АуылБасты жаңалықтар

Үздік әкім

Ол әлдеқайда табысты қызметтік мансап пен қаржылық жағдайдан бас тартып, өзінің туған ауылына оралды. Өзінің жүрегі қалаған істі таңдады.

Ойыл өзені бастауын алатын Мұғалжар өлкесінде, анығы, Мұғалжар ауданы Талдысай ауылында дүниеге келген ол осы жерде көрші балалармен бірге ойын ойнап, бұзау іздеп, тайға мініп, ауылдағы ұлттық құндылықтардың бәрін бойына сіңіріп өсті. Мектепті бітіріп, ержетіп, Алматыда оқу оқып, кейін мұнай саласында еңбек етіп, бірнеше жылдан соң табысты мансап пен қала қызықтарын өткенге қалдырып, өзі туып-өскен өлкеге, жаңағы өзеннің бастауына қайта оралды.

— Туған жерім шақырды, — дейді қалжыңға айналдырып. Бірақ бұл қалжыңның біраз шындығы бар.

Менің әңгімемнің кейіпкері — Талдысай ауылдық округінің 34 жастағы әкімі Қазбек Аққайыр. Республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы, республикалық кезеңнен екінші орын алған жүлдегермен күні бойы бірге жүріп, осы уақыт ішінде ауыл тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысып, шаруа қожалықтарына да барып үлгердік. Сосын Ойыл өзенінің бастауы — Қызылбұлақ маңындағы бұлақ басында жайбарақат емен-жарқын әңгімелестік.

Әжесінің баласы

— Аллаға шүкір, ата-анам тірі, аман-сау, алайда ес білгелі қасымда үнемі әжем — Сәулеш мамам болды, — деп бастады Қазыбек әңгімесін бұлақ басында. — Мені тәрбиелеп, Алматыда оқуда жүрген кезімде зейнетақысын түгел маған жіберіп, өзі оқытып алды. Бала күнімде полиция қызметкері болуды армандайтынмын, тәртіп пен киген киімдері ұнайтын. Сөйтіп, сегізінші сыныптан соң Есет батыр атындағы әскери-полицейлер мектеп-интернатына түстім, кейін полицейлер академиясына бара алмадым, медициналық тексерістен өтпей қалдым. Сосын Қаныш Сәтбаев атындағы Алматы политехникалық институтының геология факультетіне құжат тапсырдым. Институтты 2008 жылы бітірдім.

Елге келген соң ол шетелдік бір мұнай компаниясына жұмысқа орналасып, еңбек жолын қарапайым оператордан бастайды. Он жыл ішінде мансап баспалдағымен бөлім басшысына дейін көтеріледі.

— Шетелдіктер өз ісін білетін адамды бағалай алады, — дейді менің әңгімелесушім. — Сондықтан да қаржы жағынан ешқандай тарлық көрмедім, керісінше, тұрмысым тәуір болды.

Осы жылдары Қазыбек шаңырақ көтеріп, қазір Рауза екеуінің сүйкімді ұл мен қызы бар.

Әкім болу

— Ауылға кел, — деді бірде Қазыбекке ауылдық округтің сол кездегі басшысы. — Мен әкімдіктен кеткелі жүрмін, ал сен жассың, ауылға тигізер пайдаң көп, менің орныма кел.

Әкімнің кеңесінен кейін Қазыбек керек құжаттарды жинап, Талдысай ауылдық округі әкімі болуға байқауға қатысады. 2018 жылдың мамыр айынан бастап жаңа қызметке кіріседі.

— Іштей дайын едім, бірақ әрекетке көшкен сәтте сәл жүрексініп қалдым, — дейді ақталып кейіпкерім.

Әрине, жүрексінетін де реті бар. Ауылда шешімін күтіп тұрған мәселе көп. Ауылдық әкімдіктегі мамандар да сол сәтте орындарынан табылмады: бірі декреттік демалысында, тағы бірі өз тілегімен жұмыстан кетіпті. Себеп біреу — жұмыс көп, ақшасы аз. Осылайша, Қазыбек өзі бастық, өзі орындаушы екенін түсінді. Ол әуелі достары мен сыныптас құрдастарына барды.

— Біздің мектептің әр жылдағы түлектері өздері ұшқан ұяға көмектесіп тұрады. Бұл жолы мен ауылды көркейтуге атсалысуға шақырдым. Бәрі де қолдарынан келгенін аямады, көмектесті, — дейді Қазыбек.

Сөйтіп ауылдағы бұрын құлап қалған көпір қайта қалпына келтірілді, аялдама павильондары жаңартылып, қоқыс жәшіктері қойылды. Көшелердің атаулары жазылған тақтайшалар ілінді. Ауыл азаматтарының демеушілігімен ауыл шетінде уақыт пен ауа райын көрсетіп тұратын электронды кесте де орнатылды.

