бірте-бірте ұлы ақынның даңқы жер жүзіне әйгілі болатындай деңгейге жетіппіз. Ол, алдымен, әлбетте, Абайдың теңдессіз кемеңгерлігінің, содан соң тәуелсіз мемлекеттігіміздің  арқасы» деген пайымды пікірі де өте орынды. Алаш ардақтыларының есімдері, абайтануға қосқан тағылымды еңбектерінің тілге тиек етілуі мақаланың мәнін арттырып, мазмұнын толықтырып тұр.

Тұңғыш Президентіміздің «Абай аманаты» атты мақаласын толық оқып шыққан адам «Елбасының Абайымен» таныса отырып, ұлтымызға егемендіктің арқасында келген зор рухани әлеует хақында  мол білім жинақтайды.