Билік

Тоғыз ай талдауы

Облыста Елбасы тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетті

2010 жылғы қазан айының он тоғызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың барлық өңірлерінің әкімдерімен жұмыс кеңесін өткізгені белгілі. Онда өткен тоғыз айдың қорытындылары талқыланып, алдағы тұрған міндеттер ауқымы белгіленді. Сондай-ақ елдің экономикалық қуатын арттыру, индустриялды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру бағыттарына сәйкес тиісті салалар жетекшілеріне, аймақтардың  басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Өткен аптада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Ақтөбе филиалының конференц-залында өткізілген кеңесте аталған жиында айтылған мәселелер түбегейлі талданып, Елбасы тапсырмаларының орындалу жайы ортаға салынды.

Бұл жиынға Кеңес жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Марат Анарқұлов, облыстық мәслихаттың депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық бөлімшелердің, құқық қорғау және тексеру органдарының жетекшілері, еңбек ардагерлері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов Елбасы алға қойған міндеттерге байланысты келешекте атқарылар істерге нақты тоқталып, жауапкершілік жүгі жоғары екендігіне баса назар аударды.

Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған үдемелі индустриялдық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында экономиканың нақты секторында облысымыз қол жеткізген табыстар аз емес. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімдері көлемі 173 млрд. теңгеден астам мөлшерге өсті. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 238 млрд. теңге құрады.

2015 жылға дейін жалпы сомасы 1012,7 млрд. теңге құрайтын 84 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, осы шаралар жүзеге асырылуы барысында жаңадан 14,6 мың жұмыс орны ашылады. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 142,7 млрд. теңге тұратын 43 жобаны аяқтау қарастырылуда.

Қазақстанды индустриялизациялау картасына жүргізілген жандандыру жұмыстары нәтижелері бойынша 2015 жылға дейін жүзеге асыру мерзімімен 33 инвестициялық жоба жоспарланды.

Облыс әкімі жиын барысында қандай да жобалардың уақытында жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болатындығын атап көрсетті, бұл тұрғыда өзінің орынбасарларына, тиісті кәсіпорын-мекеме басшыларына тапсырмалар берді.

Нақ осы тұста көңіл алаңдататын, нақты назар аударуды қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Соның ең бастыларының бірі – азық-түлік тауарларына, тарифтерге және жанар-жағармай материалдарына бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу. Облыс басшысы осы жайлардың барлығы да қатаң бақылауда тұрғандығын айтты.

Азық-түлік тауарларына баға қозғалысы тұтасынан алғанда микроэкономикалық көрсеткіш ретінде болжамдалған 6-8 пайыз мөлшеріндегі инфляциялық дәліз аумағында тұрғандығы атап өтілді. «КазАгромаркетинг» акционерлік қоғамының деректеріне қарағанда, мониторингте орналасқан азық-түлік өнімдерінің алпыс үш түрінен алғанда біздің облысымыз бойынша бесеуі ғана орташа республикалық деңгейден жоғары екендігі белгілі болды. Мониторинг қорытындысы қолға тиісімен бес өнім түрі, нақты айтқанда ірімшік, алмұрт, қызанақ, қияр, бұрыш бағаларына зерттеу жүргізіліп, олардың көтерілу себептері анықталуда.

Ішкі тұтыну рыноктарын өз өндірісіміз есебінен де, сондай-ақ көкөніс, жеміс-жидекті сырттан жеткізуді үйлестіру арқылы да қажетті өнімдермен жеткілікті түрде қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Мәселен, жыл басынан бері шетелдерден және республикамыздың оңтүстік аймақтарынан 20,0 мың тонна шамасында көкөніс жеткізілді.

Бұл ретте қыс айларында аталған өнім түрінің дүкен сөрелерінде үзіліссіз болуы ерекше назарда ұсталынады. Маусым аралықтарындағы кезеңдерде мұндай өнімдер басқа жеке базарларға қарағанда мейлінше төменгі бағамен коммуналдық базарларда саудаға шығарылатын болады.

Қазан айының отызында Ақтөбе қаласы әкімдігі мен облыстағы он ірі компания арасында баға құрылымына байланысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны атап көрсетілді. Ол құжаттарда азық-түлік өнімінің алпыс екі түрі бойынша баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу, азық-түлік өнімдерінің қажетті тауарлық қорларымен қамтамасыз ету, өнімдерге 10 пайыздан аспайтын сауда үстемесін қолдану жайлары қарастырылған. Мұның өзін тұрғындар мүддесіне сай жасалған нақты шаралар деп қабылдауға болады.

