Әлеумет

Еңбек адамының мүддесін кәсіподақ қорғайды

10 қазанда Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының құрылғанына 30 жыл толады. Бұл күн Қазақстан кәсіподақтары күнімен тұспа-тұс келеді.

Жақында аталған ұйымның «Әділдік пен дамуға — бірлікте» атты XXVI съезі өтті. Съезд барысында құрылымның 5 жылға арналған даму стратегиясы бекітілді. Жиында кәсіподақтардың 5 жылдық жұмыстары түйінделіп, алдағы 5 жылдағы басым бағыттары сарапқа салынды. 

Кәсіби мереке қарсаңында біз «Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиевпен әңгімелескен едік.

— Еліміздегі 2 миллионға жуық адамның басын біріктіріп отырған ірі қоғамдық ұйымның бұл жолғы басқосуы карантин талаптарына сай қашықтан ұйымдастырылды. Съезд жұмысында қаралған басты тақырыптардың бірі — еңбек адамының жағдайы, мүдделерінің қорғалуы. Кәсіподақтар еңбек заңдылықтарын сақтау, еңбек қауіпсіздігі секілді мәселелерді басты назарда ұстайды. Съезд барысында бұл мәселелер де талқыланды. 5 жылға арналған даму стратегиясындағы басым бағыттардың арасында ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, жалақыны индекстеуді заңнамалық бекіту, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізу, яғни негізгі лауазымдық жалақыны заңмен белгіленген ең төменгі жалақымен ауыстыру, тұтыну себетін қайта қарау бар, — дейді Алтынбек Әмірғалиев.

850 мұнайшыға 130 миллион теңгеге жуық төлем жасалды

Бүгінде біздің облыстағы кәсіподақ ұйымы 10 мыңға жуық мекемемен еңбек шартына қол қойып, 280 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқығының сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы 25 салалық және өңірлік, сондай-ақ 1117 бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп жұмыс жасауда. Қазір кәсіподаққа 131 мыңнан астам адам мүше.

Заңсыз қысқартуға жол бермеу, жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтау мақсатында және олардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін облыстық кәсіподақтар орталығында заң қызметі тегін көрсетіледі.

  • Ең басты міндеттердің бірі — еңбек адамы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шарты мен ұжымдық шарттарының екі жаққа да тиімді жасалуы және сол шарттардың барлық талаптарының толық орындалуы. Бұл бағытта облыстық кәсіподақтар орталығы, облыс әкімдігі және жұмыс берушілер одағымен бірлескен үш жақты келісім бар. Үш жақты комиссия отырыстарында еңбек қатынастары мәселелері қаралады.

Карантин кезінде мұнайшылардан көп шағым түсті. Індет ушыққан кезде карантин талаптары қатайып, қозғалысқа қатаң шектеулер қойылғаны белгілі. Вахталық әдіспен еңбек ететін жұмысшылар жұмысқа бара алмай қалды, сондай-ақ жұмыстан үйлеріне қайтуға рұқсат берілмеді. Осы кезде демалыссыз жұмыс жасаған жұмысшылардың 2 есе жалақы алуларына ықпал еттік. Сонымен қатар жұмысқа бара алмай қалған жұмысшылар үшін жалақыларының 50 пайызы төленді. Мұның бәрі тікелей кәсіподақтың араласуымен шешілді.

Айта кету керек, «Восток нефть» жауапкершілігі шектеулі серітестігі және «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясының жұмысшыларынан түскен шағым бойынша құжаттарды жинастырып, еңбек инспекциясына жібердік. Соған байланысты аталған мекеме мұнай өндіретін кәсіпорындарға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соның арқасында 850 мұнайшыға жалпы көлемі 128 миллион теңге  көлемінде қосымша ақы төленді.

Медицина саласының қызметкерлері де көп арызданды. Олар үшін де қолдау көрсетілді. Індет кезінде демалыссыз еңбек еткен медицина саласының қызметкерлеріне төленуі тиіс әлеуметтік төлемдерді дер уақытында алуларына салалық кәсіподақ ұйымы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бірлесіп көмек көрсетті. 

Жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігін қатаң сақтауы тиіс. Мұны біз жіті бақылап, қадағалап отырамыз, — дейді аумақтық кәсіподақ төрағасы.

Жалақыны индексация жасау мәселені шеше ме?

 

  • Инфляция кезінде жалақыны индексация жасау көп мәселені шешеді. «Инфляцияға байланысты тамақ қымбаттап жатыр, бірақ жалақыда өзгеріс жоқ» деп шағымданушылар көп. Әсіресе, өндіріс орындарындағы жұмысшылар көп арызданады. Бұл үшін тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Инфляцияға байланысты жалақы көтеріп жатқандар бар. Бірақ бұл мекемелер жалақыны 8-10 пайыз көлемінде ғана өсіріп отыр. Оның өзін жалпы жалақыға қоса есептейді. Ал зейнетақы қорына, салық үшін және басқа да міндетті төлемдер үшін ақша ұсталғанда әлгі 8-10 пайыз көтерілген жалақы тіптен мардымсыз, елеусіз болып қалады.  Сол себепті біз жұмыс берушілерге жалақыны индексациялау кезінде айлыққа қосылған 8-10 пайыз көлеміндегі ақшаны ұсталған төлемдерден кейінгі жұмысшының қолына алатын айлыққа қосылып берілуі тиістігін айтамыз. Дегенмен жұмыс берушілер мұны орындағысы келмейді. Біз мұны жұмыс берушілерден талап етіп жатырмыз. Инфляцияға байланысты жалақыны индексация жасау кезінде еңбекақы көлемін 8-10 пайыз емес, 30-40 пайыз көлемінде көтеру керек. Алайда мұны жасап жатқан бірде бір мекеме жоқ. Бұл мәселені облыс әкіміне де жеткіздік. Қазір мәселе Үкімет басшысының қарауына жіберілді. Аталған мәселе кәсіподақтардың стратегиялық дамуына да енгізілді, — дейді Алтынбек Әмірғалиев.

