Жаңалықтар

Аулаларды аралап, құрылыс жұмыстарын бақылады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын көріктендіру аясында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.

Алдымен облыс басшысы Сәтбаев көшесіндегі №18, 20, 20к көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларына жүргізілген құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда аулаішілік жолдарға  асфальт төселіп, футбол және балалар ойын алаңы салынған. Жалпы аумағы 3477 шаршы метр болатын аумақтың құрылысы қыркүйек айында басталған. Жоспарға сәйкес барлық жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс.

Айта кету керек, мұнда 30 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген аулаларға жарықшамдар қойылған. Осы орайда жергілікті тұрғындар атқарылған құрылыс жұмыстары үшін облыс басшылығына алғыстарын білдірді.

Бұдан соң облыс әкімі Оңдасын Оразалин Құрмыш ауданындағы жол жөндеу жұмыстарын көрді. Ұзындығы 1850 метр болатын көшелерді қалыпқа келтіру жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында басталған. Т.Ахтанов, Ы.Алтынсарин көшелерін жаяу аралаған облыс басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар жеке нысандардың сыртқы келбетін қалыпқа келтіру қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ облыс әкімі 101-атқыштар дивизиясы көшесіндегі жаңашылдықтармен танысты. Мұнда кешкі 20.00-ден кейін көліктердің жүруіне тыйым салынып, тұрғындардың алаңсыз демалуына мүмкіндік жасалған. Аллеяға айналған көшеге сән беретін шамдар, жарнамалық лед-экрандар орналастырылған.

Облыста жолдарды жөндеу, аулаларды қалыпқа келтіру, балалар ойын алаңдарын салу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мұның барлығы — тұрғындардың игілігі үшін атқарылып жатқан шаруалар. Алдағы уақытта Ақтөбе қаласын көріктендіру үшін осындай бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады. Биылғы жылдың өзінде 100-ден аса көше жолдары жөндеуден өтіп, 40 аула қалыпқа келтіріледі, — деді О.Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button