Жанар-жағармай рыногындағы республика көлеміндегі байқалып қалған азды-көпті дүрбелең нышаны біздің өңірде сезіле қойған жоқ. Облыстың май құю стансаларындағы жанар-жағармай бағасы қазіргі уақытта ҚР Мұнай-газ министрлігі бекіткен шекті мөлшерден шығып кете қойған жоқ. Өнімдерді жеткізу тапсырыстарға сәйкес толық көлемде және тұрақты түрде жүргізілуде.

Қазір қолда жинақталған қор облыстың кемі бір айлық қажеттілігін өтей алады.

Тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штаб негізгі азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы жағдайды мониторингтен өткізіп, тұрақты бақылау жасау ісін қалыптастырды. Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы осы жайларды баяндай келіп, жиынға қатысушылар назарын инфляциялық процестерді тізгіндеу бойынша толық көлемдегі жұмыстарды жүргізуге, ішкі рынокты азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен қажетті мөлшерде үздіксіз және мол көлемде қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

Бюджет қаржысы есебінен салынып жатқан әлеуметтік саладағы нысандардың құрылысын биылғы жылдың соңына дейін аяқтау қажеттігі де жиында қадап айтылған мәселелердің бірі болды. Сондай-ақ қысқы кезеңде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының үздіксіз жұмыс істеуі, тұтынушылардың коммуналдық қызметтерге қарыздарын азайту бағдарындағы шаралар жүйелі жүргізілуі тиіс.

Қазіргі уақытта бюджет қаржысы есебінен облысымызда 283 әлеуметтік сала нысанының құрылысы жүргізілуде, оның 218-і – республикалық бюджет еншісінде, ал қалғаны жергілікті бюджеттен қаржыландыруда. 2010 жылға аталған нысандар құрылысына және қайта құрылымдар жасауға 28648.2 млн. теңге бюджет қаржысы қарастырылды.

Жиында жылу беру маусымына әзірлік, оны талапқа сай өткізу жайы баса айтылды. Облыста биылғы жаз айларында әлеуметтік және өндірістік нысандарды күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асты. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылу, су-кәріздік желілеріне жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Облыс бойынша бюджеттік мекемелер 54,3 мың тонна қатты отын және 11,7 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз етілді.

Жергілікті атқарушы билік органдары пайдаланылған қызметтер үшін қарыздарды қысқарту бойынша шараларға да белсене қатысуда. Соның нәтижесінде соңғы үш ай ішінде ғана заңды және жеке тұлғалардың берешектері бұрынғыдан 17,5 пайызға азайды. Тұрғын үйлерге салқын және ыстық су көрсеткіштері бойынша есептегіштер қондыру да күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінгі күні бұл жұмыстардың атқарылу деңгейі тиісінше 86,6 және 68 пайызды құрап отыр. Тұтынушыларды есептегіш құралдармен толық қамтуды аяқтау келесі жылдың еншісіне қалдырылуда. Уақыт көрсеткеніндей, аталған шаруада есеп жүргізу ісінің үнемділікке жеткізетіндігі, өзін-өзі толығымен ақтайтындығы байқалды.

Алқалы жиында биылғы жылы атқарылған істер ауқымында студент және оқушы жастардың еңбекке тартылуы ерекше атап көрсетілді. Сондай-ақ олардың оқуына қамқорлық жасау жайы да сөз етілді. Салыстырмалы түрде мынадай деректер келтірілді. Мәселен, 2006 жылы оқу орындарының 23 студенті 3 миллион теңгемен марапатталса, биыл сыйлықтар мен атаулы стипендиялардың, гранттардың иелері саны он есеге дейін артып, қаржыландыру мөлшері 35 млн. теңгеге жетті.  2010 жылы «Жастар – біздің болашағымыздың негізі» атты жастармен дәстүрлі кездесу барысында 6 жас ғалым ғылыми жетістіктері үшін әрқайсысы 300 мың теңге көлеміндегі сыйлықпен, жоғары оқу орындарының 40 студенті және орта арнаулы оқу орындарының 20 оқушысы 120 мың теңгеден атаулы стипендиямен атап өтілді.

Л. Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқып жатқан үздік ақтөбелік студенттерге 277 мыңнан 205 мың теңгеге дейін 10 грант және әрқайсысы 100 мың теңгеден 10 стипендия бөлу туралы шешім қабылданды. Аз қамтылған отбасыларынан шыққан, сондай-ақ жетім, мүгедек балаларға қамқорлықтар жасалды. Күндізгі оқу бөлімдерінде оқитын студенттер мен тәрбиеленушілерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру үшін 90 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасы 70 мыңдай студенттер мен оқушылардың басын біріктірді. Олардың бастамасын, игі істерін ата-аналары, мекемелер мен кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдары, жұмысшы жастар қолдады.

Аталған акцияны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қолдап, оған жоғары баға берді. Президент ақтөбелік жастардың бастамасын барлық аймақтарда кеңінен тарату жөнінде тиісті орындарға тапсырма берді.