Кәсіподақтар жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайы мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мәселелеріне алаңдаушылық білдіреді.

  • Ауыр жұмыс жасап жатқан жұмысшылар бар. Сол себепті денсаулығына зиян келтіретін салада еңбек етіп жүрген ер азаматтарды 55 жасында, әйелдерді 50 жасында зейнетке жіберу туралы ұсынысты республикалық Кәсіподақтар Федерациясына жолдадық. Қазір бұл мәселе Парламентке ұсынылды, — дейді аумақтық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы.

Қазаншының еркі өзінде ме?

Кәсіподақтың негізгі мақсаты — жұмысшының құқығын, қызметкердің мүддесін қорғау.

  • Кез келген мекеме, кәсіпорындардың жанында келісім комиссиясы болуы тиіс екендігін көпшілік біле бермейді. Келісім комиссиясының құрамына кәсіподақ ұйымының төрағасы кіруі керек. Жұмысшының басшысына қандай да бір келіспеушілігі болса, бұл мәселе келісім комиссиясында қаралуы тиіс.

Қазақта: «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деген нақыл бар. Жұмыс берушілер сол секілді. Жұмысқа өз ыңғайымен жүріп-тұратын адамды алғысы келеді. Ұнамағанды шығара салады. Біздің қоғамда мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Мәжбүрлі түрде жұмысшыға жұмыстан шығу туралы өтініш жазғызады. Ал көпшілік өзі өтініш жазып, «ерікті түрде» жұмыстан кеткен жұмысшының жұмысына қайта оралуына соттың өзі оң шешім шығара алмайды деп ойлайды. Бұл — қате түсінік. Қызметкердің жұмыстан шығу туралы өтініш жазуына мәжбүр болғанын дәлелдеу түк те қиын емес. Жұмысшының жұмыстан шығу туралы арызын мақұлдау тек жұмыс берушінің ғана қолынан келетін шаруа емес. Заң бойынша келісім комиссиясының отырысында жұмысшының өтініші жан-жақты тексеріледі. Келісім комиссиясы бекіткен жағдайда ғана жұмысшының жұмыстан шығуына келісім беріледі. Егер жұмысшының жұмыстан шығуы туралы жазған өтініші келісім комиссиясының отырысында қаралмаса, аталған комиссия бекітпесе, онда жұмыс берушінің әрекеті заңсыз болады. Сол себепті жұмыс беруші жұмысшыны қайтадан жұмысқа алуға міндетті.  Былтыр Еңбек Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі.  Келісім комиссиясын құру және оның міндеттері туралы аталған заңнамада көрсетілген, — дейді аумақтық кәсіпордақтар бірлестігінің төрағасы.

Оның айтуынша, көпшілік біле бермейтін тағы бір жайт — бір жұмысшы жалақысы мардымсыз болғандықтан, болмаса басқа да бір себептерге байланысты жұмыстан шығып кетті делік, ол сол күннен бастап мемлекеттік сақтандыру қорына барып жұмыстан шығып кеткені, басқа жұмыс іздеп жатқаны туралы арыз жазғаны жөн. Сонда оған мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмысқа орналасқанша (алты ай) ай сайын әлеуметтік төлем төленеді.

Ұжымдық шарттың көмегі

  • «Шетелде кәсіподақтың ықпалы мықты, ал біздің кәсіподақтар неге әлсіз?» деген мазмұндағы сауалдар да жиі қойылады. Елімізде Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» Заң бар. Біз осы екі заңнаманы басшылыққа аламыз. Дегенмен осы екі заңда да  кәсіподақ ұйымы жұмысшының келісім, қалауы бойынша құрылатыны жазылған. Ал шетелде кәсіподақ ұйымын кез келген мекемеде, кез келген ұжымда ашу міндеттеледі. Ал міндеттелген жағдайда қордаланған түйінді мәселелерді жоғарыға жібермей, тікелей шеше беруге кәсіподақтың мүмкіндігі зор болады.

Жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуына ұжымдық шарттың көмегі көп. Дегенмен әлі күнге дейін ұжымдық шарт жасамаған, тіпті бастауыш кәсіподақ ұйымын құрмай жұмыс жасап жатқан мекеме, кәсіпорындар жетерлік.

Егер жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы келісімшарт толық орындалса, қоғамда еңбек даулары туындамас еді. Ұжымдық шарт — кез келген мекеме мен кәсіпорынның еңбек қатынастарын реттейтін басты құжаты, ал кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралы, — дейді Алтынбек Әмірғалиев.

Жыл сайын кәсіподақ мүшелерінің саны артып келеді. Олар күні кеше ұйымдастырылған саяси науқанға да белсене қатысты. Кәсіподақтар атынан праймеризге қатысып, 6 адам бақ сынады.

Белсенді жұмыс жасайтын кәсіподақ ұйымының төрағалары көп. Мысалы,  «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы» кәсіподақ ұйымының төрағасы Бекболат Омаров (30 жылдан астам еңбек етеді), «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының кәсіподақ ұйымының төрағасы Жанжарық Күзембаев, «ҚР Ақтөбе облысы жұмыскерлерінің білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподағы» ұйымының төрайымы Раушан Серікова белсенді жұмыс жасайды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button