— Талдысай кәсіпкерлері мен қожалық басшылары да ауылды көркейтуге белсене атсалысып отырады. Олардың көмегімен ауылда киіз үй құрылды, ол жерде мерекелік кештерде ауыл тұрғындарына дастарқан жаюға мүмкіндік бар.  Жазғы ауыл сахнасы жасалып, ауыл жолдары жөнделді, — дейді округ әкімі.

Енді әкім Мәдениет үйі ішінен ұлттық бұрыш жасауды жоспарлап отыр.

— Ол үшін 300 мың теңгеге нағыз киіз үй сатып алдық. Енді ескі ұлттық киімдеріміз бен тарихи жәдігерлер жинауымыз керек, — дейді ол.

Әкім болғаннан кейінгі бір-екі айда Қазыбек жаңа күн тәртібіне үйренісіп, одан қалды ауыл тұрғындарының да қажеттіліктерін реттеп, ауылдың жанашыр азаматтарымен тіл табысып, үйінің тірліктеріне де үлгеретін болды.

Келіншегі Рауза аудандық мәслихат аппаратында жұмыс істейді, кейде жұмыста бөгеліп қалса, балаларды мектептен өзі алып, түскі асын береді.

Талдысай туралы елордалықтар да біледі

«Әкімнің күні қалай басталады?» деген сұрағыма ол: «Аяқталмайды да ғой» деп күліп жауап берді. — Кәсіпорындарда мүмкін уақытпен санасып, үйіңе белгілі бір уақытта қайтып, тынығуға болар. Ал бұл жерде — ауылда тәулік бойы жұмыста жүресің. Негізі таң атысымен ауылды бір шарлап шығып, әкімдікте тұрғындарды қабылдаймын. Басты міндет — әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасау. Біздің Талдысайда орта мектеп, балабақша, медпункт, Мәдениет үйі, кітапхана бар. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жүрген отыздан астам ірі шаруа қожалығы және он үш кәсіпкер бар. Олар ауыл тұрғындарына жұмыс тауып беріп отыр. Қазір түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар, қожалық иелері мен жеке кәсіпкерлер соны пайдаланып, шаруаларын кеңейтіп жатыр, кейбір ауыл азаматтары жаңадан кәсіп ашуға талаптанып жүр. Бәріне де құжат дайындауда көмектесеміз, аудан әкімдігінің мамандары түсіндіреді.

Округ әкімінің айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Талдысай ауылының екі кәсіпкері мен Еңбек ауылының екі кәсіпкері мал шаруашылығы үшін 14 миллион теңге көлемінде несие алды. Сондай-ақ әкім 12 тұрғынға «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқыту курсына қатысып, сертификат алуға көмектесіпті.

Ауылдық округ құрамына Талдысай мен Еңбек ауылдары кіреді. Жалпы жер көлемі — 97 187 гектар, округте 836 адам тұрады.

— Біздің ауылда жұмыссыздар жоқ. Жұмыс істемесең, ешкім тегін тамақ бермейді. Сондықтан да бәрі еңбек етеді, — дейді әкім. Округте 33 шаруа қожалығы, 2 өндіріс кооперативі бар. Адамдар мал шаруашылығынан қолдары босамайды, кейбіреулері мұнай-газ саласында вахталық әдіспен жұмыс істеп жүр. Дегенмен ауылдағы әр қорада мал бар деуге болады.

Округте барлығы 4 мыңнан астам ірі қара, тоғыз мыңға жуық қой-ешкі, екі мыңға жуық жылқы бар.

Бірнеше жыл бұрын ауылға газ құбыры тартылып, талдысайлықтар қазір көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Округтің бір миллион теңгеге жуық өз бюджеті бар.

Салықтан түскен қаражат. Біздің қажеттілігімізді өтемейді, бұл тек мерекелерде ардагерлер мен зейнеткерлерге сыйлық жасауға ғана жетеді, — деп шынын айтты әкім.

Ауылдың өзекті проблемасы — аудан орталығына баратын жолдың нашарлығы мен ауызсу құбырының жетпеуі. Округ ауылдарының арасындағы жолдарды да жөндеу керек. Талдысайлық оқушыларға жаңа мектеп те қажет, әйтпесе  кеңес кезеңіндегі кеңшар кеңсесі болған ғимаратта оқып жүр ауыл балалары. Ауыл тұрғындары округ әкімі бұл мәселелерді алдағы уақытта шешетініне сенімді.

Жақын күндері округ әкімінің үйіне келушілер қарасы көп болды. Бәрі де округ әкімін құттықтап жатыр.

— Мен мұндай байқауларға қатысуға әуес емеспін. Бірақ енді біздің өлкені де жұрт біліп жүретін болды. Әуелі аудандық, облыстық кезеңдерде жеңімпаз атандым. Сосын республикалық байқаудан жүлделі екінші орын алдым. Әсіресе біздің ауыл туралы енді елордалықтар да білетін болды. Жоспарларым туралы айтпаймын, жасағанда көре жатарсыздар. Бірақ қай кезде де ауылдастарыммен біргемін, біздің мақсатымыз — бір, ауылды көркейту, — дейді Қазыбек Аққайыр.

 Санат РАШ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button