Осындай жағымды жаңалықты атап көрсеткен облыс басшысы жиналғандарға келесі жылы да аталған мәселеге жоғары деңгейде көңіл бөліп, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясын өткізуге дайын болулары керектігін ескертті.

Президентіміз ауыл адамдарына жасалып отырған жүйелі мемлекеттік қолдау, аграрлық секторға ілгері қатардағы озық технологияларды жеделдетіп енгізу өз деңгейінде күткен қайтарымын бергендігін атап өткен болатын. Соның нәтижесінде республика бойынша биылғы тосын қуаңшылыққа қарамастан 13,7 миллион тонна астық жиналғандығы атап өтілді. Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарға 1,5млрд. теңге мөлшерінде субсидия бөлінді. Несиелер, тұқым үшін алған қарыздар және лизингтік төлемдер бойынша өтеу мерзімі ұзартылды. Бұндай шаралардың игіліктерін ақтөбеліктер де көре бастады.

Астық науқанындағы жоғары аталған қиындықтар Ақтөбе өңірінде де орын алды. Көптеген егіс алқаптары өнім бермеді. Соған қарамастан, жұртшылықты астық өнімдерімен қамтамасыз ету шаралары алынды.

Биыл аудандарда алдағы мал қыстату науқанына әзірлік жайы ерекше қарқынмен жүргізілді. Облыс басшысы бұл маңызды мәселе тізгінін өз қолына алып, нақты шаралар қабылдау нәтижесінде мал азығы мол мөлшерде дайындалды. Бұл ретте екпінді айлық жариялануы, ынталандыру жүйелері жүзеге асуы ерекше рөл атқарды. Қазір ауылдардағы бүкіл аулалар шөппен, сондай-ақ белгілі бір мөлшерде жеммен қамтамасыз етілді.

Облыс басшысы ауыл адамдарының қазір өз шаруаларын жүргізуге ұқыпты қарай бастағанын айта келіп, Ойыл ауданында іссапарда болған кезінде көрген Аман Сапарғалиевтің тыныс-тіршілігінен мысал келтірді. Мәселен, Сарбие ауылында тұратын осы қарапайым шаруа адамының жеке бағымында қазір жиырма ірі қара, алпыс қой бар екен. Осы малға қысқа қажетті жемшөпті ол өзі дайындап алған. Отбасы тірлігін осындай ауқымдағы жұмыс көлемімен реттеп отырған Сапарғалиевтар сыртқа қол жаймайды. Қысқаша айтқанда, барды базарлап, үйлестіріп отыр. «Міне, осындай адамдар біздің үлгіміз болуы тиіс» деп атап көрсетті әкім.

Жиында экономикалық-әлеуметтік мәселелермен қатар, өміріміздің басқа да түйінді жайлары қарастырылды.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Мақсат Мырзақұлов, облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Қайрат Нұрғалиевтер өңірдегі құқық қорғау жұмыстары, тәртіпбұзушылықтың алдын алу бағыттарындағы шаралар туралы мәлімдеді.

Елеусін Сағындықов жиын үстінде облыста жастар арасындағы тәртіпбұзушылық ахуалы алаңдаушылық жағдайда екенін атап өтіп, тиісті органдар басшыларына жоғары талап қойды.

Сондай-ақ облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Марат Балмұханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаевтар өз салалары бойынша қысқаша есеп берді.

Жақында республика аймақтарының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қатысты рейтинг нәтижелері жарияланды. Бұл бағалау барысында Ақтөбе бірінші орынды иеленді.

«Бұған біздің тоқмейілсуге қақымыз жоқ, — деп атап көрсетті Елеусін Сағындықов жиын барысында, — өйткені, атқарылатын шаруалар алда да аз емес. Рас, Ақтөбе аймағы – инвестициялық тартымдылығымен ерекшеленеді. Сол мүмкіндіктерді пайдалануға бәріміз бірге жұмылып, жұмыс істеуіміз керек».

Облыс әкімі жиын қорытындысында Еліміз тәуелсіздігінің алда келе жатқан 20 жылдығын лайықты табыстармен атап өту – әркімнің де азаматтық парызы екендігін атап көрсетіп, жұртшылықты біріге еңбек етуге шақырды. Осы орайда Елбасының «Әрбір қазақстандық еліміздің жетістіктеріне өзінің қатыстылығын сезінуге тиіс. Өңірлерде аталған елеулі шараларды өткізуге тұрғындарды кеңінен тартуды қамтамасыз ету қажет» деген сөзі бағдарлама ретінде ұсынылды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Елдегі үдемелі-иновациялық жобалардың жүзеге асырылғандары айтылмай,тоғыз ай өткенде нақты тапсырмалар берілуімен аяқталғаны қалай?Еңбек адамдарының әруақыттада үлгеретінін білгені жөн болды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button